Қазақтың Бауыржаны рөлінде бұл жолы жас актер Еркебұлан Дайыров. Театр әртісі, шын мәнісінде, беліне ауыр шоқпарды байлады. Барынша бойын тіктеп, қас-қабағын Бауыржанша ұстауға тырысып жүр. Халықтың сүйікті ұлын сериалда сомдауға қызыққандардың саны жүзден асып жығылыпты. Әбден қызған шығармашылық шайқасты келісті келбетімен ақыры 27 жастағы жігіт жеңіп алған.
Еркебұлан Дайыров, актер:
— Әлі көзін көрген халқы бар, елі бар, жұрты бар батырды, әрине, халықтың алдына сол бұрынғы Бауыржан қылып алып шығу, әрине, қиын. Мен документалдық фильмде ол кісінің көз қарасын, тіпті, қай қолымен темекі шекті, қалай жүрді, көзінің өткірлігіне дейін зерттеп, қолымнан келгенше соны жасап бағуға, істеуге тырыстым.
Ал батырдың жары Жамалды – Әсел Сағатова ойнап шықпақ. Сериал желісі бойынша ол жүкті. Ішінде жеті айлық нәрестесі бар. Басты кейіпкердің бірі – генерал-майор Панфилов. Ол өзінің әйгілі автокөлігінің жанында Бауыржанға сөйлейтін сөзін жаттап жүр.
Сериал қарапайым ауыл мектебінде түсірілуде. Қазір мұнда даңқты қолбасшы жауынгерлерін соғысқа дайындап жатыр. Тозығы жеткен мектеп 41-ші жылғы соғыс коммисариатына ұқсап-ақ тұр. Терезе, есігі барлығы қисайған. Ал ұстаздары мен оқушыларын киногерлер әртістерге айналдырыпты.
1 айдан соң түсірілім тобы Мәскеуге аттанады. Онда батыр Бауыржан Волоколам тас жолын қорғайды. Сценарий бойынша жауды жағадан алуға Еркебұлан да дайын. Тұңғыш тарихи телесериалды көрермен осы жылы көре бастайды. Ақан Сатаев туындыны қазақтың тәуелсіздік күніне арнаймын деп отыр.
Ақан Сатаев, режиссер:
— Бұл киноны желтоқсанда қазақтың тәуелсіздік күні көрсетуді жоспарлап отырмыз. Енді көрерменнің көңілінен шыға ма, шықпай ма? Әрине, біз бұл киномызды көрерменнің көңілінен шығуы үшін бар күшімізді саламыз.
Тарих бойынша ер Баукеңнің батальоны Талғарда, нақ осы мектептің қабырғасында құрылыпты. Сериалдың ерекшелігі де сол, яғни оқиға өткен жерде түсіріліп жатыр. Сонымен қатар, режиссер түсірілім барысында қазақтың әскери әдебиетін де жаңғыртпақшы. Өйткені, батыр Баукең нақ осы қазақтың мақал-мәтелдерімен және қанатты сөздерімен жауынгерлеріне күш беріп, жауға қарсы қол бастаған.