1973 жылғы жойқын селдің сабағы: Мәншүк Мәметова мұздығы қандай қауіп төндіруі мүмкін - kaz.caravan.kz
  • $ 485.95
  • 565.74
+34 °C
Алматы
2026 Жыл
1 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
1973 жылғы жойқын селдің сабағы: Мәншүк Мәметова мұздығы қандай қауіп төндіруі мүмкін

1973 жылғы жойқын селдің сабағы: Мәншүк Мәметова мұздығы қандай қауіп төндіруі мүмкін

Өкінішке қарай климаттың өзгеруімен Іле Алатау мұздықтарының бәрі жаппай еріп жатыр. 2050 жылға қарай осынау тау қырқасындағы 1700 мұздықтың түгеліне қауіп төніп тұр.

  • 1 Маусым
  • 238
Фото: Caravan.kz/Жансая Талипова

Толығырақ Caravan.kz медиа порталы тілшісінің материалында.

Осы демалыста тау сүйер қауыммен бірге Caravan.kz медиа порталының тілшісі Іле Алатауындағы ең танымал бағыттардың бірі Мәншүк Мәметова мұздығының етегінде орналасқан №6 көлге барып келді. Бұл жерге соңғы рет 2023 жылдың күзінде көтерілген едім. Екі жыл бұрын көл суға лық толы еді. Арнайы құбырларды да байқағанмын, мамандар көлдегі артық суды осылай төменге ағызады. Ал мамыр айының соңында көл әлі толық толмаған, айналасында қалың қар жатыр. Бір қарағанда көлдің көлемі кішірейіп қалған сияқты. Алайда биыл тауда қардың ерекше көп түскенін ескерсек, жаздың ортасына немесе күзге қарай жағдай өзгеруі әбден мүмкін. Қар мен мұздықтар қарқынды ери бастағанда көлдегі су көлемі де күрт артады.

Көпшілік бұл жерге ерекше табиғатты көру үшін келеді. Расында да, теңіз деңгейінен 3635 метр биіктікте орналасқан көлдің көрінісі ешкімді бейжай қалдырмайды. Көгілдір су, айнала қоршаған мұздықтар мен қарлы шыңдар, тау арасындағы тыныштық ерекше атмосфера сыйлайды. Сырттай сабырлы көрінетін осы көл мамандардың тұрақты бақылауындағы нысандардың бірі екенін көп адам біле бермейді.

Фото: Жансая Талипова. 2023 жылдың күзіндегі көлдің суға толған кезі және суды төменге ағызатын құбырлар

Батыр қыздың аты берлірген көл

Мәншүк Мәметова көлі Алматыдан оңтүстікке қарай шамамен 20 шақырым жерде, Кіші Алматы шатқалында орналасқан. Туристер арасында ол №6 көл деген атаумен де белгілі. Ұзындығы шамамен 280 метр, ені 140 метр, тереңдігі 30 метрге дейін жетеді. Ауа-райы мен уақытқа байланысты түсі сарғыштан көгілдір-жасыл түске дейін үнемі өзгеріп отырады. Көлге Кеңес Одағының Батыры, қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметованың есімі берілген.

Шымбұлақтан көлге дейінгі жол өте әдемі. Алдымен «Медеуге» келесіз, одан әрі «Шымбұлақ» тау шаңғы курорты арқылы «Тұйықсу қақпасы» шатқалына көтерілу керек. Содан кейін бірнеше шақырым жүріп, «Мыңжылқы» метеостанциясына жетесіз. Одан әрі «Альпинград» шатқалына тіке көтеріліп, сол жерден Мәншүк Мәметова мұздығының етегіндегі көлге шығасыз. Орта есеппен бұл бағыт жаяу жүру қарқынына байланысты 3-5 сағат уақыт алады. Жол бойында тауда қаза тапқан альпинистерге арналған мемориал орналасқан. Онда қазақстандықтармен қатар шетелдік альпинистердің де есімдері жазылған.

Климаттың өзгеруі және мұздықтардың тағдыры

Аталмыш көл табиғаттың ерекше сыйы ғана емес, климаттың өзгеруін айқын көрсететін нысандардың бірі. Ғалымдардың мәліметінше, көл шамамен жарты ғасыр бұрын Мәншүк Мәметова мұздығының еруі нәтижесінде пайда болған. Мұздық шегінген сайын еріген су табиғи ойысқа жиналып, уақыт өте келе мореналық көл қалыптасты. Бүгінде оның негізгі қорегі де сол мұздық болып отыр. Ыстық күндері мұздықтан көлге секундына 150-200 литрге дейін су келуі мүмкін. 2022 жылғы апқарат бойынша, 180 мың текше метр су жиналған.

Мореналық көлдер әдемілігімен қатар қауіпті болуы мүмкін. Мұндай көлдер табиғи мореналық бөгеттермен ұсталып тұрады. Егер көлдегі су мөлшері шамадан тыс көбейсе немесе табиғи бөгетке зақым келсе, төмен қарай орасан көлемдегі су, тас пен лай аралас сел жүруі ықтимал. 

Сондықтан Алматы маңындағы ондаған биік таулы көлдердің ішіндегі ең қауіпті нысандардың бірі ретінде №6 көл де тұрақты бақылауға алынған.

Фото: Жансая Талипова. 2026 жылғы 30 мамырдағы көлдің алдынан қарағандағы көрінісі
Фото: Жансая Талипова. 2026 жылғы 30 мамырдағы Мәншүк Мәметова мұздығы.
Фото: Жансая Талипова. 2026 жылғы 30 мамырдағы көлдің жоғарыдан қарағандағы көрінісі

1973 жылғы жойқын селден Алматы аман қалды

Қауіп туралы неге айтылатынын түсіну үшін тарихқа шолу жасайық. Алматы өз тарихында бірнеше жойқын апаттарды бастан өткерген. 1921 жылдың 8 шілдесінде Кіші Алматы өзені мен оның Весновка тармағы арқылы қалаға лап қойған сел көптеген адамның өмірін қиып, тұтас кварталдарды қиратып, орасан материалдық шығын әкелді. Бұл оқиға Алматы тарихындағы ең ауыр табиғи апаттардың бірі ретінде қалды.

Одан кейін де қауіп сейілген жоқ. 1963 жылдың 7 шілдесінде Есік көлінің маңындағы мореналық көлдердің бірінің жарылуы салдарынан алапат сел жүріп, табиғи бөгетті бұзды. Соның салдарынан әйгілі Есік көлі іс жүзінде жойылып кетті. Апат жүздеген адамның өмірін жалмап, Есік қаласының едәуір бөлігіне зиян келтірді.

Дәл осы қайғылы оқиғадан кейін Алматыны селден қорғау мәселесі мемлекеттік деңгейде қарала бастады. 1921 жылғы селдің тәжірибесі мен 1963 жылғы Есік апатының сабақтарын ескере отырып, 1960 жылдардың екінші жартысында республика астанасын қорғауға бағытталған бұрын-соңды болмаған жұмыстар қолға алынды. Қазақстанды сол кезде басқарған Дінмұхамед Қонаевтың қолдауымен Медеу шатқалында алып селден қорғау бөгеті салынды. 1966 және 1967 жылдары бағытталған жарылыстар жүргізіліп, кейін бөгеттің құрылысы толық аяқталды.

Бұл шешімнің қаншалықты маңызды болғаны көп ұзамай белгілі болды. 1973 жылдың 15 шілдесінде Алматыға қарай бұрын-соңды болмаған қуатты сел қозғалды. Мамандардың бағалауынша, оның күші өңірдегі бұрынғы көптеген селдерден әлдеқайда жоғары болған. Алайда Медеу бөгеті сел ағынын ұстап қалып, қаланың төменгі бөлігін, шығыс аудандарын және мыңдаған тұрғынды үлкен апаттан аман алып қалды.

Осы оқиғалардан кейін мұздық көлдерді бақылау жүйесі түбегейлі күшейтілді. Жалпы Алматының төбесінде 45-тен астам көл бар болса, оның 17-сі жіті бақылауда. Соның ішінде №6 көл де бар. Көлдегі су деңгейі арнайы құрылғылар арқылы бақыланып, артық су сифондық құбырлар көмегімен төменге жіберіледі. Туристер көл жағасында көретін алып құбырлардың негізгі мақсаты да осы.

Мұздықтар қарқынды еріп жатыр

Өкінішке қарай климаттың өзгеруімен Іле Алатау мұздықтарының бәрі жаппай еріп жатыр. 2050 жылға қарай осынау тау қырқасындағы 1700 мұздықтың түгеліне қауіп төніп тұр. Зерттеулерге сүйенсек, жаһандық жылынудың салдарынан соңғы 60 жылда Алматы маңындағы мұздықтардың жалпы ауданы 42 пайызға дейін қысқарған.

Мұндай үдеріс Мәншүк Мәметова мұздығына да әсер етіп отыр. Мұздық кішірейген сайын көл үлкейіп, ондағы су көлемі арта береді. Сондықтан бүгінгі күні қауіп бақылауда болғанымен, ол толық жойылды деп айтуға болмайды. Биыл тауда қар мол түсті. Қазір көл шағын болып көрінгенімен, жаздың ортасына қарай оның келбеті мүлде өзгеруі мүмкін. Сондықтан бұл жерге келгенде тек табиғаттың сұлулығына ғана емес, оның қуаты мен жауапкершілігіне де назар аударған жөн.

Оқи отырыңыз: Танымал Богданович мұздығы жоғалып кетуі мүмкін: Орталық Азиядағы мұздықтар еріп, тұщы су қоры азайып барады