Аралдың екі бөлек тағдыры: Қазақстан теңіздің бір бөлігін қалай құтқарды? - kaz.caravan.kz
  • $ 464.02
  • 536.18
+25 °C
Алматы
2026 Жыл
14 Тамыз
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Аралдың екі бөлек тағдыры: Қазақстан теңіздің бір бөлігін қалай құтқарды?

Аралдың екі бөлек тағдыры: Қазақстан теңіздің бір бөлігін қалай құтқарды?

Оңтүстік Арал неге тартылып барады?

  • 12 Тамыз
  • 1
Фото: "Другая история Узбекистана" Фейсбук арнасынан

Арал теңізі алпыс жыл ішінде әлемдегі ең ірі су айдындарының бірінен экологиялық апаттың символына айналды. Бір кездері мұнда балықшылар теңізге шығып, жылына ондаған мың тонна балық аулайтын. Бүгінде бұрынғы теңіз табанында Аралқұм шөлі жатыр. Алайда Аралдың солтүстігінде жағдай өзгеше. Қазақстан салған Көкарал бөгеті судың бір бөлігін сақтап, балық шаруашылығын қайта жандандыра алды. Ташкенттік экономист әрі журналист Хаёт Хан Насреддинов өзінің зерттеуінде Аралдың екі бөлігінің қазіргі тағдырын салыстырады. Caravan.kz медиа порталының тілшісі экологиялық маңызы зор тақырыпқа шолу жазайды. 

Фото: «Другая история Узбекистана» Фейсбук арнасынан

Аралдың алтын дәуірі

ХХ ғасырда Арал теңізі ауданы жағынан әлемде төртінші орында болған. 1960 жылы оның аумағы 68 мың шаршы шақырымға жетіп, ұзындығы 426, ені 300 шақырым болды. Ең терең жері 68 метрге дейін барды. Аралда балықтың 34 түрі мекендеді. Жыл сайын мұнда шамамен 60 мың тонна балық ауланатын.

Қазақстан жағалауында бес балық өңдеу зауыты мен 45 қабылдау пункті жұмыс істеді. Өзбекстан аумағында тағы бес зауыт және балық консервілеу комбинаты болды. Яғни,  Арал тек табиғи су айдыны емес, миллиондаған адамның тұрмысы мен экономикасының бір бөлігі еді.

Хаёт Хан Насреддинов өз зерттеуінде осы кезеңді «Аралдың алтын дәуірі» деп сипаттайды. Алайда бірнеше онжылдықтың ішінде жағдай түбегейлі өзгерді.

Апаттың бастауы – мақта үшін күрес

Арал теңізінің тартылуының негізгі себебі ретінде Амудария мен Сырдария суларын егістік алқаптарына жаппай қолданылуы көрсетілген. 

1930-жылдардан бастап Орталық Азияда суару каналдары салына бастады. 1959 жылы Қарақұм каналы іске қосылды. Оның көмегімен Амударияның суы мақта алқаптарына бағытталды. 1962 жылға қарай канал өзен ағынының 45 пайызына дейін алып отырған. Мақта өсіру үшін су қажет болды. Ал аймақтағы суармалы егіншілік көлемі жылдан жылға ұлғая берді.

1960-1990 жылдары Орталық Азиядағы суармалы жер көлемі 4,5 миллион гектардан 7 миллион гектарға дейін өсті. Су тұтыну көлемі жылына 60 текше шақырымнан 120 текше шақырымға дейін артты. Оның шамамен 90 пайызы ауыл шаруашылығына жұмсалды. Осышайша, Аралға жетуі тиіс судың көбірек бөлігі егістіктерге бұрыла бастады.

«Аралды қалай өлтірдік? Жауап өте қарапайым: мақта», – деп жазады Насреддинов.

Оның айтуынша, өзендерден су алу көлемі артқан сайын теңіз деңгейі де жыл сайын төмендей бастады. Алдымен жылына шамамен 20 сантиметрге төмендеген су деңгейі кейін жарты метрге, одан соң жылына бір метрге жуық түсе бастады.

Жағалау шегінді. Балықшылар қайықтарын суға жеткізу үшін жағалаудан барған сайын алысырақ жүруге мәжбүр болды. Бірақ сол кезде теңіздің мүлде жоғалып кетуі мүмкін екенін ешкім елестете қойған жоқ.

Фото: «Другая история Узбекистана» Фейсбук арнасынан

1989 жыл: Арал екіге бөлінді

1980-жылдардың соңына қарай жағдай қайтымсыз сипат алды. 1989 жылы Арал теңізі Солтүстік және Оңтүстік бөліктерге бөлінді. Солтүстік бөлігі Қазақстан аумағында, ал Оңтүстік Аралдың негізгі бөлігі Өзбекстанда қалды. Судың көлемі азайған сайын тұздылық артты. Балық қырылып, балық шаруашылығы тоқырады.

2003 жылы Үлкен Аралдың өзі шығыс және батыс бөліктерге бөлінді. Шығыс бөлігі кейін толықтай дерлік құрғап қалды.

2000-жылдардың басында теңіз деңгейі 31 метрге дейін төмендеді. Бір кездері мыңдаған отбасының негізгі табыс көзі болған балық шаруашылығы бірнеше жылдың ішінде күйреді.

Теңіз шегінген сайын оның бұрынғы табаны ашылды. Осылайша Аралқұм шөлі пайда болды.

Фото: «Другая история Узбекистана» Фейсбук арнасынан

Теңіз табанынан көтерілген тұзды шаң

Аралдың тартылуы тек судың жоғалуымен аяқталған жоқ. Бұрын теңіз түбінде жатқан тұз бен ауыл шаруашылығында пайдаланылған химиялық заттардың қалдықтары желмен ауаға көтерілді.

«Мақта алқаптарындағы химикаттар өзендерге шайылып, Аралға жетті. Су буланған кезде олардың қалдықтары теңіз түбінде қалды. Енді жел сол шаңды қайтадан ауаға көтереді», – деп жазады автор.

Теңіз табанынан көтерілген тұзды шаң жүздеген шақырымға таралады. Арал маңындағы экологиялық жағдай халық денсаулығына да әсер етті. Аймақта тыныс алу мүшелері мен көз ауруларының таралуы, ауызсу сапасының нашарлауы және әлеуметтік-экономикалық проблемалар ұзақ уақыт бойы зерттеліп келеді.

Теңіздің тартылуы аймақтың климатына да әсер етті. Бұрынғы жағалауға жақын аумақта жаздың ыстығы мен құрғақтығы күшейіп, қыс суығырақ әрі ұзаққа созыла бастады.

Фото: «Другая история Узбекистана» Фейсбук арнасынан

Қазақстан Аралдың бір бөлігін сақтап қалды

Аралдың тарихындағы ең маңызды бетбұрыстардың бірі Қазақстанның Солтүстік Аралды сақтап қалу жөніндегі шешімі болды.

2003-2005 жылдары Қазақстан Көкарал бөгетін салды. Ұзындығы шамамен 17 шақырым болатын бөгет Кіші Аралды Үлкен Аралдан бөліп, Сырдария суының солтүстік бөлікте жиналуына мүмкіндік берді.

Жобаның нәтижесі көп ұзамай байқалды. Солтүстік Аралдағы су деңгейі көтерілді. Тұздылық төмендеді. Балық қайта оралды. Балық шаруашылығы жанданды. Хаёт Хан Насреддинов Қазақстанның бұл қадамын Аралды сақтап қалудағы шешуші шаралардың бірі деп бағалайды.

«Қазақстан көршілеріне немесе ғажайыпқа үміт артпай, істі өз қолына алды», – деп жазады ол.

Автордың келтірген дерегіне сәйкес, 2025 жылға қарай Солтүстік Аралдың аумағы 3065 шаршы шақырымға жеткен. Бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 111 шаршы шақырымға артық.

Қазір Солтүстік Аралда балық шаруашылығы қайта жанданып, жылына шамамен 8 мың тонна балық ауланады.

Фото: «Другая история Узбекистана» Фейсбук арнасынан

Солтүстік Аралды қалпына келтіру жалғасуда

Қазақстан Көкарал бөгетімен тоқтаған жоқ. Солтүстік Аралды сақтау және Сырдария атырауын қалпына келтіру бағытында жаңа жобалар жүзеге асырылып жатыр. Қорғаныш бөгеттері салынып, су арналары қайта жаңғыртылуда.

Су үнемдеу технологияларына да басымдық беріліп отыр. Қызылорда облысындағы күріш алқаптарын лазерлік жоспарлау арқылы тегістеу судың ысырабын азайтуға мүмкіндік береді. Автордың мәліметінше, бұл технология жылына шамамен 200 миллион текше метр су үнемдеуге жағдай жасайды. Үнемделген судың бір бөлігі Солтүстік Аралға бағытталады.

Ал Оңтүстік Аралдың тағдыры қандай?

Солтүстік Аралда жағдай біртіндеп түзеліп келеді, десе де Өзбекстан аумағындағы Үлкен Аралдың болашағы әлдеқайда күрделі.

Амудария суының теңізге жетпеуі Оңтүстік Аралдың тартылуын жалғастырып отыр. Құрғаған теңіз табанына сексеуіл отырғызу жұмыстары жүргізілуде. Бұл өсімдік тұзды топыраққа төзімді және құмның қозғалысын тежеуге көмектеседі.

Автордың айтуынша, құрғаған аумаққа миллиондаған сексеуіл көшеті отырғызылған. 2018 жылы Өзбекстанның бастамасымен БҰҰ қамқорлығымен Арал маңындағы халықтың қауіпсіздігіне арналған көпжақты траст қоры құрылды. Қордың мақсаты – экологиялық апат аймағындағы жағдайды жақсартуға қаражат тарту.

Алайда бұл шаралар Үлкен Аралды бұрынғы қалпына келтіруге әзірге жеткіліксіз.

Аралды қайтадан тұтас теңізге айналдыру мүмкін бе?

Аралды толық қалпына келтіру туралы ұсыныстар ондаған жыл бойы айтылып келеді. 1950–2000 жылдар аралығында Сібір өзендерінің суын Арал бассейніне бұру туралы жобалар да ұсынылған. Соның ішінде Обь өзенінің суын бұру идеясы талқыланды.

Алайда мұндай жобалардың құны өте жоғары әрі экологиялық тәуекелі орасан еді.

Солтүстік Арал үшін негізгі мәселе – Сырдария суы. Сырдария Қырғызстаннан бастау алып, бірнеше мемлекет аумағы арқылы өтетіндіктен, өзен суын пайдалану мәселесі Орталық Азия елдерінің өзара келісіміне тікелей байланысты.

Аралды құтқарудың халықаралық қоры осы мәселелер бойынша мемлекеттердің өзара іс-қимылын үйлестіруге бағытталған. Дегенмен су мәселесі тек экология емес, саясат пен экономика мәселесіне де айналып отыр.

Арал – бір адамның ғұмынына жетпейтін уақытта жойылған теңіз

Бүгінде бұрынғы теңіз табанында кемелердің қаңқалары жатыр. Кезінде балықшылар жұмыс істеген кемелер қазір шөлдің ортасында қалған туристік нысанға айналды. Аралдың қасіреті кинематографияда да көрініс тапты.

Рашид Нұғмановтың Виктор Цой басты рөлдердің бірін сомдаған «Ине» фильміндегі әйгілі кадрлардың бір бөлігі Аралдың қаңыраған жағалауында түсірілді.

Кейін бұл аумақта «Иттер» және «Теңізді күте отырып» фильмдері түсірілді.

Бір кездері тіршіліктің орталығы болған теңіз енді экологиялық апаттың символына айналды.

Хаёт Хан Насреддинов Арал тарихын адамзаттың табиғатқа жасаған ең ірі қателіктерінің бірі ретінде бағалайды.

«Біз адамдар алты онжылдық ішінде тұтас бір теңізді жойдық», – деп жазады ол.

Автордың пікірінше, Аралдың қазіргі жағдайы адамзатқа маңызды сабақ болуы керек. Табиғи ресурстарды шексіз пайдаланудың салдары бір ұрпақтың ғұмыры ішінде-ақ орны толмас өзгерістерге әкелуі мүмкін.

Қазақстанның тәжірибесі болса, жойылып бара жатқан экожүйенің ең болмаса бір бөлігін қалпына келтіру мүмкін екенін көрсетеді. Бірақ Солтүстік Аралдың қайта жандануы бүкіл Аралдың бұрынғы қалпына келді дегенді білдірмейді.

Фото: «Другая история Узбекистана» Фейсбук арнасынан

Теңіздің оңтүстік бөлігі әлі де тартылып жатыр. Сондықтан Аралдың бүгінгі тарихы бір теңіздің екі түрлі тағдыры туралы оқиға. Ал осы екі көріністің арасындағы айырмашылық адамзаттың табиғатпен қарым-қатынасындағы ең маңызды сабақтардың бірін көрсетеді. Теңізді жойып алу үшін ондаған жыл жеткілікті, ал оны қайта қалпына келтіру үшін одан да көп уақыт қажет.

Ескерту: Материал Ташкенттік экономист әрі журналист Хаёт Хан Насреддиновтың Арал теңізінің қазіргі жағдайы туралы зерттеуі негізінде жазылды. Автордың бағалауы мен тұжырымдары түпнұсқа материалға тиесілі.