Бұл туралы ол Instagram-дағы парақшасында жазды, — деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
«Менің бұл жерде ешкімге үкім шығарғым келмейді. Бірақ дәл осы реакция туралы айтпай өте алмаймын.
«Балапан» арнасы штатында мұндай продюсер болмағанын мәлімдеді. Нұрғали де оқиғаның коммерциялық жобаға қатысты болғанын нақтылап, кешірім сұрады. Арнаның өзін қорғауға толық құқығы бар. Бірақ мұндай мәселеде репутация емес, бала құқы бірінші орында болуы керек. «Тергеудің әділ жүргізілуіне барлық жағынан көмектесуге дайынбыз» деген бір сөйлемді күтіп едім. Айтылмады.
Енді статистикаға келейік.
CDC зерттеуі бойынша — кәмелетке толмаған әрбір 13 ұлдың бірі жыныстық зорлыққа ұшырайды. The Lancet журналының 2025 жылғы зерттеуіне сенсек, Азия елдерінде ұлдарға жасалған зорлық деңгейі қыздармен тең немесе одан жоғары.
Қазақстанда мұндай статистика жоқ. Зерттелмейді. Тіркелмейді.
Бірақ статистика жоқ дегеніміз — проблема жоқ дегеніміз емес.
Соңғы жылдары маған ұлдардан өте көп хат келді.
Бірі — туған ағасының қорлағанын жазды. Бірін — туысы. Бірін — өз әкесі зорлаған.
Хат иелерінің әрқайсысы ондаған жылдар бойы ешкімге тіс жармағанын айтты. Хаттардың көбі Түркістан мен Тараз жақтан келді.
Сол хаттарды оқығаннан кейін ұлдардың жыныстық қауіпсіздігі туралы подкаст түсіруге шешім қабылдадым.
Өйткені бұл тақырыпты айналып өтуге болмайтынын түсіндім.
Бәлкім, сол подкаст тым болмаса бір баланы құтқаруға көмектессе — онда ол бекер болмағаны.
Нұрғалидың айтқаны рас па, жалған ба — тергеу анықтайды. Біздің міндетіміз — «хайп» деп жауып тастамау.
Қылмысты жасыруға болмайды. Қылмысты кешіруге болмайды», — деп жазды Дина Төлепберген.
Халықаралық ұйымдардың мәліметінше, балаларға жасалатын сексуалдық зорлықтың едәуір бөлігі жақын ортада орын алады. БҰҰ мен UNICEF жариялаған зерттеулерде көптеген балалар өз туыстары, таныстары немесе сенім артқан адамдар тарапынан қысым көретіні айтылған. Қазақстанда да жағдай осыған ұқсас.
Елдегі ресми деректерге сәйкес, жыл сайын кәмелетке толмағандарға қарсы жүздеген жыныстық қылмыс тіркеледі. Балалар омбудсмені Динара Зәкиеваның айтуынша, мұндай қылмыстардың саны жылына шамамен 900 жағдайға дейін жетеді. Сарапшылар нақты көрсеткіш бұдан да жоғары болуы мүмкін дейді, өйткені көптеген жағдай жария етілмейді.
Мамандардың пікірінше, әсіресе ұл балаларға қатысты зорлық фактілері жасырын қалып қояды. Бұған қоғамдағы стереотиптер мен ұят сезімі әсер етеді. Көптеген ер балалар болған жағдайды айтуға қорқады немесе сенбейді деп ойлайды. Кей жағдайда ата-аналар да мұндай мәселені жария етуден қашады.
Психологтардың айтуынша, бала кезінде көрген сексуалдық зорлық адамның өміріне ұзақ уақыт әсер етуі мүмкін. Мұндай балаларда қорқыныш, тұйықтық, депрессия, агрессия немесе қоғамға сенімсіздік пайда болады. Сондықтан мамандар балалармен ашық сөйлесудің және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызын ерекше атап өтеді.
Соңғы жылдары Қазақстанда балаларды қорғауға бағытталған заңдар күшейтіліп жатыр. Сонымен қатар мектептерде қауіпсіздік сабақтарын өткізу, психологтардың жұмысын арттыру және интернеттегі қауіптердің алдын алу мәселесі де көтерілуде. Алайда сарапшылар бұл мәселені тек құқық қорғау органдары ғана емес, бүкіл қоғам болып талқылау қажет екенін айтады.
Балаларға қатысты зорлық — жабулы күйде қалуы тиіс тақырып емес. Әсіресе ұл балалардың да мұндай қылмыстың құрбаны болуы мүмкін екенін түсіну маңызды. Мәселені ашық айту ғана балаларды қорғауға және олардың қауіпсіз болашағын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.