Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Ол «Адырна» ютуб арнасына берген сұхбатында журналистің «Қазақта қара жорға биі болған ба» деген сұрағына жауап берді.
«Қазақтың бишісі ретінде қара жорға биі біздікі деп айтар едім. «Қазақта би болмаған, қара жорға біздікі емес» деп айқайлап отырған адамдарға таң қаламын. Біз өнердің, бидің арқасында өмір сүріп келе жатырмыз. Сондықтан не үшін қазақ бола тұра барымызды жоққа шығарамыз. Ешқандай ұлт мына дүниеге келгенде көзін ашпай жатып, «мына ән, мына би менікі» демейді. Ол — ғасырлар бойы дамып, қалыптасады. Қазақта би болмаса Шара апаларымыз, Өзбекәлі Жәнібек ағамыз ұлттық биді неге көтерді?! Ол кісілердің еңбегі қайда жатыр?! Өткенде бір кісілер «50-60-шы жылдары қара жорға биін билегенін көргенбіз» деп жазып жатыр. Өзім де Қытайда жүрген уақытта, бала кезімде телевизиялық бағдарламадан 60-70-тегі ата-апалардың билегенін көргенмін. Кейбір адамдар, тіпті бишілердің өздері «ол қалмақтың, моңғолдың биі шығар» дейді. Биші ретінде олай айту дұрыс емес. Би қимылдан пайда болады. Иықты ары-бері қозғалту барлық ұлтта бар. Қара жорға биі моңғол халқының маңдайына жазып қойған дүние емес. Ол — аттың үстінде жүрген көшпенді халықтарға ортақ би. Оны ұлттық нақышыңа салып көрсете аласың. «Мен қазақпын, қазақтың бишісімін» деп отырған адамдар бұдан былай «қазақта би жоқ, қара жорға қазақтың биі емес» деген сөзді айтатын болса, биді тастап кете берсін. Қазақпын деп айтпағаны дұрыс», — дейді ол.