Кітап оқу миға және денсаулыққа қалай әсер етеді? Ғалымдар жауап берді - kaz.caravan.kz
  • $ 447.85
  • 513.46
+23 °C
Алматы
2026 Жыл
23 Қыркүйек
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Кітап оқу миға және денсаулыққа қалай әсер етеді? Ғалымдар жауап берді

Кітап оқу миға және денсаулыққа қалай әсер етеді? Ғалымдар жауап берді

Кітап оқу тек білімді арттырмайды.

  • 23 Қыркүйек
  • 15
Фото: Ботагөз романынан үзінді

Кітапты қызығушылықпен, яғни оқу міндет немесе жұмыс талабы болғандықтан емес, өз қалауымен оқу адамның когнитивтік қабілеттерін қолдап, күйзеліс деңгейін төмендетуге және жалпы психологиялық жағдайын жақсартуға ықпал етуі мүмкін. Сондай-ақ кітап клубтарына қатысудың да оң әсері болуы ықтимал. Caravan.kz медиа порталының тілшісі зерттеу нәтижесімен бөліседі. 

Бұл туралы Кембридж университетінің ғалымдары жүргізген зерттеуге сүйенген «Мел» медиа жазды. Зерттеу нәтижелері Psychological Medicine журналында жарияланған.

Ғалымдар кітап оқудың адам денсаулығына әсерін бағалаған бес сауалнама мен сегіз ұзақмерзімді зерттеудің деректерін талдаған. Зерттеулерге он мыңдаған адам қатысқан.

Зерттеу нәтижелерінің бір бөлігінде кітап оқу мидың ойлау және есте сақтау процестеріне қатысатын сұр зат көлемінің артуымен байланысты болған. Сонымен қатар мидың әртүрлі аймақтары арасындағы нейрондық байланыстардың күшеюі байқалған. Зерттеушілер мұндай өзгерістер адамның жас ұлғайған сайын болатын когнитивтік өзгерістерге бейімделуіне ықпал етуі мүмкін екенін атап өткен.

Балаларға әсері

Кітапты ерте жастан бастап өз еркімен оқитын балаларға қатысты зерттеулерде де белгілі бір айырмашылықтар байқалған.

Атап айтқанда, мұндай балалардың эмоцияны басқаруға жауап беретін ми аймақтарындағы ми қыртысының беткі ауданы мен көлемі біршама үлкен болған.

Зерттеу авторлары бұл нәтижелерді жастар арасындағы психикалық денсаулық мәселелерінің өзектілігі артып отырған кезеңде маңызды деп санайды.

Балалар арасында кітап оқу зейін, есте сақтау және атқарушы функциялардың жақсы көрсеткіштерімен байланысты болған. Сондай-ақ кітап оқитын балалардың оқу үлгерімі жоғарырақ болып, психикалық денсаулыққа қатысты мәселелер азырақ кездескен.

Стресті азайтуға көмектесуі мүмкін

Зерттеуде кітапты рахат үшін оқу стресс деңгейінің төмендеуімен, эмпатияның дамуы және адамның жалпы көңіл-күйінің жақсаруымен байланысты екені көрсетілген.

Сонымен қатар тұрақты оқу жалғыздық сезімінің азаюына ықпал етуі мүмкін. Әсіресе кітап клубтары сияқты ортақ қызығушылыққа негізделген әлеуметтік орта адамның басқа адамдармен байланысын күшейтуге мүмкіндік береді.

Ал егде жастағы адамдар арасында кітап оқу когнитивтік бұзылыстардың төменірек қаупімен байланысты болған.

Зерттеу авторлары кітап оқуды психикалық денсаулық мәселелерінің алдын алатын жеке емдеу әдісі ретінде қарастырмайды. Дегенмен оқу адамның бүкіл өмірі бойындағы когнитивтік және психологиялық саулығын қолдайтын пайдалы әдеттердің бірі болуы мүмкін.

Кітап оқитын ұлт

Осы ретте елімізде республикалық кітап оқу марафоны басталғанын айта кетейік. 

«Кітап оқитын ұлт» жобасы – Қазақстан Республикасы тұрғындары арасында тұрақты кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға, сыни және аналитикалық ойлауды дамытуға, сондай-ақ кітапты барлық жас және әлеуметтік топтар үшін білімнің маңызды көзі ретінде дәріптеуге бағытталған ауқымды зияткерлік-ағартушылық бастама.

Жоба халықтың бойында бала кезден кітап оқудың тұрақты дағдысын қалыптастырып, еліміздің әлемдегі ең көп кітап оқитын он мемлекеттің қатарына қосылуына ықпал етуді көздеп отыр. 

Марафон қыркүйек айында басталып кетті. Жеті бағыт бойынша әр түрлі авторлардың шығармаларын оқуға береді.  Қатысу үшін Кітап оқитын ұлт сілтемесіне өтіп, тіркеле аласыз.

Бұдан бұрын біздің редакция Алматы қаласында үштілді кітап клубы туралы жазған болатын. Клубқа қосылу үшін материалымызды оқи отырыңыз: Алматылықтар оқу мәдениетін қалай дамыта алады?

Тақырыпқа сай материалдар:

Қазақ қоғамының оқу әдеті: Статистика не дейді?

Қытай «оқитын қоғам» құруға мықтап кірісті. Қазақстанға бұл тәжірибе үлгі бола алады ма?