Айта кетейік, жантүршігерлік жол апаты 21 наурыз түнгі үш жарымда болған. Алматыдағы Әл-Фараби көшесінде Zeekr көлігі қатты жылдамдықпен келе жатып, қарсы жолаққа шығып кетіп Mercedes көлігіне соқтығысқан. Жол апатынан Mercedes көлігінің жүргізушісі мен 20 және 22 жастағы екі қыз қаза тапты. Ал Zeekr көлігінің жүргізушісі ауруханада.
Кәугерлердің айтынша, жүргізуші басқа да жарыстарға қатысқан болуы мүмкін. Қазіргі уақытта полиция бұл ақпаратты, соның ішінде жол полициясы қызметкерлерінің қатыстылығын да тексеруде.
Полиция мен министрлік реакциясы
Аталмыш трагедия қоғамдық резонанс тудырды. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов оқиғаны жеке бақылауына алды. Бірнеше полиция департаменті басшылары қызметінен босатылып, қызметтік тексеру тағайындалды.
Алматы қаласы полиция департаментінің басшысы Айдын Қабдұлдинов оқиғаның мән-жайын мереке күндерінен соң жариялады.
«Қазіргі таңда апат фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Жүргізуші ауруханада медициналық көмек алуда. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ол жеңіл дәрежеде мас күйде болған. Тергеу толық аяқталған соң, барлық құқық бұзушылықтар заң шеңберінде бағаланады».
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов та өзінің Facebook парақшасында пікір білдірді.
«Алматыда болған жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Бұған дейін хабарланғандай, факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті жүргізушіге сот санкциясымен қамауға алу бұлтартпау шарасы қолданылды. Ол заңның бүкіл қатаңдығымен жазаланады.
Менің тапсырмам бойынша Алматыға Өзіндік қауіпсіздік департаментінің, Әкімшілік полиция комитетінің және Жеке құраммен жұмыс жөніндегі департаментінің қызметкерлері жіберілді. Жан-жақты тексеру жүргізілуде. Сонымен қатар басқа да заң бұзушылықтардың болуы туралы уәждер бойынша қылмыстық істер қозғалды. Бірқатар басшылар атқарып отырған қызметтерінен босатылды.
Барлығына құқықтық баға берілетінін ерекше атап өтемін. Ешкім де жауапкершіліктен жалтара алмайды. Заң бәріне орта», — деді ол.
Қаза тапқандар мен туыстарының пікірі
Қаза тапқандардың бірі — Кұмар Тінілбаева. Оның ағасы Бекболат Тінілбаев Хабар арнасына апатқа байланысты сұхбат берді.
«Кінәлінің туыстары бір рет кешіріп сұрап келді. Ондай кезде не айтарыңды да білмейсің. Біздің отбасымызға келген қайғы өте ауыр. Кінәлі адам жазасыз қалмауы керек. Білетіндер оның осындай жарыстарға қатысып жүретінін айтуда. Бұл түнгі жарыстарды тоқтату керек. Менің әпкем қаза тапты, әлі күнге дейін оған сену қиын», — деді ол.
Қылмыстық іс және заңдық аспектілер
Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады, тергеу жүріп жатыр. Zeekr жүргізушісі қазіргі уақытта ауруханада емделуде, сол себепті тергеу әрекеттері әлі толық жүргізілмеген. Жүргізушіге қатысты сот санкциясы қолданылып, апат кезінде жеңіл дәрежеде ішімдік қабылдағаны анықталды.
Мемлекеттік нөмірлерді заңсыз беру және бір ПД қызметкерінің әрекетсіздігіне қатысты да қылмыстық іс қозғалды. Қытайлық автокөлік жүргізушісіне ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес үш адамның өлімі үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов мас күйде көлік жүргізу мен жылдамдықты арттыру үшін жазаны қатаңдату қажет деп санайды.
Қоғамдық резонанс және профилактика
Оқиға салдарынан мегаполисте түнгі жарыстарға қарсы күрес күшейтілді. Тек үш мереке күнінде рейдтер барысында шамамен 5 мың құқық бұзушылық тіркелді:
- Мас күйде көлік жүргізген 50-ден астам жүргізуші ұсталып, басқарудан алынды.
- 400-ге жуық адам құжатсыз көлік жүргізген.
- 100-ге жуық автокөлік айып тұрағына жеткізілді.
- 2 мыңнан астам жылдамдық шегінен асыру оқиғалары тіркелді.
Жол бойында тұратын тұрғындар түнде тыныштық бермейтін көліктердің дауысына шағымдануда. Алматының жедел басқару орталығында 180 мыңнан астам камера жұмыс істейді, жолдарды нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.
Алайда полиция барлық жарысқа қатысушыларды толық бақылауға ала алмай отыр. Сондықтан заңды қатаңдату, жүйелі құқық бұзушылардан жеңілдіктерді алып, айыппұлдарды толық төлеуге міндеттеу, жүргізуші куәлігін тәркілеу және қайта емтихан тапсыру қажеттілігі өзекті болып тұр.
Қоғамда қазір қатаң шаралар мен реформаларды енгізу сұрақтары талқыланып жатыр. Ал қаза тапқан қыздар екі аптадан кейін Түркияға баруды жоспарлаған екен. Белгілі адвокат Олег Чернов олардың туыстарына тегін көмек көрсетуді өз мойнына алды.