Бұл туралы Passport Reports-тың 2026 жылғы қыркүйектегі дерегінде айтылған, — деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Рейтингке барлығы 199 ел енгізілген. Қазақстан төлқұжаты Азияның 50 елі арасында 22-орын алған.
Қазақстан төлқұжатының мобильдік көрсеткіші – 90. Бұл қазақстандықтардың 90 бағытқа алдын ала виза алмай-ақ бара алатынын білдіреді. Олардың қатарына визасыз кіру, шекарада виза алу, жеңілдетілген рәсімдер немесе электронды рұқсат арқылы кіру жатады.
Қазақстандықтар қай елдерге алдын ала визасыз бара алады?
90 бағыттың ішінде:
- 43 ел мен аумаққа визасыз кіруге болады;
- 41 бағытта виза келген кезде беріледі немесе жеңілдетілген рәсім қолданылады;
- 6 бағытта электронды рұқсат қажет.
Ал 108 бағытқа бару үшін қазақстандықтарға визаны алдын ала рәсімдеу қажет.
Орталық Азиядағы бес елдің арасында Қазақстан бірінші орында. Қазақстан азаматтары Қырғызстанға, Өзбекстанға және Тәжікстанға визасыз бара алады. Ал Түрікменстанға бару үшін алдын ала виза алу қажет.
Қазақстандықтарға қай елдерге бару оңай?
Азия елдерінде қазақстандық төлқұжаттың қолжетімділік көрсеткіші 69,4%. 20 бағытқа визасыз кіруге болады, тағы 12 бағытта виза келген кезде беріледі немесе жеңілдетілген рәсім қарастырылған. Екі бағытта электронды рұқсат қажет.
Еуропада бұл көрсеткіш 17%. Қазақстандықтар сегіз елге визасыз бара алады, ал 39 елге алдын ала виза рәсімдеу қажет.
Парсы шығанағы елдерінде қолжетімділік көрсеткіші 83,3%.
Мысалы, БАӘ-ге қазақстандықтар 30 күнге визасыз кіре алады. Оманға 14 күнге визасыз баруға болады.
Бахрейн, Катар және Сауд Арабиясында виза келген кезде беріледі немесе жеңілдетілген рәсім қарастырылған. Сонымен қатар электронды виза рәсімдеуге болады. Кувейтке бару үшін виза қажет.
Кейбір мемлекеттерде қосымша талаптар бар. Мысалы, Грузияда қазақстандықтар 360 күнге дейін, ал Арменияда 180 күнге дейін визасыз бола алады.
Малайзия мен Таиландқа 30 күнге дейінгі сапар кезінде келгені туралы карта толтыру қажет.
Доминикан Республикасына 30 күндік электронды билет, Сейшель аралдарына 90 күнге дейінгі туристік тіркеу, ал Кот-д’Ивуарға 90 күнге дейінгі алдын ала тіркеу қажет.
Қазақстандықтарға қай елдерге виза керек?
Passport Reports мәліметінше, Қазақстанға шетел азаматтарының кіру тәртібі мен қазақстандықтардың басқа елдерге бару талаптары әрдайым бірдей емес.
Мысалы, Германия, АҚШ, Жапония және Канада азаматтары Қазақстанға визасыз, электронды рұқсатпен немесе келген кезде виза алып кіре алады. Ал қазақстандықтар бұл елдерге бару үшін визаны алдын ала рәсімдеуі керек.
Керісінше, Антигуа және Барбуда, Бангладеш, Кения және Тунис азаматтарына Қазақстанға кіру үшін виза қажет. Ал қазақстандықтар бұл елдерге визасыз, электронды рұқсатпен немесе келген кезде виза алып бара алады.
Қазақстан басқа рейтингтерде қай орында?
Passport Reports Қазақстанның халықаралық ұйымдар ішіндегі орнын да салыстырған:
- Ислам ынтымақтастығы ұйымының 57 мемлекеті арасында – 13-орын;
- Шанхай ынтымақтастық ұйымының 10 елі арасында – 4-орын;
- OPEC+ құрамындағы 21 ел арасында – 10-орын;
- Дүниежүзілік сауда ұйымының 159 мүшесі арасында – 96-орын;
- ЕҚЫҰ-ға мүше 57 мемлекет арасында – 50-орын.
Ал шетел азаматтарының Қазақстанға кіру жеңілдігі бойынша ел 199 мемлекет арасында 100-орында тұр.