Елімізде кітап оқу мәдениеті қандай деңгейде? Жастар қанша кітап оқиды? Бұл туралы баспагер Бақытжан Бұқарбай Baitassov Live подкастында айтып берді. Ол еліміздегі оқуға деген қызығушылықтың төмендігі, жастардың кітап оқымайды деген стреотиптері туралы ойымен бөлісті. Caravan.kz медиа порталының тілшісі жалғастырады.
Оқу мәдениеті және психологиялық кедергілер
Қазақстанда кітап оқу деңгейі көңіл көншітпейді. Ақпарат пен білім деңгейі жоғары болса да, оқу әдеті әлі де жүйелі түрде қалыптаспаған. Оған себеп уақыт тапшылығы немесе қызығушылықтың жоқтығы емес. Сарапшының пікірінше, оқуға деген қызығушылық кітапқа қолжетімділікпен ғана емес, адамның ішкі дайындық және менталитетімен де байланысты.
«Адамға сырттан қанша еркіндік берсең де, ол адамның ішкі еркіндігіне сай қабылданады. Ішкі еркіндігі аз болса, ең құнды ақпарат та қабылданбайды», — дейді баспагер.
Сонымен қатар, ол қазіргі цифрлық ортаның жастардың ақпарат қабылдауына қалай әсер ететініне де тоқталып өтті. Студенттер телефон мен әлеуметтік желілердің әсерімен өскендіктен, ұзақ тарихи процестерді түсіндіру кезінде олар тақырыпқа терең бойламайды, сондықтан назарын тез жоғалтады.
Яғни, оқуға деген әдет кітаптың бар-жоғына байналысты емес. Тәуелсіз ойлау мен зейіннің дамуына да байланысты. Студенттік аудиторияны зерттеген маман жүйелі оқудың бала кезден қалыптасуының маңыздылығын атап өтті.
«Мен университ студенттерінен жылына кем дегенде 10 кітап оқитын адам бар ма деп сұрадым. Бір де бір студент қолын көтермеді. Тіпті 5 кітап туралы сұрағанда да ешкім үндемеді. Бір кітап? Нөл. Бұл мен өз көзіммен көрген шындық», — дейді Бақытжан Бұқарбай.
Өкінішке орай, оқу әдетінің қалыптаспағаны үлкен мәселе дейді сарапшы. Қазіргі жастар цифрлық ортаға бейімделген, олар қысқа форматтағы контентті ғана қабылдай алады.
Қазақстан неге кітап оқымайды?
Баспагер Қазақстандағы оқу мәдениетінің төмендігін бірнеше негізгі фактормен байланыстырады.
1. Жас аудитория және демография
Елдің көпшілігі — жас адамдар. Дегенмен, олардың арасында оқуға әдет қалыптаспаған, тарихи және мәдени білім шектеулі.
2. Цифрлық тәуелділік
Жастар ақпаратты көбінесе әлеуметтік желілерден, қысқа видеолар мен мемдерден алады. Ұзын мәтіндер қиын қабылданады, көңілі шашыраңқы болып, тез жалығады.
3. Жүйелі білім берудің жетіспеушілігі
Тіпті оқу орындарындағы студенттер негізгі тарихи фактілермен таныс емес.
4. Психологиялық кедергілер мен ішкі дайындықтың жоқтығы
Дайын ақпарат ішкі дайындықсыз қабылданбайды. Адамдар «дайын жауаптарды» күтеді, тәуелсіз ойлауды дамытпайды.
5. Мотивация мен қызығушылықтың жоқтығы
Көпшілік оқудың практикалық мәнін көрмейді. Тіпті тарихи құжаттар, заманауи зерттеушілердің мақалалары мен аналитикалық материалдар да кең аудитория назарынан тыс қалады.
Білім беру институттарының рөлі
Білім беру институттарының рөлі ерекше маңызды. Бақытжан Бұқарбай атап өткендей, оқу орындары тек білім беріп қана қоймай, оқуға деген әдетті қалыптастыруға да жауапты. Егер студенттер базалық деңгейде тарихи тұлғаларды немесе негізгі оқиғаларды білмесе, әрі қарайғы оқу мен қызығушылық проблемаға айналады. Тиімді оқу бағдарламалары ақпарат қабылдау формаларын ескеріп, тарихи-мәдени сауаттылықты дамытуға бағытталуы тиіс.
«Кітап мәдениеті — бұл миссия. Кітапхана, кітап, ағарту — бұл мықты қоғамның негізі. Егер біз білімсіздікке батып қалсақ, өзімізді іштен жоямыз. Бірақ білімді халық жеңілмейді», — деп түйіндеді ойын маман.
Ол оқырман мәдениетін өзгерту кешенді тәсілді талап ететінін атап өтті. Олар — кітаптарға қолжетімділік, сапалы білім беру, цифрлық сауаттылық және ақпаратты қабылдауға ішкі дайындықты қалыптастыру.