Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Құрлықтық додада ел намысын қорғайтын боксшылардың қатарында бүгін рингке алғаш болып Сабыржан Аққалықов шығады.
80 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы жарысты 1/8 финалдан бастайды. Оның алғашқы қарсыласы — Оңтүстік Корея өкілі Ким Мин Сон.
Аққалықов пен Ким Мин Сон арасындағы жекпе-жек 23 қыркүйек, яғни бүгін күндізгі сессия аясында өтеді. Қазақстандық боксшы бағдарламадағы жетінші жұпта рингке шығады. Күндізгі сессия сағат 13:30-да басталады.
Жекпе-жектің тікелей трансляциясын “Qazaqstan” телеарнасынан көруге болады.
Сабыржан Аққалықов — жастар арасындағы әлем чемпионы. Сонымен қатар қазақстандық боксшы 2025 жылғы IBA нұсқасы бойынша ересектер арасындағы әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болды. Сондай-ақ биылғы Азия чемпионатында чемпион атанған.
Ал Аққалықовтың қарсыласы Ким Мин Сон да халықаралық жарыстарда жүлде алған боксшы. Оңтүстік Корея өкілі 2026 жылғы Азия чемпионатында қола медаль иеленді. Бұдан бөлек, ол Қытайдың Гуйян қаласында өткен World Boxing ұйымының 2026 жылғы әлем кубогі кезеңінде қола жүлдеге қол жеткізген.
Айта кетейік, бокстан Азия ойындарының турнирі Жапонияның Нисио қаласында өтіп жатыр. Жарыс 2 қазанға дейін жалғасады.
Қазақстан құрамасы Азия ойындарында бокстан 11 спортшымен сынға түседі. Оның алтауы — ерлер, бесеуі — әйелдер.
Ерлер арасында Махмұд Сабырхан (55 кг), Оразбек Асылқұлов (60 кг), Төрехан Сабырхан (70 кг), Сабыржан Аққалықов (80 кг), Нұрбек Оралбай (90 кг) және Айбек Оралбай (+90 кг) өнер көрсетеді.
Әйелдер арасында Қазақстан намысын Алуа Балқыбекова (51 кг), Назым Қызайбай (54 кг), Виктория Графеева (60 кг), Аида Әбікеева (65 кг) және Наталья Богданова (75 кг) қорғайды.
Қазақстандық боксшылардың басым бөлігі Азия ойындарындағы алғашқы жекпе-жектерін алдағы күндері өткізеді. Спортшылар әр салмақ дәрежесіне сәйкес жарысқа кезең-кезеңімен қосылады.