Қытай «оқитын қоғам» құруға мықтап кірісті. Қазақстанға бұл тәжірибе үлгі бола алады ма? - kaz.caravan.kz
  • $ 465.01
  • 543.55
+26 °C
Алматы
2026 Жыл
6 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қытай «оқитын қоғам» құруға мықтап кірісті. Қазақстанға бұл тәжірибе үлгі бола алады ма?

Қытай «оқитын қоғам» құруға мықтап кірісті. Қазақстанға бұл тәжірибе үлгі бола алады ма?

Артық білім кітапта, ерінбе оқып көруге.

  • 6 Мамыр
  • 111
Фото - Caravan.kz

Жаңа мемлекеттік саясаттың мәнін Caravan.kz медиа порталының тілшісі толық түсіндіріп көрсін. 

Қытай билігі халықтың кітап оқымайтынына алаңдаулы. Қоғамда кітап оқу деңгейі төмендеп кеткен екен. Халық жүрген жерінде кітап оқудан көрі, автобуста да, метрода да, тіпті қоғамдық орындарда смартфонаға телміріп, әлеуметтік желілерді ақтарады немесе қысқа форматтағы цифрлық контент көргенге әуес. 

Сондықтан билік мәселені жүйелі түрде шешуге кірісті. Мемлекеттік кеңес «Жалпы халықтық кітап оқуды дамыту туралы ережелер» құжатын бекітті. Ол ақпан айында күшіне енді. Сәуір айында ел тарихындағы тұңғыш ұлттық оқу апталығы өтті. Аталған құжат елде кітап оқу мәдениетін жүйелі түрде дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді мемлекеттік саясаттың бір бөлігі болып табылады.

«Адам тамақсыз да, ұйқысыз да бір күн өмір сүре алады, бірақ кітап оқымай өмір сүре алмайды» деп Си Цзиньпин Мао Цзэдунның сөзін мысалыға алып, көпшілікке кітаптың құндылығы туралы ойын жеткізген.

Ресми деректерге сәйкес, Қытайда ересек адам жылына орта есеппен бес кітаптан аз оқиды екен. Осы төмен көрсеткіш мемлекет деңгейінде кешенді шаралар қабылдауға негіз болды.

Шанхайдағы x+living фирмасының Chongqing Zhongshuge кітап дүкені

«Оқитын қоғам» ұғымының мазмұны

Қытайда қолданылатын «шусян шэхуэй» ұғымы «кітап рухы қалыптасқан қоғам» деген мағынаны білдіреді. Бұл ұғымның мағынасы оқырман санын арттыру ғана емес, кітап оқу әдетін әлеуметтік нормаға айналуды көздейді.

Құжатта көрсетілген негізгі міндеттер:

  • халықтың ғылыми және мәдени сауаттылығын арттыру;
  • қоғамның рухани-идеялық негіздерін нығайту;
  • кітап оқуға тұрақты қызығушылық қалыптастыру.

Осылайша, кітап оқу жеке мәдени әдет ретінде ғана емес, қоғамдық даму факторы ретінде қарастырылады.

Тарихи алғышарттар

Қытайдың қазіргі қолданып отырған саясатының тарихи астары бар. 1949 жылы Қытай Халық Республикасы құрылған кезде ел халқының 20 пайызы ғана сауатты болған. Кейінгі онжылдықтарда жүргізілген білім беру реформалары нәтижесінде 1982 жылға қарай бұл көрсеткіш 62 пайызға жеткен. Ал қазір елдегі сауаттылық деңгейі 100 пайыз қалыптасты. Демек бүгінгі саясат сауаттылықты арттыруды емес, оқырман мәдениетін дамытуға бағытталған.

Қазіргі көрсеткіштер және инфрақұрылым

Қытай баспа және баспасөз саласын зерттеу академиясының мәліметтеріне сәйкес, елде ересек тұрғындардың 82,1 пайызы белгілі бір деңгейде кітап оқуға қатысады. Орта есеппен бір адам:

  • жылына 4,8 қағаз кітап;
  • 3,5 электронды кітап оқиды.

Елде:

  • 580-нен астам баспа ұйымы;
  • 3200-ге жуық қоғамдық кітапхана;
  • 100 мыңнан астам кітап дүкені жұмыс істейді.

Ірі қалаларда кітап оқуға қатысты мәдени іс-шаралар жүйелі түрде өткізіледі. Тек Пекин қаласының өзінде жыл сайын 30 мыңнан астам әдеби-мәдени іс-шара ұйымдастырылады.

Бағдарламаны енгізу қажеттілігі

Статистикаға қарасақ, елде жоғары көрсеткіш тіркелген. Алайда соңғы жылдары кітап нарығы кері кетіп барады. Оған себеп — цифрлық медиа тұтынудың күшеюі. Яғни, халықтың едәуір бөлігі әлеуметтік желілер мен қысқа видеоплатформаларға көбірек уақыт бөле бастаған. Салдары дәстүрлі кітап оқу мәдениетіне тікелей әсер етіп отыр.

Аналитикалық деректерге сәйкес, 2025 жылы Қытайдың кітап нарығында төмендеу тіркелген. Екінші тоқсанда сатылым көлемі 10 пайызға азайып, жаңа басылымдар саны да қысқарған.

Мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары

Жаңа ережелер бағдарламалық сипатқа ие және оны жүзеге асыру жергілікті билік органдарына жүктеледі. Негізгі бағыттар мыналарды қамтиды:

Инфрақұрылымды дамыту. Билік жергілікті шенеуніктерге қоғамдық оқу залдарын салуды және кітапхана желісін дамытуды міндеттеді. Кітап адамның күнделікті өмір кеңістігінде қолжетімді болуы тиіс.

Оқу мәдениетін насихаттау. Мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары кітап оқудың маңыздылығын жеткізуі керек, яғни кітап оқу бос уақытты толтыратын хоббие емес, инновациялық ойлаудың негізі деген идеяны алға тартуда. Технологиялық болашақты жүйелі ойлай алатын адамдар қалыптастырады деген ұстаным күшейтілген. Сондай-ақ:

  • ұлттық кітап оқу апталықтарын өткізу;
  • бұқаралық мәдени-ағартушылық іс-шараларды ұйымдастыру;
  • балалар мен жасөспірімдерге арналған оқу бағдарламаларын дамыту.

Баспа саласын қолдау. Мемлекет сапалы әдеби өнімдерді көбейтуге және баспа нарығын оңтайландыруға басымдық береді.

Цифрлық форматтарды дамыту

  • электронды кітаптарды кеңейту;
  • аудиокітаптарды дамыту;
  • көру мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы басылымдарды шығару.

Мәдени аргумент. Мыңжылдық тарихы бар өлеңдердегі «Кітаптарда алтыннан соғылған үйлер бар» деген ой қайтадан айтыла бастады. Яғни, кітап оқу тек пайдалы әдет емес, ұлттық болмыстың бір бөлігі ретінде ұсынылуда.

Бағдарламаның маңызды бөлігі цифрлық платформаларға қатысты. Оларға сапалы контентті ілгерілету, ақпараттық кеңістікті реттеу және модерацияны күшейту міндеті жүктеледі. Осылайша цифрлық ортада сапалы оқу контентін қалыптастыру және ақпараттық тұтыну құрылымын реттеу.

Сарапшылар пікірі және Қазақстанмен салыстыру

Журналист Айгүл Қалдыбаева атап өткендей, мұндай модельдер тек мәдени саясат емес, сонымен қатар қоғамның интеллектуалдық әлеуетін арттыруға бағытталған стратегиялық құрал ретінде қарастырылады.

Оның пікірінше, биліктің негізгі идеясы мынадай: кітап оқу ойлау қабілетін дамытады, ол жаңа идея береді, ал жаңа идея елдің технологиясын дамытады. Сондықтан ең ірі державаның өзі оқыған ұлт — стрателгиялық байлық екенін мойындап отыр.

Айта кетейік, Қазақстанда да кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып жатыр. Алматыда Республика алаңы маңында үлкен заманауи кітапхананың құрылысы басталған. Оның кітап қоры 1 миллион кітапты құрайды деп жоспарланып отыр.

Бұл тұрғыда Қытай тәжірибесі Қазақстан үшін мәдени инфрақұрылымды дамыту және оқырман мәдениетін күшейту бағытында қосымша бағдар ретінде қарастырылуы мүмкін.