Білім ордалары мұғалімге зар, дипломы бар түлектер жұмыссыз: Жастар неге мектептен қашады? - kaz.caravan.kz
  • $ 467.63
  • 547.69
+20 °C
Алматы
2026 Жыл
14 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Білім ордалары мұғалімге зар, дипломы бар түлектер жұмыссыз: Жастар неге мектептен қашады?

Білім ордалары мұғалімге зар, дипломы бар түлектер жұмыссыз: Жастар неге мектептен қашады?

Елімізде парадокс жағдай қалыптасты.

  • 14 Мамыр
  • 62
ЖИ

Жыл сайын университеттен мыңдаған педагог мамандары диплом алып шығады. Соған қарамастан білім ордалары мұғалімдерге зар. Тапшылық қай деңдейде? Жастар жұмыстан өздігінен қашады ма, әлде мәселе жүйеде ме? Caravan.kz медиа порталының тілшісі жалғастырады. 

Ресми статистикаға сүйенсек, 35 мыңға жуық дипломы бар педагог жұмыс таппай жүр. Тағы 17 мыңы өз мамандығынан тыс салада еңбек етуде. Тағы 60 мың маманның қайда және қай салада екені белгісіз, мемлекетте нақты дерек жоқ. 

Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратына сүйенсек, елімізде бес мыңға жуық педагог жетіспейді. Әсіресе ауыл мектептеріне мұғалімдер ауадай қажет. Сарапшылардың пікірінше, мәселе диплом немесе бітірген түлектердің санында емес. Дайындалып жатқан кадрлар бүгінгі мектеп талаптарына сай келмейді.  

Айта кетейік, Қазақстанда 50-ден астам жоғары оқу орны мұғалім мамандығына оқытады. Десе де, математика, физика, ағылшын тілі пәндері бойынша, сондай-ақ ауыл және шағын жинақты мектептерде мұғалім тапшылығы сақталып отыр.

Орталық Азия мектептері мен колледждері қауымдастығының президенті Нұрхұхаммед Досыбаев On Air тікелей эфирінде осы сұрақтарға қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, елде кадрларды тиімді бөлу механизмі толық жұмыс істемейді. 

«Мемлекет грант бөліп, жыл сайын мыңдаған маман дайындайды. Бірақ университ, мектеп және өңірлер арасында сұранысты анықтайтын жүйелі байланыс жоқ. Салдарынан бір аймақта педагогтар жұмыс таба алмай сандалып жүр, ал басқа жерде мектептер бірнеше жыл бойы мұғалім іздеумен әлек», — дейді сарапшы. 

Осы ретте жас мамандардың даярлық сапасына қатысты сұрақ та көбейіп келеді. Қазіргі талап бойынша педагогтар тест тапсырумен қатар, аттестациядан өтіп, демо-сабақ көрсетуі тиіс. Нәтижесінде көптеген жас мамандар шынайы жұмысқа дайын емес екенін көрсетеді. 

Педагогикалық университеттер заман өзгерісіне ілесе алмай отыр

Сарапшылар мұғалім даярлау жүйесінің ескі моделін басты себептердің бірі деп санайды. Мысалы соңғы жылдары білім саласында көптеген реформалар жүргізілген, атап айтқанда,  бағдарламалар жаңарған, стандарттар өзгерген, оқыту тәсілдері де ауысты. Ал педагогикалық жоғары оқу орындары толыққанды жаңғырудан өтпеді дейді мамандар. 

Әсіресе педагогикалық институттардың ірі университеттер құрамына қосылуынан кейін бұл мәселе жиі айтыла бастады. Сарапшылардың пікірінше, педагогикалық бағыт өз дербестігі мен нақты фокусын жоғалтқан. 

«Педагог даярлау процесі өте баяу жүріп жатыр. Президент жолдауларында педагогикалық университеттерді реформалау туралы жиі айтады. Алайда орындауға келгенде кейде саботаж сияқты көрінеді», — дейді Нұрмұхаммед Досыбаев.

Оның пікірінше, біз әлемдегі өзгерістерге ілесе алмай келеміз. Мысалы еңбек нарығы цифрландыру мен жасанды интеллект ықпалымен өзгеріп жатыр, ал педагогикалық білім беру бұрынғы тәсілдермен жұмыс істеп отыр.

Жасанды интеллект мұғалім рөлін өзгертуде

Бұрын мұғалім білімнің негізгі көзі саналатын. Қазір, шынын айту керек, ақпаратты бала жасанды интеллект пен цифрлық платформалар арқылы да ала алады. Сондықтан әлем бойынша педагогтың қазіргі міндеті білім берумен шектелмейді, ол тәлімгер, бағыт беруші және психолог рөлін де алып жүруге көшті. 

Alem University, Ulttyq ustaz online academy негізін қалаушы Гүлмира Құрғанбаеваның айтуынша, қазіргі мұғалім тақырып түсіндіруден гөрі балалардың эмоционалдық және әлеуметтік мәселелерімен жұмыс істеуге мәжбүр.

«Педагогтар оқушылар арасындағы жанжалдарды шешеді, отбасылық қиындықтарға тап болған балалармен жұмыс істейді, психологиялық қолдау көрсетеді. Сондықтан Кембридж, Принстон, Йель сияқты әлемдік университеттер педагогикалық бағдарламаларын барынша практикалық форматқа көшіріп жатыр. Оқыту симуляция, нақты кейс және шынайы мектеп тәжірибесіне негізделеді», — дейді сарапшы. 

Ал Қазақстанда мектеп пен университет әлі де бір-бірінен бөлек жүйе сияқты жұмыс істейді. Болашақ мұғалімдерге практика жетіспейді, ал мектептегі реформалар жоғары оқу орындарына баяу жетеді.

Мектептерге тек мұғалім емес, психологтар да қажет

Сарапшылар ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар санының артып келе жатқанын да маңызды мәселе ретінде көтереді. Инклюзивті білім беру жүйесі дамып келе жатыр, десе де педагогтарды дайындау қарқыны оған ілесе алмай келеді.

Қазіргі мұғалім ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс істеу әдістерін, психология негіздерін және күрделі эмоционалдық ортада әрекет етуді меңгеруі тиіс.

Сонымен қатар елде мектеп психологтарына сұраныс артып келеді. Сарапшылардың пікірінше, дәл педагогикалық университеттер мұндай мамандарды даярлайтын негізгі орталыққа айналуы керек.

Жастар мектепке келеді де, тез кетіп қалады

Мектепке жұмыс істеуге келген жастардың көпшілігі тұрақтамайды. Сарапшылардың пікірінше,  мұның себебі тек жалақыда емес, жүйеде жатыр. Мемлекет өзі аяқтан шалуда, мысалы жас мамандарды дайындап шығарады да, мектепке орналасуға келгенде талаптарды қиындатып қойған. Білім ордаларында міндетті түрде санаты бар мұғалімдер болуы керек. Ал жас мамандарда ондай санат жоқ. Сондықтан директорлар көбіне тәжірибелі кадрларды таңдауға мәжбүр.

Нәтижесінде тұйық шеңбер пайда болады, жұмыс тәжірибесі жоқ маманды мектеп алмайды, ал жұмыссыз жүрген педагог санат ала алмайды.

Қазақстанда ер мұғалімдер жетіспейді

Бұл жеке көтерілген мәселелердің бірі. Сарапшылардың пікірінше, ер адамдар табысы жоғары әрі мансаптық өсу мүмкіндігі көбірек салаларды таңдайды. Ал білім беру жүйесіне басқа еңбек нарықтарымен бәсекелесу қиынға соғып отыр.

Сондықтан ер азаматтарды педагогикаға тек жалақымен тарту мүмкін емес дейді мамандар. Мұнда мамандық беделі, қоғамдық миссия және мемлекеттік қолдау маңызды рөл атқарады.

Сингапур мен Финляндия тәжірибесі: Қазақстан не үйрене алады?

Сарапшылар табысты модель ретінде Сингапур мен Финляндия тәжірибесін мысалға келтіреді. Аталған елдер білім мен адами капиталды негізгі басымдыққа айналдырған.

Мәселен, Сингапурда педагогикалық мамандықтарға конкурс өте жоғары, бір орынға 20 адам таласады. Болашақ мұғалімдер бірінші курстан бастап жалақы алып, білім беру жүйесінің қызметкері ретінде саналады. Оқу бітіргеннен кейін бірнеше жыл мектепте жұмыс істеуге міндеттеледі.

Сарапшылардың пікірінше, бізге де жыл сайын өзгеретін реформалар емес, ұзақмерзімді әрі нақты білім беру стратегиясы қажет. Сондықтан болар Қазақстан өз ұлттық білім беру моделін қалыптастыруы тиіс деген пікірлер жиі айтыла бастады.

Мамандардың айтуынша, елде бұған жеткілікті тәжірибе мен кәсіби әлеует бар. Сәйкесінше ұлттық құндылықтарға, қоғам сұранысына және экономиканың қажеттілігіне сай келетін жүйе құруға да шамамыз жетеді. 

Бұл әлемдік тәжірибеден толық бас тарту деген сөз емес. Керісінше, халықаралық тәжірибені ескере отырып, Қазақстан өз жолын қалыптастыруы керек.