Ақылы автотұрақтар керек пе? Жүргізушілер не үшін төлейді және бұл жүйе қаншалықты тиімді? - kaz.caravan.kz
  • $ 488.59
  • 564.37
+25 °C
Алматы
2026 Жыл
11 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ақылы автотұрақтар керек пе? Жүргізушілер не үшін төлейді және бұл жүйе қаншалықты тиімді?

Ақылы автотұрақтар керек пе? Жүргізушілер не үшін төлейді және бұл жүйе қаншалықты тиімді?

Ақылы автотұрақтар мәселені шешті ме?

  • 11 Маусым
  • 21
Фото: Жансая Талипова/Caravan.kz

Caravan.kz медиа порталының тілшісі қаладағы бизнес орталықтарының бірінің алдында жұмыс істеп тұрған ақылы автотұрақтың бағасын көрген соң, осы тақырыпты жан-жақты сараптауды шешті. Бағасы сағатына 700 теңгеден басталатын тұрақ тіпті тегін минуттар да ұсынбайды екен. Осы жерде орынды сұрақ туындайды. Алматы бойынша ақылы тұрақтардың бағасын кім реттейді? Олар қашан және не үшін пайда болды? Осы уақыт ішінде тиімдігілін көрсете алды ма? Жүргізугшілер қанша төлеуге мәжбүр? Осы сұрақтарға жауап берейік. 

Ақылы автотұрақтардың тарихы 

Алматы – Қазақстандағы ең ірі мегаполистердің бірі. Жыл сайын қаладағы көлік саны өсіп келеді. Салдарынан көшелердегі тұрақ орындарының тапшылығы сезіле бастады. Ақылы автотұрақтар енгізілгенге дейін жүргізушілер көліктерін кез келген жерге тастап кететін. Олар тротуарларға, аялдамаларға жақын жерлерге немесе жол қозғалысына кедергі келтіретін орындарда күні бойы тұруы да мүмкін. Нәтижесінде көлік қозғалысы қиындап, кептелістер артып, жаяу жүргіншілер үшін де қолайсыз жағдай қалыптасты.

Осы мәселелерді шешу мақсатында 2016 жылы Алматыда ақылы автотұрақтардың алғашқы пилоттық жобасы іске қосылды. Қала билігінің мәліметінше, мұндай бастаманың негізгі мақсаты бюджетке ақша жинау емес, тұрақ орындарын тиімді пайдалану және көлік қозғалысын реттеу болатын.

Урбанистика саласының мамандары мұндай тәжірибе әлемнің көптеген қаласында қолданылатынын айтады. Олардың пікірінше, тегін тұрақтар жүргізушілердің жауапкершілігін төмендетеді, яғни олар көліктерін ұзақ уақытқа тастап, басқаларға кедергі болатынын ойламайды. Сондықтан ақылы автотұрақтар жүргізушілерді тұрақ орнын ұтымды пайдалануға ынталандырып қана қоймай, көшелердегі орын тапшылығын азайтуға бағытталды. 

Осы уақыт ішінде жүйе бірнеше рет өзгерді, операторлар ауысты, тұрақ аймақтары кеңейді, жиналған қаражаттың сомасы да миллиардтаған теңгеге жетті. Билік ақылы автотұрақтарды көлік қозғалысын реттеудің маңызды құралы деп санайды. Ал жүргізушілер арасында сұрақтар әлі де азайған жоқ.

Алматыдағы автотұрақтар кімнің бақылауында болды?

Ақылы автотұрақтар алғаш іске қосылған кезде олар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жұмыс істеді.

Дегенмен жылдар өте келе жүйенің ашықтығына қатысты сұрақтар көбейіп, қоғамда автотұрақтардан түсетін қаражаттың кімге және қалай бөлінетіні жөнінде пікірталастар жиілей түсті.

2022 жылы Алматыдағы ақылы автотұрақтар коммуналдық меншікке қайтарылды. Осыдан кейін тұрақтардан түсетін табыс тікелей қалалық бюджетке түсетін болды.

Бүгінде жүйені коммуналдық оператор басқарады және әкімдік ақылы автотұрақтардан түсетін қаражат қала қажеттіліктеріне жұмсалатынын мәлімдейді.

Ақылы автотұрақтар мәселені шешті ме?

Бұл сұраққа қатысты пікірлер екіге бөлінеді.

Қала билігі мен урбанистердің бір бөлігі ақылы автотұрақтардың белгілі бір нәтиже бергенін айтады. Олардың сөзінше, көшелердегі ретсіз тұрақ қою азайып, орталық аудандарда көлік қою тәртібі қалыптасты.

Десе де халық мұнымен толық келіспейді. Өйткені көптеген жүргізушілер ақылы тұрақтан қашып, көліктерін тұрғын үйлердің аулаларына қоя бастаған. Салдарынан тұрғын үй кешендері мен көпқабатты үйлердің аулаларына шлагбаум орнату көбейді. Осылайша бұрын көшеде болған мәселе енді тұрғын үйлердің аумағында ауысып, көршілер арасындағы дау жиіледі. 

Неліктен тұрақ бағасы әртүрлі?

Қала көшелеріндегі муниципалдық тұрақтардың бағасы біркелкі — сағатына 100 теңгені құрайды. Кейбір жүктемесі жоғары көшелерде 150 теңгеге дейін жетеді.

Caravan.kz медиа порталы қаланы аралап жүріп, кей жерлерде тарифтердің тым қыбат екенін байқады. Мысалы суреттегі тұрақтың бірінші сағаты — 500 теңгеден басталады, кейінгі сағаттарда — 300 және 100 теңгеге дейін төмендейді. Ал қаланың жоғары бөлігіндегі автотұрақтың бағасы сағатына 700 теңге, тегін минуттар жоқ.

Мұның да себебі бар екен, барлық автотұрақтар бір жүйеге кірмейді. Яғни, қаладағы тұрақтарды шартты түрде екі үлкен топқа бөлуге болады:

Біріншісі — әкімдік реттейтін муниципалдық тұрақтар.

Екіншісі — жеке меншік аумақта орналасқан коммерциялық тұрақтар.

Сауда орталықтары, бизнес-орталықтар, әуежайлар, базарлар мен басқа да нысандардың тұрақтары өз тарифтерін дербес белгілейді. Сондықтан олардың бағасы айтарлықтай жоғары болуы мүмкін.

Яғни жүргізуші төлейтін сома көбіне орналасқан ауданға емес, автотұрақтың кімге тиесілі екеніне байланысты.

Неге кейбір тұрақтарда тегін минуттар бар?

Көпшілік қысқа уақытқа тоқтаған жағдайда да төлем жасауға мәжбүр екенін айтуда. Шынында да, кейбір тұрақтарда алғашқы 10 немесе 15 минут тегін беріледі. Мұндай тәжірибе көбіне әуежайларда, сауда орталықтарында және жолаушы түсіруге арналған аймақтарда қолданылады.

Алайда бұл барлық автотұраққа міндетті талап емес.

Егер тұрақ жеке меншік аумақта орналасса, оның иесі пайдалану тәртібін өзі анықтайды. Сондықтан бір жерде жүргізуші бірнеше минут тегін тұра алады, ал басқа жерде төлем көлік кірген сәттен бастап есептеле бастайды.

Ақылы автотұрақтардан қанша қаржы түседі?

Ресми мәліметтерге сәйкес, 2024 жылы Алматыдағы ақылы автотұрақтардан бюджетке шамамен 2,8 миллиард теңге түскен. Және бұл сома жыл сайын өсіп келеді. Себебі ақылы тұрақ аймақтарының саны көбейіп, жүйе қаланың жаңа бөліктеріне таралып жатыр.

Әкімдік мәліметінше, ақылы автотұрақтардан түскен қаражат: 

  • жолдарды жөндеуге;
  • тротуарларды жаңартуға;
  • көлік инфрақұрылымын дамытуға;
  • көше-жол желісін күтіп ұстауға;
  • қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруға бағытталады.

Алайда халық үшін жалпылама жауап жеткіліксіз, халық нақты нәтижесін көргісі келеді. Осыған байланысты біз тиісті органға ресми сауал жолдап, автотұрақтардан түскен миллиардтаған теңгенің қайда және қандай жобаларға жұмсалғанын сұрадық. Жауап келген кезде, қосымша тағы жариялайтын боламыз. 

Ақылы тұрақ үшін кім көп төлейді?

Ақылы автотұрақтар жеке көлігімен күнделікті жұмысқа баратындар үшін қалтаға түсетін ауыр салмақ. Мысалы, жүргізуші көлігін жұмыс уақыты бойы тұрақта қалдырса, күніне орта есеппен 800–1200 теңге жұмсайды. Айына шамамен 16 мыңнан 24 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін.

Ал егер адам жеке меншік тұрақтарды пайдалануға мәжбүр болса, шығын одан да жоғары болады.

Сондықтан көптеген жүргізуші ақылы автотұрақтың бастапқы мақсаты көлік қозғалысын реттеу болғанымен, уақыт өте келе ол тұрақты қаржылық шығын көзіне айналып бара жатқанын айтады.

Бұл ретте жауапты органдар қызметкерлері халықты қоғамдық көлікке мінуді шешім ретінде ұсынған жауаптары да кезінде таралған еді. 

Төлем жасамаса не болады?

Ақылы автотұрақтарға бақылау арнайы камералармен жабдықталған көліктер арқылы жүргізіледі.

Төлем жасалмаған жағдайда айыппұл автоматты түрде рәсімделеді.

2026 жылы мұндай құқық бұзушылық үшін айыппұл мөлшері 1 АЕК немесе 4 325 теңгені құрайды.

Ақылы автотұрақ қай уақытта тегін?

Алматыдағы муниципалдық автотұрақтардың жұмыс тәртібі бойынша, тұрақ ақысы тек күндізгі уақытта алынады.

Жалпы тәртіпке сәйкес, қала көшелеріндегі ақылы тұрақтар 08:00–19:00 аралығында жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде жүргізушілер белгіленген тариф бойынша төлем жасайды.

Ал кешкі және түнгі уақытта 19:00-ден кейін таңертеңгі 08:00-ге дейін көлікті тұраққа қою тегін.

Сондай-ақ демалыс және мереке күндері де муниципалдық тұрақтардың басым бөлігінде төлем алынбайды.

Бұл жүйе қала билігінің түсіндіруінше, тұрғындарға түнгі уақытта өз үйлерінің жанында қосымша ақысыз тұрақтау мүмкіндігін беру үшін енгізілген.

Жеңілдіктер кімдерге қарастырылған?

  • соғыс және еңбек ардагерлері;
  • І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар;
  • мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар;
  • «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері;
  • электр көліктерінің иелері;
  • жедел қызмет көліктері.

Сонымен қатар қалада тұрғындарға арналған арнайы абонементтер енгізу мәселесі қарастырылып жатыр.

Ал күн сайын жұмысқа қатынайтын қарапайым жүргізушілер үшін арнайы жеңілдіктер әзірге жоқ. Бұл сұрақты да біз жіберген ресми өтінішімізде қойдық. 

Тұрақ үшін төлейміз, ал қауіпсіздікке кім жауап береді?

Ақылы автотұрақтарға қатысты ең көп талқыланған мәселелердің бірі 2019 жылы көтерілді. Сол кезде Алматыдағы ақылы тұрақтардың бірінде тұрған көліктің айналарын ұрлап кеткен.

Оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Көптеген адам ақылы автотұрақ үшін төлем жасаған соң көлігінің қауіпсіздігіне де белгілі бір кепілдік берілуі тиіс деп есептеген.

Алайда операторлар басқа ұстанымды түсіндірді.

Олардың айтуынша, ақылы автотұрақ күзетілетін тұрақ емес. Яғни жүргізуші көлігін сақтау қызметі үшін емес, тек тұрақ орнын пайдалану үшін төлейді.

Бұл қағида бүгінде де өзгерген жоқ.

Сондықтан көлікке зақым келсе, айнасы немесе басқа бөлшектері ұрланса, муниципалдық автотұрақ операторы жауап бермейді.  Бұл жүргізушілер арасында әлі күнге дейін ең даулы мәселелердің бірі болып қалып отыр.

Басқа елдерде тұрақ қалай реттеледі?

Әлемнің көптеген ірі қалаларында көше бойындағы тұрақтар ақылы негізде жұмыс істейді. Мұндай жүйенің басты мақсаты, табыс табу емес, қалалық кеңістікті тиімді пайдалану және көлік ағынын реттеу. 

Лондонда көше бойындағы тұрақ құны тек орынға ғана емес, көліктің экологиялық деңгейіне де байланысты белгіленеді. Мысалы, төмен шығарындылы көліктер үшін тариф салыстырмалы түрде төмен болса, экологияға көбірек әсер ететін көліктер үшін баға жоғарырақ, сағатына 5-тен 10 фунт стерлингке дейін жетеді. Сонымен қатар орталық аудандарда тұрақ уақытына шектеу қойылған, ал жергілікті тұрғындарға арнайы рұқсат жүйесі қарастырылған. Яғни Лондондағы тұрақ саясаты тек орын тапшылығын емес, сонымен бірге экологиялық саясатты да реттеуге бағытталған.

Нью-Йорк⁠ қаласында тұрақ құны ауданға қарай айтарлықтай өзгеріп отырады. Манхэттеннің орталық бөлігінде алғашқы сағат  5–5,5 доллардан басталады. Кейбір аймақтарда келесі сағаттар үшін тариф одан да жоғары болуы мүмкін. Қала билігі мұны көше бойындағы тұрақ орындарының айналымын қамтамасыз ету және жүргізушілерге бос орын табуды жеңілдету үшін қолданады. Қаланың көлік департаменті мәліметінше, ақылы тұрақ жүйесінің негізгі міндеті тұрақ орындарының тез босауын қамтамасыз ету, қос қатар қойылған көліктерді азайту және көлік кептелісін төмендету.

Еуропа мен АҚШ-тың көптеген қалаларында жергілікті тұрғындар үшін арнайы тұрақ рұқсаттары қолданылады.

Мысалы, Лондон⁠ бірқатар аудандарында тұрғындар өз аймағында жеңілдетілген шартпен тұрақ қоя алады, ал сырттан келген көліктер үшін уақыт пен баға шектеулері қатаңырақ. Бұл жүйе тұрғын аудандардағы көлік қысымын азайтуға бағытталған.

Қызығы, ақылы автотұрақтар тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің ірі қалаларында да үнемі талқыланатын тақырып.

Мысалы,  Нью-Йорк⁠та тұрақ аймақтарын кеңейту бастамалары қоғамда қызу пікірталас тудырып отыр. Бір тарап бұл саясатты қалалық кеңістікті тиімді басқару деп бағаласа, екінші тарап оны қосымша қаржылық жүктеме және «ақша жинау құралы» ретінде сынайды.

Алматы үшін ақылы автотұрақтардың болашағы қандай?

Қала билігі алдағы жылдары ақылы тұрақ аймақтарын кеңейтуді жалғастыруы мүмкін.

Сонымен қатар тұрғындарға арналған абонементтер, жаңа цифрлық шешімдер және көлік қозғалысын реттеудің қосымша құралдары енгізілуі ықтимал.