Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Ол «Бірінші бол» ютуб арнасына берген сұхбатында жаңа федерация басшылығының алға қойған мақсаттарын түсіндірді.
«Ең үлкен мәселе еркін күресте. Қазіргі таңда сырттан маман алдыруымыз мүмкін. Бірақ, спортшы емес. Өзіміздің спортшылар биыл, келесі жылы нәтиже бермеуі мүмкін. Алдағы 4-5 жылдықта нәтиже береді. Материал жоқ емес, ауылдарда бар. Іздеу керек. Өңірлердің барлығын іске қосамыз. Үлкен қалалардың федерация басшыларымен кездесіп, жоспар жасап беріп жатырмыз. Әр өңірде күрес академиясын ашу керек. Одан кейін мектеп, университет лигаларын жандандыруды қолға алғымыз келіп отыр. Статистиканы қарасақ, бізде нәтиже 17 жасқа дейінгі спортшылар арасында жақсы. Одан кейін күрт төмендейді. U17-ге дейін әлемде үштіктің ортасында жүреміз. Жасөспірімдерден ересектерге өтетін жер күрт түсіп кетеді. Мотивация жоқ. Себебі, қарапайым қазақстандық азамат мектептен кейін баласының күресті қууына қарсы. Олар үшін баласының болашағы бұлыңғыр. Әрі кетсе 200-300 мыңның көлеміндегі жаттықтырушы болады деп есептейді», — дейді ол.
Сондай-ақ, ол күресте мәдениет дұрыс қалыптаспағанын да жасырмады.
«Күресте мәдениет дұрыс қалыптаспаған. Күрес түрлеріндегі жарыстардан кейін арена адам көргісіз болып қалады. Тура сондай жарыс дзюдодан, каратэден өтсе ондай болмайды. Жасыратыны жоқ, күресте насыбай атудан бастап, өзін қоғамда дұрыс ұстауға дейін проблема. Бұны жүйелемесек, баласының ортасын көріп отырған ата-ана баласының сондай тұлға болып қалыптасқанын қалай ма?! Әрине, жоқ. 90-шы жылдары көше идеологиясының романтизмі болып тұрған кезде мүмкін еді. Қазір мүмкін емес», — дейді ол.