Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Экономика ғылымдарының докторы Толонбек Абдыровтың айтуынша, бұл бастаманың негізгі мақсаты – білім сапасын арттыру және оқытуды әр оқушының деңгейіне сай бейімдеп, қолжетімді ету. Бұл қала мен ауыл мектептері арасындағы теңсіздікті азайтуға мүмкіндік береді.
– Жасанды интеллект оқушылардың біліміндегі олқылықтарды анықтап, олардың деңгейіне сәйкес тапсырмалар ұсынуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ол мұғалімдердің жұмысын жеңілдетіп, оқу үдерісін тиімдірек етуге жағдай жасайды. Сонымен қатар құжат мектептердің техникалық жабдықталуын, тұрақты интернеттің болуын, мұғалімдердің даярлығын және оқушылардың жеке деректерінің қорғалуын қамтиды, — деді ол.
Сарапшының пікірінше, бұл процесс тек цифрландырумен шектелмейді. Технологиялар оқытудың сапасын жақсартады және елде заманауи білім беру жүйесінің дамуына ықпал етеді.
– Егер бастама сапалы жүзеге асса, ол қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайтып, оқушылардың дайындық деңгейін арттырып, адами капиталды дамытуға негіз бола алады, — деді Толонбек Абдыров.
Халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы Байқадам Құрамаевтың пікірінше, бұл бастама жастарға заманауи технологиялар арқылы сапалы білім алуға мүмкіндік береді.
– Бұл Қазақстанның интеллектуалдық технологияларды дамытудағы әлемдік үрдістерге сай келетін бастамасы. Жасанды интеллект алдағы 10–15 жылда болашақ мамандықтардың қалыптасуына тікелей әсер етеді, — деді ол.
Сарапшының айтуынша, білім беру саласына жасанды интеллектті енгізу Қазақстанның жаһандық технологиялық өзгерістерге бейімделуіне ықпал етеді.
Айта кетейік, Президент орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу туралы Жарлыққа қол қойды.