«Күміс университет», шипажай, белсенді өмір орталықтары: Қарт адамдарға қандай қолдау бар - kaz.caravan.kz
  • $ 440.86
  • € 500.77
+21 °C
Алматы
2026 Жыл
1 Қазан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Күміс университет», шипажай, белсенді өмір орталықтары: Қарт адамдарға қандай қолдау бар

«Күміс университет», шипажай, белсенді өмір орталықтары: Қарт адамдарға қандай қолдау бар

Зейнетке шығу бүгінде тек зейнетақы алумен шектелмейді. Қазақстанда аға буын өкілдерінің белсенді өмір сүруіне, білім алуына, денсаулығын нығайтуына және күнделікті көмек қажет болған жағдайда әлеуметтік қызмет алуына мүмкіндік беретін түрлі қолдау шаралары бар. 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай еліміздегі 2,5 миллионнан астам зейнеткерге қандай мүмкіндіктер қарастырылған

  • 1 Қазан
  • 3
Фото: ЖИ

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстандағы зейнеткерлер саны 2 593 287 адамға жеткен. Ал 100 жасқа толған және одан асқан 475 адам бар. Олардың ең көбі Алматы қаласында – 68 адам. Ғасыр жасаған 50 адам – Түркістан облысында, 39 адам – Алматы облысында тұрады.

Елдегі ең егде тұрғын Ұлытау облысының тумасы — 116 жаста. Сондай-ақ Павлодар облысында 114 жастағы, Қостанай облысында 111 жастағы тұрғын бар.

Егде жастағы азаматтарды қолдау бірнеше бағытты қамтиды. Оның ішінде зейнетақымен қамтамасыз етумен қатар, белсенді өмір салтын қолдау, әлеуметтік ортадан шет қалмауына жағдай жасау және күнделікті тұрмыста көмекке мұқтаж адамдарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бар. Бұл шаралар қарт адамдардың қажеттілігіне қарай әртүрлі деңгейде жүзеге асырылады.

Аға буынды қолдаудағы бағыттардың бірі – олардың зейнетке шыққаннан кейін де белсенді әрі мазмұнды өмір сүруіне жағдай жасау.

Зейнетке шыққаннан кейін белсенді өмір сүруге қандай мүмкіндік бар

Бұл ретте Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарын атауға болады. Мұнда зейнеткерлер денсаулығын нығайтып, жаңа дағдылар меңгеріп, өз қызығушылығына сай іспен айналыса алады.

Орталықтарда емдік дене шынықтыру, йога, скандинавиялық жүріс, би, шахмат, қолөнер, вокал, бейнелеу өнері, шет тілдері және цифрлық сауаттылық бойынша сабақтар ұйымдастырылған. Сонымен қатар мәдени, спорттық және білім беру іс-шаралары өткізіліп, психологтер мен заңгерлер консультация береді.

Министрліктің дерегінше, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша, елімізде 134 Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істеп тұр. Оның 82-сі аудандық және ауылдық жерлерде, 50-і облыстық және республикалық маңызы бар қалаларда орналасқан.

Орталықтардың ең көбі Түркістан облысында – 25. Алматы қаласында – 19, Қостанай облысында – 18, Алматы облысында – 12, Ақмола облысында 9 орталық бар. Бұдан бөлек, мұндай орталықтар Абай, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Астана мен Шымкент қалаларында жұмыс істейді.

2025 жылы орталықтар 850 мың қызмет көрсеткен. Ведомство мәліметінше, мониторинг нәтижесі бағдарламаларға қатысқан қарттардың психоэмоционалдық жағдайы мен физикалық денсаулығы жақсарғанын көрсетеді. Орталықтар әлеуметтік оқшаулануды азайтып, белсенді өмір сүруге мүмкіндік беретін ортаға айналып келеді.

Күнделікті көмекке мұқтаж қарттарға қандай қолдау бар

Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарына өздігінен барып, түрлі іс-шараға қатыса алатын зейнеткерлермен қатар, егде жасына байланысты күнделікті тұрмыста көмекке мұқтаж адамдар да бар.

Оларға арнаулы әлеуметтік қызметтер стационарлық және жартылай стационарлық жағдайда, үйде, сондай-ақ уақытша орналастыру арқылы көрсетіледі. Министрліктің мәліметінше, солардың ішінде көп сұранысқа ие бағыттардың бірі – үйде қызмет көрсету.

Бұл егде жастағы азаматтарға үйреншікті ортасында қажетті көмек алып, отбасылық және әлеуметтік байланыстарын сақтауға, мүмкіндігінше ұзақ уақыт дербес өмір сүруге мүмкіндік береді.

Қазір әлеуметтік қорғау жүйесінде шамамен 12 мың әлеуметтік қызметкер еңбек етеді. Оның 9 532-сі арнаулы әлеуметтік қызметті азаматтардың үйіне барып көрсетеді.

Ұсынылған мәлімет бойынша, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарда 34 856-дан астам қарт бар. Оның 8 634-і – ер адам, 26 222-сі – әйел.

Бұдан бөлек, еліміздегі 45 мемлекеттік стационарлық әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 7 230 зейнеткер тұрады. Олардың 60%-ы – ер адам, 40%-ы – әйел.

«Күміс университет» жобасы: зейнет жасында да білім алуға болады

Тағы бір бағыт – «Күміс университет» жобасы. Ол Қазақстанда 2021 жылдан бері жүзеге асырылып келеді және 50 жастан асқан азаматтардың білім алуына мүмкіндік береді. Жоба аясында цифрлық, қаржылық және құқықтық сауаттылық, шет тілдері, кәсіпкерлік, дене белсенділігі және басқа да бағыттар бойынша сабақтар өткізіледі. Бұл модель Франция, Англия, Қытай және Жапония сияқты елдерде 60 жылдан астам уақыт бойы сәтті жұмыс істеп келеді.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 32 университет «Күміс университет» бағдарламаларын жүзеге асыруда, тыңдаушылар саны 1500 адамнан асады.

Мәселен, 2026 жылы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіндегі «Күміс университетке» 120 адам тіркелген. Тыңдаушылардың орташа жасы – 66, ал ең үлкені – 79 жаста. Жалпы жоба басталғалы аталған университетте 350-ден астам адам білім алған.

Кейбір жоғары оқу орындары заман талабына сай жаңа курстарды да енгізіп жатыр. Мәселен, Ualikhanov University-де тыңдаушылар күнделікті өмірде жасанды интеллектіні қолдануды, әлеуметтік желілердегі маркетингті, қазақ және ағылшын тілдерін меңгереді. Сондай-ақ когнитивтік қабілеттерді дамыту, қаржылық және құқықтық сауаттылық бойынша сабақтар бар.

Өңірлерде бағдарламалардың бағыты әртүрлі. Мәселен, Қарағандыдағы «Күміс университеттерде» цифрлық сауаттылықпен қатар интернет-алаяқтықтан қорғану, қаржылық және құқықтық сауаттылық, шет тілдері мен денсаулықты нығайтуға арналған курстар өткізіледі. Ал Маңғыстауда Yessenov University аға буын өкілдеріне гид-экскурсия жүргізушілерді даярлау курсын ұйымдастырған. Оның бағдарламасына экскурсия жүргізу шеберлігі, өңірдің тарихи-мәдени орындары, компьютерлік сауаттылық пен ағылшын тілі енгізілген.

Осылайша, «Күміс университет» аға буын өкілдеріне зейнет жасында да білімін жалғастырып, цифрлық ортаға бейімделуге, жаңа қызығушылық пен дағды қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр.

Зейнеткерлер шипажайға қалай бара алады

Зейнеткерлерге арналған қосымша әлеуметтік қолдаудың бірі – санаторий-курорттық ем. Мұндай көмек жергілікті бюджет есебінен көрсетілетіндіктен, жолдама алу тәртібі мен жеңілдік мөлшері өңірге қарай ерекшеленеді. Кей жерде зейнеткер жолдама құнының белгілі бір бөлігін төлесе, енді бір өңірде емделуге жұмсалған шығынның бір бөлігі өтеледі.

Мәселен, Астанада жасы бойынша зейнеткерлер санаторий-курорттық емге жолдама құнының 20%-ын төлейді. Ал ең төменгі зейнетақы алатын азаматтар үшін бұл көрсеткіш 15%-ды құрайды. Жеңілдікке ие болу үшін азаматтың елордада тұрғылықты жері бойынша кемінде үш жыл тіркелуі қажет.

Елордада санаторий-курорттық емге жазылу электронды түрде жүргізіледі. Жолдамалар саны шектеулі және тіркеу санаторийлермен келісілген кесте мен қолжетімді орындарға қарай жүзеге асырылады.

Ал Алматыда санаторий-курорттық емге әлеуметтік көмек алу үшін табыс мөлшері де ескеріледі. Мәселен, Наурызбай ауданында тұрақты тұратын жасы бойынша зейнеткердің жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің үш еселенген мөлшерінен, яғни 159 096 теңгеден аспауы тиіс. Бұл талапқа сәйкес келетін зейнеткер жолдама алу үшін зейнетақысының 25%-ын төлейді.

Жамбыл облысында басқа тәсіл қарастырылған. Мұнда жасы бойынша зейнеткерлерге санаторий-курорттық емделуге кеткен шығын жылына бір рет өтеледі. Ол үшін отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің үш еселенген мөлшерінен аспауы керек.

Бұл ретте зейнеткер Қазақстан аумағындағы санаторийді өзі таңдап, жолдаманы алдымен өз қаражатына сатып алады. Емделіп келгеннен кейін растайтын құжаттарын тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне тапсырады. Талаптарға сәйкес келген жағдайда шығын 45 АЕК көлемінде өтеледі.

Осылайша, зейнеткерлерге санаторий-курорттық ем алу мүмкіндігі қарастырылғанымен, оны ұсыну тетігі республика бойынша бірдей емес. Жолдама құны, зейнеткер төлейтін үлес, табысқа қойылатын талап және шығынды өтеу тәртібі тұрғылықты өңірге байланысты белгіленеді.

Зейнетақы бес жылда қалай өзгерді

Аға буынды әлеуметтік қолдаудың негізгі бағыттарының бірі – зейнетақымен қамтамасыз ету. Мәліметке сәйкес, 2026 жылы зейнетақы төлемдеріне 4 трлн 857,5 млрд теңге қарастырылған. Оның 3 трлн 244,2 млрд теңгесі ынтымақты, 1 трлн 613,3 млрд теңгесі базалық зейнетақы төлемдеріне бағытталады.

2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 197 257 теңгені құраған. Оның ішінде ынтымақты зейнетақының орташа мөлшері – 103 203 теңге, базалық зейнетақы – 53 991 теңге, жинақтаушы зейнетақы – 40 063 теңге.

2021 жылы жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 128 312 теңге болған. Осылайша бес жылда бұл көрсеткіш 68 945 теңгеге немесе 53,7%-ға өсті.

Ең төменгі төлемдер де артқан. 2021 жылы мемлекеттік базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 18 524 теңге болса, биыл 35 596 теңгеге жетті. Ал ең төменгі зейнетақы осы аралықта 43 272 теңгеден 69 049 теңгеге дейін өсті.

Зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер 2023 жылдан бастап кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. 2023-2027 жылдар аралығында базалық зейнетақының ең төменгі мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ынан 70%-ына дейін, ең жоғары мөлшерін 100%-ынан 120%-ына дейін көтеру көзделген.

Сонымен қоса, 2023 жылдан бастап әйелдердің зейнеткерлік жасын көтеру де тоқтатылып, 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде белгіленді.

Жалпы, аға буынға қатысты әлеуметтік саясатта олардың тек материалдық жағдайына емес, өмір сапасына да мән беріліп келеді. Егде жаста адамның дербестігін сақтауы, қоғам өмірінен шет қалмауы және өз мүмкіндігін жүзеге асыруы маңызды бағыттардың біріне айналып отыр.