Дәріханада артық ақша төлемес үшін: Елімізде дәрі-дәрмектің мемлекет белгілеген шекті бағалары жаңартылды - kaz.caravan.kz
  • $ 448.44
  • 514.81
+23 °C
Алматы
2026 Жыл
22 Қыркүйек
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Дәріханада артық ақша төлемес үшін: Елімізде дәрі-дәрмектің мемлекет белгілеген шекті бағалары жаңартылды

Дәріханада артық ақша төлемес үшін: Елімізде дәрі-дәрмектің мемлекет белгілеген шекті бағалары жаңартылды

Жаңа тізім 21 қыркүйектен бастап күшіне енді. 

  • 22 Қыркүйек
  • 56
Фото - Caravan.kz

Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасын мемлекеттік реттеу жүйесіне өзгерістер енгізілді. 21 қыркүйектен бастап дәрі-дәрмектің мемлекеттік реттелуге жататын жаңа тізімі және саудадағы шекті бағаларының жаңартылған нұсқасы қолданысқа енгізілді. Caravan.kz медиа порталының тілшісі жалғастырады. 

Өзгерістер Денсаулық сақтау министрлігінің 2026 жылғы 4 қыркүйектегі №105 және 7 қыркүйектегі №106 бұйрықтарымен бекітілді.

Мемлекеттік реттеудегі дәрілер саны қысқарды

№105 бұйрықпен көтерме және бөлшек саудада бағасы мемлекеттік реттеуге жататын дәрілік заттардың тізімі жаңа редакцияда бекітілді.

Жаңартылған тізімге сәйкес, мемлекеттік баға реттеуіне жататын дәрілік заттардың саны 3039-дан 1827 позицияға дейін қысқарды. Яғни 1200-ден астам дәрінің бағасы мемлекеттік реттеу жүйесінен шығарылды.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бағасы 1 АЕК-ке дейінгі, яғни 4 325 теңгеге дейінгі дәрілерді кезең-кезеңімен мемлекеттік реттеуден шығару көзделген.

Оқи отырыңыз: Баға сұраныс пен ұсынысқа қарай қалыптасады: Қандай дәрілер мемлекеттік бақылаудан алынды?

Министрлік осылайша фармацевтикалық нарықтағы бәсекелестікті дамытуды, дәрі-дәрмек ассортиментін кеңейтуді және халық үшін дәрілердің қолжетімділігін арттыруды көздеп отыр. 

Бағасы мемлекеттік реттеуден шығарылған препараттарға қатысты баға нарықтағы сұраныс пен ұсыныс негізінде қалыптастырылады. 

Реттелетін дәрілердің шекті бағасы жаңартылды

Ал мемлекеттік баға реттеуінде қалған дәрілер бойынша шекті бағалар да жаңартылды.

Бұл Денсаулық сақтау министрінің 2026 жылғы 7 қыркүйектегі №106 бұйрығы. Құжатпен 2021 жылғы №ҚР ДСМ-94 бұйрығына өзгерістер енгізіліп, оның қосымшасы жаңа редакцияда бекітілді.

Жаңартылған реестрде әр дәрі бойынша:

  • саудадағы атауы;
  • халықаралық патенттелмеген атауы;
  • дәрілік түрі;
  • өндірушісі;
  • тіркеу куәлігінің нөмірі;
  • өндірушінің бағасы;
  • көтерме саудадағы шекті баға;
  • бөлшек саудадағы шекті баға көрсетілген. 

Яғни дәріханада белгілі бір дәрінің бағасы белгіленген шектен аспауы тиіс. Бірақ бұл талап тек мемлекеттік баға реттеуіне енгізілген дәрілерге қатысты.

Бағаны қалай тексеруге болады?

Қазақстандықтар дәрінің мемлекеттік реттеуге жататынын және оның шекті бөлшек бағасын NAQTY ONIM цифрлық сервисі арқылы тексере алады.

Ол үшін 2024 жылғы 1 шілдеден кейін өндірілген дәрінің қаптамасындағы Data Matrix кодын смартфон арқылы сканерлеу керек. Сервис препараттың атауы, өндірушісі, таңбалануы және тауардың жеткізу тізбегіндегі қозғалысы туралы ақпарат береді.

1. Дәрі қаптамасынан Data Matrix (төртбұрышты код) табу;

2. Арнайы Naqty onim мобильді қосымшасын ашу;

3. Кодты сканерлеп, «Тауар жолы» бөліміне кіру;

4. Дәрінің Қазақстанда айналымға енгізілген күнін анықтау;

5. Сол күнді шекті баға бекітілген бұйрықтың күнімен салыстыру;

6. Тек содан кейін ғана қай баға заңды екенін түсіну.

Егер барлығын дұрыс өтсеңіз, бағаның заңды не заңсыз екенін анықтай аласыз.

Ескерту: Іс жүзінде тұтынушы дәріні қашан сатып алғаны маңызды емес. Бұл жерде дәрінің Қазақстан аумағына қашан әкелінгені және айналымға енгізілген күні маңызды. Егер дәрі жаңа бұйрық күшіне енгенге дейін елге жеткізілсе, ол ескі шекті бағамен сатыла береді, демек баға қымбат болуы да мүмкін. Ал жаңа бұйрықтан кейін әкелінген дәрілерге ғана жаңа баға қолданылады.

Дәріханада баға шекті мөлшерден жоғары болса

Егер дәріханада мемлекеттік реттеуге жататын дәрі белгіленген шекті бөлшек бағадан қымбат сатылса, сатып алушы чек пен дәрінің қаптамасын сақтап қойғаны жөн.

Мұндай жағдай туралы DariKZ мобильді қосымшасы арқылы өтініш беруге болады. Өтінішке растайтын материалдарды, соның ішінде тауар чегі мен дәрінің қаптамасын тіркеуге мүмкіндік бар.

Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті дәрі-дәрмек бағасына мониторинг жүргізуді жалғастырады. Министрлік бағаны бақылау кезінде дәрілерді таңбалау және қадағалау жүйесінің деректерін де пайдалануда. 

Маңызды: жаңа ережелер бойынша барлық дәріге бірдей мемлекеттік шекті баға белгіленбейді. Сондықтан дәрінің бағасын тексерген кезде алдымен оның мемлекеттік баға реттеуіне жататын-жатпайтынын анықтау қажет.

Оқи отырыңыз: Дәрі-дәрмектің мемлекет белгілеген шекті бағасын тексеру халық үшін нағыз квестке айналды