Алаяқтық схемалардан кейін: Енді декреттік төлем алу үшін табысты дәлелдеуге тура келеді  - kaz.caravan.kz
  • $ 463.41
  • 546.27
+30 °C
Алматы
2026 Жыл
8 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алаяқтық схемалардан кейін: Енді декреттік төлем алу үшін табысты дәлелдеуге тура келеді 

Алаяқтық схемалардан кейін: Енді декреттік төлем алу үшін табысты дәлелдеуге тура келеді 

Қазақстанда декреттік төлем алу тәртібін қатаңдату жоспарланып отыр.

  • 8 Мамыр
  • 71
Фото: Caravan.kz

Болашақта әйелдер декреттік төлемдерін рәсімдеу кезінде табысын да растауға тура келеді. Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы «Жетінші арнаға» сілтеме жасап хабарлайды. Телеарна мәліметінше, билік табысты растау талаптарын күшейтуді көздеп отыр. Мұндай өзгерістер  алаяқтық схемалардың алдын алу құралы ретінде қарастырылуда.

Жаңа ұсыныстар Жоғары аудиторлық палатаның ауқымды тексерісінен кейін көтерілген.

«Егер азаматтар табысын қолма-қол алатын болса, онда оны бақылау-кассалық аппарат чектері немесе арнайы мобильді қосымша арқылы растауға болады.

Сондай-ақ табысты растау тізіміне әлеуметтік салық төлемдері мен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударылған жарналар туралы мәліметтерді енгізу ұсынылды.

Бұдан бөлек, жеке тұлғаның табысына түзету енгізілген жағдайда, ол деректерді салық декларациясымен салыстырып тексеру қажеттігі де қарастырылып отыр», — деді «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Марат Жаныбеков.

Еске салсақ, 2025 жылдың сәуір айында Қазақстанда декреттік төлемдерге шектеу енгізілетіні хабарланған болатын.

Zakon.kz мәліметінше, айлығы 600 мың теңгеден жоғары азаматтар енді бұрынғыдай жоғары көлемде декреттік төлем ала алмауы мүмкін.

Өзгеріс авторларының пікірінше, декреттік төлемдерге шектеудің болмауы түрлі алаяқтық схемалардың көбеюіне себеп болған.

2024 жылы декреттік төлемге қатысты күмәнді схемалар бойынша 113 қазақстандық әйелге қатысты тергеу басталған.

Сонымен қатар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сәйкес, 2024 жылы бала тууына және бала бір жарым жасқа толғанға дейін күтім жасауға байланысты мемлекеттік жәрдемақылар мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының төлемдерін 504,4 мың адам алған. Жалпы төленген қаржы көлемі 895,3 миллиард теңгені құрады.

Жүктілік пен босануға байланысты табыстан айырылу жағдайына арналған біржолғы әлеуметтік төлемді 245,7 мың адам алған. Бұл мақсатқа 385,6 миллиард теңге жұмсалған.

Тағайындалған төлемнің орташа мөлшері 1 621 299 теңге болған.

Ал бала бір жарым жасқа толғанға дейін күтім жасауға байланысты ай сайынғы әлеуметтік төлемді 276,8 мың адам алған. Жалпы төлем көлемі 404,1 миллиард теңгеге жеткен.

Ай сайынғы әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері 86 758 теңгені құраған.