Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстанда аумақтың геологиялық-геофизикалық зерттелу деңгейін арттыру бойынша жұмыстар жалғасып келеді. Мемлекеттік жер қойнауын геологиялық зерттеу аясында 1:200 000 масштабындағы өңірлік зерттеулер жүргізіліп жатыр.
— 2026 жылдың соңына дейін геологиялық-геофизикалық зерттелген аумақты 2,2 млн шаршы км-ге дейін жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар 25 нысандағы жұмыстарды аяқтау көзделген. Негізгі бағыттардың бірі — 1:50 000 масштабындағы геологиялық түсірілімге — ГС-50-ге көшу. 2026 жылы алтын, мыс, полиметалдар, сирек жер элементтері, литий, вольфрам, молибден және басқа да стратегиялық пайдалы қазбалардың перспективалы учаскелерін анықтауға бағытталған 20 жобаны іске асыру басталды, — делінген министрлік таратқан ақпаратта.
Сонымен қатар Солтүстік Торғай және Шу-Сарысу аз зерттелген шөгінді бассейндері аумағында 2Д сейсмобарлау жұмыстарының алты жобасын іске қосу жоспарланып отыр.
2026–2028 жылдары геологиялық түсірілім және сейсмобарлау жұмыстарын жүргізуге Үкімет резервінен 40,7 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 32,7 млрд теңге ГС-50 жұмыстарына, ал 8 млрд теңге сейсмобарлау жұмыстарына бағытталады.
Жобалар аясында аэрогеофизикалық, геохимиялық және зертханалық зерттеулер, Жерді қашықтан зондтау деректерін дешифрлеу, бұрғылау және ұңғымаларды геофизикалық зерттеу жұмыстары жүргізіледі.
Сонымен қатар мемлекеттік жер қойнауын геологиялық зерттеуді тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз ету мақсатында аукцион қорытындысы бойынша алынатын қол қою бонустары түсімдерінің кемінде 50 пайызын мемлекеттік геологиялық зерттеу жұмыстарына бағыттау заңнамалық түрде бекітілді.