Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Ақорда сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
– Жалпы, осындай қысқа мерзім ішінде көп жұмыс істелді, біраз тәжірибе жинақталды. Бүгінде Қаржылық мониторинг агенттігі еліміздің экономикалық және ұлттық қауіпсіздік жүйесінде маңызды рөл атқаратын дербес құрылымға айналды. Мұны табанды еңбек пен адал қызметтің нәтижесі деуге болады. Агенттік қызметкерлеріне ризашылығымды білдіремін. Бірақ босаңсуға болмайды. Себебі алдымызда биік мақсаттар мен ауқымды жұмыс бар. Әсіресе, қазір өте қарқынды дамып жатқан цифрлық технология мен жасанды интеллект дәуірінде жұмысқа түбегейлі жаңа көзқараспен қарау міндеті тұр. Бұл мәселе туралы «Turkistan» газетіне берген сұхбатымда және Ұлттық құрылтай отырысында анық айттым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент құқық қорғау мекемелері, соның ішінде Қаржылық мониторинг агенттігі технологиялық тұрғыдан артта қалып қойса, ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіруі мүмкін деп санайды.
– Цифрлық тәсілдерді және жасанды интеллект жүйесін Агенттік қызметіне жаппай енгізу – кезек күттірмейтін аса маңызды міндет. Онсыз тиімді жұмыс болмайтыны анық. Қазір күштік құрылымдар мен қылмыс әлемінің арасындағы күрес технологиялық тұрғыдан мүлде басқа сипатқа ие болды. Қарақшылар, яғни қылмыскерлер жасанды интеллектіні белсенді пайдаланатын болды. Оны сіздер жақсы білесіздер. Құқық қорғау мекемелері, соның ішінде Қаржылық мониторинг агенттігі технологиялық тұрғыдан артта қалып қойса, бұл жағдай ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіруі мүмкін. Заман талабына сай озық болу үшін, ең алдымен, дұрыс шешім қабылдап, тиімді әрекет етуіміз керек. Құқық қорғау органдары тиянақты, белсенді жұмыс істеп, озық цифрлық шешімдер арқылы елдегі өзгерістердің жедел және сапалы іске асуына септігін тигізуі мүмкін. Бұл ауқымды экономикалық жаңғыру жолына бет бұрған Қазақстан үшін өте маңызды қадам болмақ, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет қаржысын жымқыратын алаяқтармен күрестің маңыздылығына тоқталды.
– Біз елімізді дамытуға арналған қаражатты тиімді жұмсаудың амалын іздеп қиналамыз. Бірақ соған қарамастан әлеуметтік салаға бөлінген триллиондаған теңге қаржыны жымқыратын алаяқтар бар, тіпті, аз емес деп айтуға болады. Бұл – мүлде ақылға сыймайтын жағдай. Мұндай кеселді түп-тамырымен жою керек. Қаржыны криптовалютаға айналдырып, шетелге шығару жағдайлары да азаймай тұр, ондай заңсыздыққа тосқауыл қою қажет. Мұндай теріс ахуал экономикаға орасан зор зардабын тигізуде. Түптеп келгенде, көлеңкелі экономикамен үзілді-кесілді күресу керек. Бұл да – өте өзекті, аса маңызды міндет. Қаржылық мониторинг қызметінің алдында тұрған міндет белгілі: бұл – мемлекет қаржысының тек қана ел игілігіне жұмсалуын қадағалау. Осы маңызды міндеттің сапалы іске асуы сіздердің қызметтеріңізге тікелей байланысты, – деді Мемлекет басшысы.

Президент мемлекет Агенттік қызметкерлерінің тиімді әрі алаңсыз жұмыс істеуі үшін қажетті жағдай жасап жатқанын атап өтті.
– Кадрлық құрам ұлғайып, нығая түсті, материалдық-техникалық қор жақсарды. Жалақы көтерілді, баспана берілді, жалпы, көптеген әлеуметтік мәселе шешімін тапты. Керек болса, Агенттік жүйесіне үш генерал шенін қосуға болады деп ойлаймын. Бұл шешім облыстарда жұмыс істеп жүрген нағыз үздік қызметкерлердің мәртебесін көтеруге мүмкіндік береді. Енді тек білек сыбана жұмыс істеу керек. Әрине, нақты жетістіктер де бар. Халықаралық ынтымақтастық нығайып келеді. Еліміз Financial Action Task Force ұйымының тексерісінен сәтті өтті. Қазақстан 2023 жылдан бері «Эгмонт» тобының қаржылық барлау бірлестігінде Еуразия аймағының мүддесін қорғайды. 20 ірі криптобиржамен сындарлы серіктестік орнатылды. Елімізде блокчейн-талдаумен айналысатын «Криптон» арнайы құрылымдық бөлімшесі ашылды. Бұл – Орталық Азия елдерінде құрылған осындай алғашқы бөлімше. Былтыр қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыратын 200-ге жуық жалған компания әшкереленді. Олардың заңсыз айналымдағы қаражаты 500 миллиард теңгеден асады. Сексеннен астам қылмыстық топ құрықталды. 100-ден астам қаржы пирамидасы жойылды. Мұның бәрі еліміздің экономикалық қауіпсіздігін нығайта түскені сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ЖИ мүмкіндігін пайдаланып, талдау-сараптау жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
– Мен жақында «Құқық бұзушылық профилактикасы» туралы Заңға қол қойдым. Бұл заңға сәйкес Агенттік алғаш рет экономикалық қылмыстың алдын алумен айналысатын толыққанды құрылым ретінде көрсетілді. Осыған орай, қылмыстың алдын алуға қажетті жаңа әрі тиімді шаралар қажет. Көп жағдайда келтірілген залалды өтеу мәселесі оң шешімін таппай жатады. Сол себепті, қылмыстың салдарын емес, себебін анықтап, онымен күресу маңыздырақ. 2023 жылы шығын көлемі 325 миллиард теңгеге бағаланды. Оның 53 миллиард теңгесі немесе шамамен 16,5 пайызы қайтарылды; 2024 жылы шығын көлемі 4,4 триллион теңгеге бағаланды. Оның 236 миллиард теңгесі немесе 5,5 пайызы қайтарылды; 2025 жылы шығын көлемі 135 миллиард теңгені құраған, яғни айтарлықтай азайған. Оның 20 миллиард теңгесі немесе 15 пайызға жуығы қайтарылған. Алдын алу шаралары шын мәнінде тиімді болу үшін цифрлық талдау тәсілдерін барынша дамытқан абзал. Агенттікке тиесілі ақпараттық жүйе ауқымды деректерді талдауға мүмкіндік береді. Сол арқылы бюджет қаржысын үнемдеуге болады. Осы ақпараттық жүйенің аясын кеңейте түсу қажет, – деді Президент.


Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, алдымен әлеуметтік салада қалыптасқан қаржылық жағдайды ретке келтіру керек.
– Әсіресе, білім беру, денсаулық сақтау сияқты ұлт болашағына әсер ететін, үнемі халқымыздың назарында болатын маңызды салаларға баса мән берілуге тиіс. Осыған дейін де айтып өттім, жалпы әлеуметтік салада заң бұзушылықтар аз емес. Қаржы операцияларына мониторинг жүргізу кезінде нақты нәтижеге қол жеткізу үшін заманауи тәсілдерді ұтымды пайдалану қажет. Басты мақсат – бәрін жаппай тексеру емес, ел экономикасына қауіп төндіретін сын-қатерлерді дер кезінде анықтап, тиісті шаралар қабылдау. «Шаш ал десе, бас алып», шектен шығуға болмайды. Қайталап айтамын: Агенттік қызметкерлерінің міндеті – қаржы ұйымдарын жаппай тексеру емес, керісінше экономикаға төнген қауіптің бетін қайтарып, тойтарыс беру үшін уақтылы шара қабылдау. Бұл ретте цифрлық жұмыс тәсілдері ауадай қажет. Бірақ жасанды интеллектіге ғана емес, өз ақыл-ойларыңызға да сенген артық етпейді. Адамдар ЖИ-ге арқа сүйей бастағанын, тіпті баяндамаларын да өздері жазбай, оны Grok пен ChatGPT-ге тапсыратынын байқаймын. Яғни адамдар дұрыс оқуды, тиісті білім алуды емес, интеллектіні түрлі нұсқада қалай пайдалануды үйренуде. Мұның салдары ауыр болады. Қаржылық барлау қызметкерлерінен нағыз жауапкершілік пен жасампаздық тұрғысынан қарайтын отаншылдықты талап етемін. Мұндай қасиетке ие адамдар жемқорлықтан, ашкөздіктен, сауатсыздықтан ада болуға тиіс. Сауатсыз, әсіресе ашкөз, көрсеқызар, жемқорлыққа бейім адам ешқашан патриот бола алмайды. Әрине, ол өзін патриот санауы, алаулатып, жалаулатып сөйлеуі мүмкін. Алайда ол патриот емес және оны бәрі біледі. Сондықтан бұл арада отаншылдықты дұрыс түсіне білгеніміз абзал. Мен бұл жөнінде Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысында айттым. Қазіргі уақытта жаңа Конституцияның мазмұнын қарап жатырмыз. Біз осы өзгерістер аясында патриотизм туралы ұғымды нақтылап, жауапкершілікке әрі жасампаздыққа құрылған отаншылдықты айқындай аламыз деп ойлаймын. Нағыз патриот барлық жерде, ол Қаржылық мониторинг агенттігі немесе мемлекеттік меншіктегі кәсіпорын болсын, жеке кәсіпкерлік нысаны, университет, мектеп болсын, адал еңбек етуге тиіс. Әркім өз жұмысын жақсы атқарса, оны патриот деп санаймыз. Жалпы, тексеру шаралары мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелеріне қатысты жұмысқа кесірін тигізбеуі керек. Бюджет қаражатын уақтылы игеруге де кедергі келтірмеуі қажет. Ақпараттық, коммерциялық қауіпсіздікті және жеке деректерді қорғау мәселесін назарда ұстаған жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Агенттіктің кәсіпкерлермен жұмыс тәсілін қайта қарауға шақырды.
– Бизнестің дамуын тежейтін кедергілерді жою керек. Бұл бағытта біраз жылдан бері жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Бірақ «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасынан, жекелеген бизнес өкілдерінен әлі де арыз-шағым түсіп жатыр. Барлық құқық қорғау органы бизнеске заңсыз кедергі келтіру мемлекет мүддесіне қарсы ауыр қылмыспен парапар екенін түсінуге тиіс. Бұл, ең алдымен, Қаржылық мониторинг агенттігіне қатысты. Маған аймақтарда қара басының қамы үшін заңды бизнесті тоқтату тәжірибесі әлі де бар деген шағымдар келіп түсіп жатыр. Ескертемін: егер әлгіндей мәліметтер расталса, заңға сәйкес жауапқа тартып, келтірілген шығынды өндіріп алу үшін қатаң шаралар қабылданады. Былтыр Агенттік тергеу жүргізген қылмыстық істердің 40 пайызы, яғни мыңнан астамы негізсіз деп тоқтатылған. Мысалы, 2025 жылы Агенттік 2710 іс қозғаған, оның 1061-інде күдіктілер ақталып, іс тоқтатылған. Бұл жай ғана көрсеткіш емес. Осындай істердің салдарынан кәсіпкерлер шығынға ұшырайды, олардың іскерлік беделіне нұқсан келеді, еңбек ұжымдарының берекесі қашады. Мұның бәрі бизнестің дамуын тежейді, елдегі инвестициялық ахуалға зардабын тигізеді. Сондықтан кәсіпкерлермен қарым-қатынас орнату тәсілдерін қайта қараған жөн. Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай, ақылға қонымды тепе-теңдікті сақтай білу қажет. Кәсіпкер қаржы заңнамасын бұзған жағдайда оның шаруашылық қызметін бірден тоқтатып тастауға болмайды. Шектеу шараларын құқық бұзушылықтың деңгейіне сәйкес ерекше жағдайларда ғана қолдану керек. Кәсіпкерлер де заң талаптарын қатаң сақтауға міндетті. Мемлекеттің оң көзқарасы мен қорғауын пайдаланып, салықтан жалтаруға, алаяқтық схемалар жасауға болмайды. Алаяқтыққа мүлдем жол бермейміз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев көлеңкелі экономикамен күресті жандандыру мәселесіне назар аударды.
– Жаңа салық саясаты күшіне енгелі бері нақты айналымды жасыру үшін қолма-қол төлем көлемінің артқаны туралы мәліметтер келіп түсті. Бөлшек саудамен айналысатын саудагерлер тауардың ақысын қолма-қол ақшамен немесе аударым арқылы төлегеніне қарай салық сомасын шегеріп, екі түрлі баға айта бастады. Бұған, әрине, көз жұма қарауға болмайды. Өйткені мұндай әрекеттер мемлекеттің салықты әкімшілендіру тетіктерін жетілдіру бағытындағы еңбегін зая кетіреді. Кірісті жылыстату және капиталды астыртын криптоперациялар арқылы заңсыз шығару проблемаға айналды. Бүгінге дейін 62 миллиард теңгеден астам қаржы айналымы бар 130 заңсыз криптоалмасу қызметі жойылды. Осы істердің аясында 2,6 миллиард теңгенің мүлкіне тыйым салынды. Бұдан бөлек, әлеуметтік желілерде ақшаны криптоға айырбастау жарнамасы тыйылмай тұр. Демек, мәселе түбегейлі шешімін таппаған. Халықаралық ұйымдардың бағалауынша, еліміз сыртқа шығарылған капиталдың көлемі жағынан «көш бастап тұрған мемлекеттердің» бірі. Ал осындай қылмыс үшін сотталғандар жоққа тән. Капиталдың заңсыз сыртқа кетуі экономикалық қауіпсіздігімізге тікелей қатер төндіреді. Агенттік аталған мәселелер бойынша нақты ұсыныс енгізсін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимылдың жаңа тәсілдерін ойластыру қажет екенін айтты.
– Агенттік қаржы пирамидаларымен белсенді күрес жүргізіп жатыр. Тек былтырдың өзінде 140-тан астам қылмыстық іс тергеліп, жарты миллионнан аса адамның қаржысын тартпақшы болған 15 мың сайт пен 123 чат жабылды. Алайда қабылданып жатқан шаралар да, түсіндіру жұмыстары да жағдайды түбегейлі өзгерте алмай тұр. Әйтсе де оң үрдіс бар. Неге? Өйткені алаяқтар пирамиданы түрлі қаржы құралдары сияқты ұсынады. Ал азаматтар олардың арбауына түсіп, бар тапқан-таянғанынан айырылып қалып жатыр. Сондықтан қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимылдың тиімді шараларын әзірлеп, проблеманың түп тамырын анықтаған жөн. Өз әрекетінің заңсыз екенін біле тұра, адамдарды түрлі алаяқтық схемаларға тартатын пирамида қатысушыларына құқықтық жауапкершілік енгізу мәселесін қарастыру қажет. Мұндай алаяқтарды немесе қымсынбай қылмысқа баратын жандарды түрмеге қамап, қылмыстық жазаға тарту керек. Егер Қаржылық мониторинг агенттігі, Үкімет осындай түзетулерді ұсынса, мен қолдаймын. Мәселені қарастырыңыздар. Осы тектес батыл шешімдер қабылдамасақ, ахуалдың оңала қоюы екіталай. «Баяғы жартас – сол жартас» күйінде қала береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент есірткі бизнесімен күресті күшейтуді талап етті.
– Өкінішке қарай, қазір есірткі саудасынан түскен табысты тексеру жұмысының тиімділігі төмен. Қылмыскерлердің заңсыз жолмен тапқан жеке мүлкімен қатар, басқа адамдардың атына рәсімдеген мүлкі де мемлекетке қайтарылуға тиіс. Қысқасы, қылмыстық жолмен иемденген мүліктің бәрін тәркілеу мәселесін мұқият пысықтаған жөн. Заңды тұлғалардың күмәнді табыстарды заңдастыруына қатысты жазаны күшейту керек. Бұл қадам халықаралық стандарттарға толық сай келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігіне Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен, сондай-ақ Ұлттық банкпен бірге коммерциялық банктердің заңсыз, күмәнді операцияларына бақылауды күшейту міндетін жүктеді.
– Жақында төраға Элиманов қазақстандық банктердің бірі арқылы былтыр көршілес елден басқа мемлекеттерге 7 триллион теңгеден астам қаржы «жөнелтілгені» туралы баяндады. Менің ойымша, бұл заңға, экономикаға, тіпті саясатқа қайшы келетін ерсі жағдай. Өкінішке қарай, мұндай алаяқтық қаржы схемаларына қатысты фактілер азаймай тұр. Осыған дейін айтқанымдай, бұл кесел әлеуметтік саланы да жайлады. Мемлекет қаржысын жымқырушылардың заңды белден басқан қомағай әрекеті еш ақылға сыймайды, – деді Президент.

Мемлекет басшысы сөз соңында Агенттік алдында көптеген күрделі әрі маңызды міндет тұрғанын атап өтті.
– Сіздерге жүктелетін жауапкершілік – өте жоғары. Агенттік Бас прокуратурамен, Ұлттық қауіпсіздік қызметімен, Ішкі істер министрлігі секілді басқа да құқық қорғау органдарымен үйлесімді әрекет етуі керек. Олар да Қаржылық мониторинг агенттігіне қолдау көрсетуге тиіс. Құзыреттік міндеттердің қайталануы, жөн-жосықсыз бәсеке, бақталастық мемлекет мүддесіне зардабын тигізеді. Әлемде стратегиялық белгісіздік белең алған қазіргідей жағдайда бұл өте қауіпті. Дұшпандарымыздың ұлттық мүддемізге зиян келтіруіне жол беруге болмайды. Үнемі айтамын: «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат». Мұны баршамыз, Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері әрдайым есте ұстауы керек. Әр қызметкер, ең алдымен, адал азамат және мықты маман болуға тиіс. Ар тазалығын сақтау, Отан алдындағы антқа берік болу – парыз. «Заң мен тәртіп» қағидаты – көпшілікке қарата айтылған ұран емес, бұл – әрбір мемлекеттік қызметшінің, әрбір адамның өзінен басталуға тиіс саналы қадам. Біз Әділетті, Қауіпсіз, Күшті, Таза әрі Озық Қазақстанды құрып жатырмыз. Ауқымды өзгерістердің келесі – шешуші кезеңіне қадам бастық. Конституциялық реформаны қолға алдық, бүгінде Комиссия белсенді түрде жұмыс істеп жатыр. Барлық ұсыныс мұқият сарапталады, түзетулердің жобасы әзірленеді. Халық бұл жобамен танысып, референдумда түбегейлі шешім қабылдайды. Осылайша, елімізде жаңа қоғамдық-саяси жүйе қалыптасады. Ел ішіндегі тұрақтылықты сақтауға, инвестициялық ахуалды жақсартуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған жұмыс тың қарқынмен жалғасады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиында Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов ведомствоның атқарған жұмыстары мен алдағы жоспары жөнінде баяндама жасады.
****
Президент қызметтік борышын үлгілі атқарғаны үшін Қаржылық мониторинг агенттігінің бір топ қызметкерін мемлекеттік наградамен марапаттады.






