Заңға құрметтен азаматтық жауапкершілікке дейін: Замануи патриотизм қалай қалыптасып жатыр?  - kaz.caravan.kz
  • $ 491.68
  • 568.23
0 °C
Алматы
2026 Жыл
13 Наурыз
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Заңға құрметтен азаматтық жауапкершілікке дейін: Замануи патриотизм қалай қалыптасып жатыр? 

Заңға құрметтен азаматтық жауапкершілікке дейін: Замануи патриотизм қалай қалыптасып жатыр? 

Патриотизм мен азаматтық ұстанымды қалыптастыратын не? Ол қазір қалай көрініс табуда? 

  • 13 Наурыз
  • 47
Жасанды интеллект

15 наурызда халық ел тағдырында маңызды рөл атқаратын негізгі құжат бойынша шешім қабылдайды. Ата Заңның жаңа жобасы жалпыға қолжетімді болған сәттен бастап, қазақстандықтар белсенділік таныта бастады. Яғни, халық бірігіп жаңа өзгерістерді ой елегінен өткізіп,  жоба мәтінін түсінуге тырысып жатыр, әлеуметтік желі пікірталас алаңына айналды. Мұндай белсенділік патриотизмнің көрінісі ме, әлде қоғамдық пікір мен әлеуметтік желілердің ықпалы ма? Сарапшылардың айтуынша, бұл екі ұғымды бір-біріне қарсы қою дұрыс емес. Керісінше, қоғамдық талқылаулар арқылы азаматтық көзқарас қалыптасады. Осы ретте патриотизм қалай қалыптасып жатыр деген орынды сұрақ туындайды. Бұл тақырып төңірегінде Caravan.kz медиа порталының тілшісі саясаттанушы Борис Поломарчукпен сұхбаттасты. 

— Халықтың көпшілік бөлігі Конституция жобасын белсенді талқылап жатыр. Бұл патриотизмнің көрінісі ме, әлде қоғамның ықпалы ма?

— Мен бұл екі ұғымды бір-біріне қарсы қоймас едім. Шынайы өмірде патриотизм көбінесе қоғамдық пікірталастар арқылы қалыптасады. Патриотизм өздігінен пайда болмайды, адам әрқашан қоғаммен байланыста екенін ұмытпау керек. Адамдар елдің болашағын қай жерде талқыласа да: университетте, үйде, жұмыста немесе әлеуметтік желілерде — бұл азаматтық ұстанымның қалыптасуының шынайы процесі.

Еліміздің басты Заңын азаматтар белсенді талқылап жатыр, демек, саяси ұлт қалыптасып келеді деген сөз. Конституция — тек құқықтық құжат емес, ол қоғамның болашақта қалай өмір сүргісі келетінін айқындайтын қоғамдық келісім. Сондықтан азаматтардың бүгін өзгерістерді оқып, талқылап, сұрақ қойып, пікірталасқа түсуі — жақсы белгі. Яғни, Конституция тек заң оқулықтарындағы абстрактілі мәтін емес, қоғам үшін маңызды тақырыпқа айналғанын көрсетеді.

— Алдағы референдум жағдайында патриотизм мен азаматтық жауапкершіліктің рөлін қалай бағалайсыз?

— Референдум — демократияның бір түрі, мұнда халықтың пікірі тікелей сұралады. Мысалы, сайлауда азаматтар қоғам белсенділеріне, не депутаттарға өкілеттік береді, ал референдумда әр адам шешім қабылдау процесіне тікелей қатысады. Мұнда патриотизм азаматтық жауапкершілік арқылы көрінеді. Бұл тек дауыс беруге келумен шектелмейді, кейбірі тіпті учаскеге баруға қиналады. Ең маңыздысы — ұсынылған өзгерістерді түсінуге ұмтылу. Яғни, не өзгеріп жатыр, ол елдің ертеңіне қалай әсер етеді, қоғамның дамуына қандай ықпал жасайды деген сұрақтарға жауап іздеу. 

Азаматтар референдумға қатысуды жеке жауапкершілік ретінде қабылдаса, қоғамның белсенділігі де арта түседі. Ал сұрақ қойып, мән-жайды түсінуге тырысу — азаматтық сананың белгісі. 

— Референдум сынды саяси оқиғалар қоғамдағы бірлік пен ортақ жауапкершілік сезімін күшейте ала ма?

— Мұндай оқиғалар қоғамның барлық топтарын біріктіретін ортақ тақырыпқа айналады. Әдетте бір мәселені бір уақытта студенттер де, зейнеткерлер де, кәсіпкерлер де талқылай бермейді. Ал референдум осындай сирек кездесетін құбылыстардың бірі.

Үлкен буын үшін бұл — мемлекеттің даму кезеңдерін салыстырып, өз тәжірибесі арқылы баға беру мүмкіндігі. Ал жастар үшін саяси өмірге саналы түрде алғаш рет араласу мүмкіндігі. Осының нәтижесінде әр буын арасындағы пікір алмасу қалыптасады. Менің ойымша, биыл жастардың белсенділігі жоғары болады. 

— Қазір замануи патриотизм қалай қалыптасып жатыр? 

— Бұл өте маңызды әрі өзекті сұрақ. Қазіргі жастардың қандай екені бәріне қызық. Патриотизмді тек символикалық әрекеттермен шектеуге болмайды. Әрине, жиындарда сөз айту, әлеуметтік желідегі суретті өзгерту сынды әрекеттер де керек. Алайда қазіргі қоғам патриотизм ұғымына әлдеқайда терең мазмұн береді. 

Патриотизм ең алдымен елге деген жауапкершіліктен көрінеді. Бұл заңдар мен Мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау, қоғамдық өмірге белсенді қатысу, бар мәселелерді ашық айтып, талқылау, және шешім іздеуге дайын болу арқылы байқалады.

Сонымен қатар патриотизм — елде болып жатқан процестерді сыни тұрғыдан ой елегінен өткізе білу. Шынайы патриотизм әртүрлі пікірлердің болуына кедергі келтірмейді. Керісінше, дәл осындай ашық диалог арқылы қоғам дамиды. 

Тағы бір маңызды қыры — кәсіби жауапкершілік. Дәрігер өз жұмысын адал атқарса, мұғалім сапалы білім берсе, мемлекеттік қызметкер қоғам мүддесі үшін қызмет етсе — олардың әрқайсысы елдің дамуына үлесін қосады.

— Жастар арасындағы патриотизм мен азаматтық белсенділіктің деңгейін қалай бағалайсыз?

— Көп жыл студенттермен жұмыс істеп келе жатқан адам ретінде айтарым, барлық жастарға тән қасиеттер өзгермейді екен. Бұл — белсенділік, энергия және жаңа нәрсеге ұмтылу.

Ал дәл бүгінгі жастардың азаматтық белсенділігі жоғары екенін сеніммен айта аламын. Тек оның көріну формалары уақыт өткен сайын өзгеріп отырады. Мысалы бұрын белсенділік көбіне жиналыстарға қатысу, ұйымдарға мүше болу сияқты дәстүрлі түрде көрінетін. Ал қазір бұл белсенділіктің үлкен бөлігі цифрлық кеңістікке ауысты. Әлеуметтік желілер жастардың өз пікірін білдіретін, елдегі оқиғаларды талқылайтын негізгі алаңына айналды.

Бұл бұрынғымен салыстырғанда басқаша болса да, мәні бір. Қазіргі жастар қоғамдағы өзгерістерге тез жауап беруге, қолжетімді құралдарды пайдалана отырып пікірталастарға қатысуға, өткір пікір білдіруге дайын. Осылайша жастардың ел өміріндегі белсенділігі де артып келеді.