Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ведомство мәліметінше, қалалық мәслихат бекіткен қағидалар бойынша сыртқы ауаның орташа тәуліктік температурасы бес күн қатарынан +8°С және одан жоғары деңгейде тұрақты сақталған жағдайда Алматы қаласының жергілікті атқарушы органы жылыту маусымын аяқтау туралы шешім қабылдайды.
Жылу беру тоқтатылғаннан кейін тұтынушыларды жылумен жабдықтау жүйесінен ажырату мына кезекпен жүзеге асырылады:
1) Әкімшілік ғимараттар;
2) Тұрғын үйлер;
3) Әлеуметтік нысандар (балабақшалар, мектептер, ауруханалар).
-Тұтынушылардың ішкі жылу жүйелеріне қызмет көрсететін авариялық (сервистік) ұйымдар жүйені өз жауапкершілігі сәйкес ажыратуы тиіс. Егер мұндай қызмет көрсететін ұйымдар болмаған жағдайда, тұтынушылар өз бетінше ажырата алады немесе тиісті қызмет көрсететін ұйымды тартады. Жылыту жүйесін ажырату туралы акт «АлЖЖ» ЖШС-мен рәсімделеді, — делінген басқарма жауабында.
Сонымен қатар энергетика және сумен жабдықтау басқармасының мамандары 2025-2026 жылғы жылыту маусымы ойдағыдай өткенін, тек бірнеше техникалық ақау болғанын атап өтті.
-Осы жылыту маусымы кезеңінде II дәрежелі 4 технологиялық ақау тіркелді. Аталған жағдайлардың барлығы жедел түрде оқшауланып, қысқа мерзімде толық жойылды. Жылу желілеріндегі апаттардың негізгі себебі — құбырлардың коррозиялық тозуы, — деп түсіндірді ведомстводан.
Алдағы уақытта жылу беру тоқтатылған соң, бірден келесі жылыту маусымына дайындық жұмыстары басталмақ. Бұл жұмыстар Алматы қаласы әкімдігінің «Қалалық шаруашылықты 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындау туралы» өкіміне сәйкес жүзеге асырылады.
Жалпы биыл ұзындығы 39 км болатын 66 нысанда жылу желілерін реконструкциялау жоспарланып отыр. Жылу желілерін күзгі-қысқы кезеңге дайындау жұмыстары белгіленген мерзімде жүргізіледі. Бұл жұмыстарды іске асыруға қажетті қаражат бюджетте қарастырылған.