"Балада суицидтік ой болған кезде ол өзін қажетсіз сезінеді" - Балалар психологы - kaz.caravan.kz
  • $ 498.09
  • 577.34
+4 °C
Алматы
2026 Жыл
4 Наурыз
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Балада суицидтік ой болған кезде ол өзін қажетсіз сезінеді" - Балалар психологы

"Балада суицидтік ой болған кезде ол өзін қажетсіз сезінеді" - Балалар психологы

Балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу үшін не істеу керек? Балаларға күйзелісті жеңуді қалай үйретуге болады?

  • 4 Наурыз
  • 37
Айдана Сағынбектің жеке мұрағатынан

Осы және өзге де сұрақтарға балалар психологы Айдана Сағынбек жауап береді.

Қазіргі таңда балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтік мінез-құлықтың негізгі себептері қандай?

— Мәселенің бір ғана себебі болмайды. Негізгі фактор – эмоционалдық жалғыздық, ата-анамен сенімді байланыстың әлсіздігі. Яғни, ата-ана баламен сөйлеспейді, хал жағдайын білмейді. Баланың қандай сезімде жүргенін білмейді, баламен коммуникация жоқ. Баланың өзіне деген сенімділігінің төмендігі. Сонымен қатар, өзін басқадан кем санауы мүмкін. «Мен керек емеспін» деген ойлар да әсер етуі мүмкін. Кейбір балалар сезімін сөзбен жеткізе алмайды, сондықтан олар ішкі күйін әрекет арқылы білдіреді. Суицид көбінесе өлімді қалау емес, ауыр психологиялық күйден қашудың амалы енді көрінеді.

Қай жас аралығындағы балалар суицидке бейім қауіп тобына жиі кіреді?

— Көбіне суицидке бейім қауіп тобына 11-17 жас аралығын жатқызуға болады. Бұл жасөспірім кезең. Бұл кезде бала тұлға болып қалыптасады, өзін басқамен салыстыру пайда болады. Осы уақытқа дейін ата-анасын авторитет көріп, олардың пікірі маңызды болса, жасөспірім кезеңде бала отбасынан бөлініп, ата-ананың авторитеті төмендейді. Яғни, өзінің денесіне, келбетіне көңілі толмайды. Бірақ соңғы жылдары 9-10 жас аралығындағы балалардың да суицидтік ойлардың байқалуы алаңдатады. Бұл жасөспірімдер арасында ғана емес, кішкентай балаларда да байқалады.

Суицидтік ой мен жай ғана жасөспірімдік эмоциялық күйзелісті қалай ажыратуға болады?

— Эмоциялық күйзеліс ол уақытша жағдай. Бала жылауы мүмкін, ренжуі мүмкін. Бірақ болашаққа деген үміті сақталады. Ал балада суицидтік ой болса, ол кезде бала өзін қажетсіз сезінеді, «Бәрі бітті, енді өмірдің мәні жоқ» деген ойларды айтады. Балада сондай ой қалыптасады. Бала деген тұйықталып, құшақтасу сияқты әрекеттер жасауы мүмкін. Одан кейін өлім туралы сурет салып немесе өлім туралы жиі айта бастайды. Бұл жердегі ең басты айырмашылық – суицидтегі ойда үміт жоғалады. Ондай кезде « уақытша нәрсе, өзі өтеді» деп күтіп отырмай, әрекет жасау керек.

Балаларға күйзелісті жеңуді қалай үйретуге болады?

— Ең алдымен балаға эмоциясын айтуға рұқсат беру керек. «Жылама, ұят болады. Сен жігітсің ғой» деген сөздерді айтып жатамыз. Оның орнына «сенің қиналғаныңды түсінемін, қандай жағдай болмаса да мен саған қолдау көрсетемін» деу керек. Яғни, ата-ана мен баланың арасында ең маңызды сенімді қарым-қатынас болу керек. Бала қандай жағдай болмасын ата-анасы өзін қандай күйде де қабылдайтынын білу керек.

Суицидттік жағдайларды болдырмау үшін немесе алдын алу үшін қоғам деңгейінде қандай өзгерістер қажет деп ойлайсыз?

— Біріншіден, балаларға психологиялық көмек оңай жету керек. Өйткені, қазір балалардың да, ата-аналардың арасында да психолог десе бірден шошынып, қорқып кетеді. «Мен псих емеспін, ақыл-есім дұрыс» деген сияқты. Психологке барудың ұят емес екенін және бұл жағдайдың қалыпты екенін балалар да, ата-аналар да түсінсе деймін. Екіншіден, мектептерде балаларға өз эмоциясын басқаруды, күйзелістен шығуды және өзін қорғауды үйретуді қажет деп ойлаймын. Қазір әлеуметтік желілерде суицидті қызықты нәрсе ретінде көрсетіп жатады. Соның орнына балаларға өмірдің құндылығын, өмірді қалай қадірлеу керектігін түсіндіретін жақсы пайдалы ақпарат болса деп ойлаймын.

— Сұхбатыңызға рақмет!