Ең үлкен жау - қар көшкіні: Мамырдың соңына дейін тауға шығуға болмайды!  - kaz.caravan.kz
  • $ 471.46
  • 555.38
+6 °C
Алматы
2026 Жыл
17 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ең үлкен жау - қар көшкіні: Мамырдың соңына дейін тауға шығуға болмайды! 

Ең үлкен жау - қар көшкіні: Мамырдың соңына дейін тауға шығуға болмайды! 

Алматы маңындағы тауларда неге көктемде сақ болу керек?

  • 17 Сәуiр
  • 82
Фото - Caravan.kz

Caravan.kz медиа порталының тілішісі маманның пікірін сұрады. 

Алматы тауларына ғашық адамдардың саны жыл сайын артпаса, кеміп жатқан жоқ. Таза ауа, табиғат аясында демалу, шыңға көтерілуге қызығушылық демалыстың танымал түріне айналды. Нәтижесінде туризм мен гид мамандарға да сұраныс артып барады. Десе де жыл он екі ай тауға шығуға болмайды. Әсіресе, көктем мезгілі ең қауіпті кезеңдердің бірі саналады.

Үлкен Алматы шыңына апарар жол

Қар көшкіні — көзге көрінбейтін қауіп

Тәжірибелі альпинистер мен гидтердің айтуынша, тауға шығатын адамдардың ең қауіпті жауы — қар және қар көшкіні. Қалың әрі тұрақсыз қар қабаты кез келген сәтте сырғып, көшкінге айналуы мүмкін.

«Биылғы қыс ерекше қарлы болды. Тауда жауған қар өте қалың. Кейбір таулы аймақтарға техника әлі күнге дейін жете алмай отыр. Сәуірдің 5-не дейін қар жару жұмыстары өтті. Қалада күн жылынғанымен, таудағы қар әлі еріген жоқ. Сондықтан күрделі емес бағыттардың өзі қазір қауіпті саналады. Мыңжылқыға дейін, Үлкен Алматы көлі маңдарына барудан бас тарту керек. Бұл туралы түрлі лекцияларда, оқу-жаттығуда жиі айтылады», — дейді Бесжан Төлеубеков. 

Мамырдың соңына дейін тауға шықпаңыз!

Құтқарушылар мен мамандар мамыр айының соңына дейін алысқа шықпауға, тәуекелге бармауға кеңес береді. Ауа райы қалада жылы әрі жайлы болғанымен, тауда жағдай мүлде басқа:

  • температура күрт төмендейді;
  • қар қабаты қалың;
  • көшкін қаупі жоғары деңгейде сақталады.

Осы себепті көптеген бағыттар ресми түрде жабылған.

Шымбұлақ маңында бақылау күшейтілген

Шымбұлақ маңында, асфальт жол аяқталатын тұста құтқарушылардың бекеті орнатылған, сәйкесінше бақылау күшейтілген. 112 ғимаратының алдында құтқарушылар кезекшілікте тұр, ал жол бойына техника қойылған. Осылайша сақтық шаралары өте қатаң орындалуда. Әрі қарай ешкімнің өтуіне рұқсат жоқ. 

«Тіпті мынау тауда қаза тапқандарға қойылған мемориалдың өзіне жол жабық. Ол жақын, асфальт аяқталған соң 1 шақырым жол ғана. Осы демалыста отбасымызбен бардық, бізді әрі қарай жібермеді. Құтқарушылар жақын бағыттың өзіне бармауға кеңес берді. Сондықтан Медеуден асфальт арқылы көтеріліп «Apa Katya» демалыс орнына дейін көтірілуге, Жұмбақ жол көпірімен серуендеп, тамақтанып қайтудың өзі керемет демалыс», — дейді Алматы тұрғыны Эльмира Ерментай. 

Танымалдық артты, қауіп те бірге өсуде

Тау туризмінің танымалдығы артқан сайын, гид қызметін ұсынатындар да көбейді. Әлеуметтік желілерде түрлі жарнамаларды жиі көруге болады:

  • ең қарапайым жорықтардың өзі 5000 теңгеден басталады;
  • маршрут күрделенген сайын баға да өседі.
Әлеуметтік желідегі гид қызметінің құны

Қарапайым бағыттардың өзі қауіпті

Алайда тәжірибесіне сенген кейбір адамдар қауіпсіздік ережелерін елемей, өздері ғана емес, өзгелерді де тәуекелге итермелейді. Көп жағдайда құтқарушылар күрделі емес маршруттарда қалған адамдарды құтқаруға мәжбүр:

  • біреуі аяғын жарақаттайды;
  • енді бірі қарда қалып қояды;
  • кейбірі бағыттан адасады.

Өкінішке қарай, қайғылы жағдайлар да кездеседі. Мәселен, жақында 19 жастағы студент қыз қар астында қалып, көз жұмды. Бұл жағдай да аса күрделі емес соқпақта болған.

Оқи отырыңыз: Титов асуындағы трагедия: Қауіпсіздік мәдениетін қалай қалыптастырамыз? Маманмен сұхбат

Қазір қар көшкіні қауіпті кезеңде қауіпсіз, жақын бағыттарды таңдауға болады. Мысалы:

  • Медеу
  • Горельник
  • Аюсай

Бұл жерлерде демалып, табиғат аясында уақыт өткізуге болады, бірақ алысқа, биікке шығудан әзірге бас тартқан жөн.

Таудағы ең үлкен қауіп — тәжірибенің жоқтығы емес, табиғаттың тосын мінезі. Қар көшкінін алдын ала болжау қиын, бірақ салдары ауыр құбылыс. Одан бөлек бұл уақытта кенелер пайда болады. Олар ағашы қалың, шөбі биік, ылғалды жерлерде кездеседі. Бұл қауіпті де ескерген жөн. Себебі кенелердің адам үшін қауіпті түрлері көп, сондықтан толық жылығанша олардан сақтану міндетті. 

«Мамырдың соңына дейін тауға шықпай, қауіпсіздікті бірінші орынға қойыңыз», — деп кеңес береді мамандар.