Оңтүстік Кореяға саяхат: турист көзімен 10 күндік саяхат - kaz.caravan.kz
  • $ 470.28
  • 537.53
+27 °C
Алматы
2026 Жыл
20 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Оңтүстік Кореяға саяхат: турист көзімен 10 күндік саяхат

Оңтүстік Кореяға саяхат: турист көзімен 10 күндік саяхат

Оңтүстік Корея елі туризм үшін өте танымал бағыттардың бірі. Сәнді ғимараттар, тарихи жерлер, әдемі табиғат. Осының бәрі көптеген туристтерді қызықтырады. Әрине K-pop пен дорама сүйер қауым үшін бұл ерекше ел.

  • 20 Шiлде
  • 1120
Фото - Ғалымжан Сәңкібаев

Caravan.kz медиа порталының тілшісі өз демалысын Оңтүстік Кореяда өткізіп, ең қызық сәттерімен бөліспек.

Оңтүстік Кореяға кіру жолы

Бұл елге қазақстандықтар к-ета арқылы кіре алады, бұл электронды рұқсат. Электронды рұқсатпен алғаннан кейін де елге кіргізу-кіргізбеу Оңтүстік Корея офицерінің қолында. Менде жаңа төлқұжат болғандықтан уайым басымырақ болды. Бірақ ешқандай мәселесіз 1-2 минуттың ішінде елге кірдім.

Сеул

Мен көптен бері дораманың жанкүйері болғандықтан әрине бұл елде болуды жылдар бойы армандап, осы жылы ғана көру мүмкіндігі туды. Ең алдымен бізге қоғамдық көлікпен жүру үшін билет керек болды. Сондықтан дүкендерінен біздегі «оңай» картасы сияқты карта сатып алдық. Ал ол картаны тек қолма қол ақшамен ғана сатып ала аласың және тек қана қолма қол ақшамен ғана толтыра аласың. Қоғамдық көліктерде карточка немесе apple pay арқылы төлеу мүмкін емес.

Барлық жолаушылар автобустың алдыңғы қатарынан кіріп, төлем жасап, түсетін кезде «stop» деген батырманы басып артқы қатардан шығады. Барлық халық осы ережеге үйреніп алғандай.

Фото — Ғалымжан Сәңкібаев

Ең алдымен әрине кореялық телехикаялардан көрсетілетін түрлі дәмділерінің де дәмін көрдік, ең көрікті жерлеріне де бардық. Оңтүстік Кореяда тәттілерді де өте жақсы дайындайды екен, оның да әрине дәмін көрдік.

Кореялық тарихи дорамалар арқылы әрине бұл елдің тарихын жаттап алдық десек те болады. Кёнбоккун деген әйгілі сарайына бардық. Бұл 1395 жылы Чосонның негізін қалаған Тхэджо патшаның бұйрығымен салынған. Сарайдың атауы «Ұлы Бақ-береке сарайы» деген мағынаны білдіреді.

Фото — Ғалымжан Сәңкібаев

Бұл сарайға кореялық киім кисең, оны әрине жалға аласың 1 сағаты шамамен 5-6 мың теңге тұрса, ал 2 сағатқа 10-11 мың теңге көлемінде, бірақ ол өзіңіз алған киімге де байланысты. Сарайға кореялықтардың киімін кисеңіз тегін кіресіз, кимесеңіз онда шамамен 1000 теңгедей төлейсіз. Төлем карталарымен де, apple pay-мен де төлеу мүмкіндігі бар.

Кореяның уәзірінің киімін киіп алып әрине өзіңді бір мықты шенеуніктей, талай нәрсе жасап тастаған адамдай сезінесің. Фотосессияның көкесі де дәл осы жерде болды.

Сувон қаласы

Қазақстанның жері үлкен. Сондықтан да мысалы ұшақ арқылы Алматыдан Ақтауға ұшу 3 сағаттай уақытты алса, ал Оңтүстік Кореяның жері кішкентай екенін осыдан байқауға болады. Сеулге жақын Сувон деген қалаға пойызбен 1 сағаттай жүрдік. Нағыз дорама әлемі дәл осы қалада екен.

Фото — Ғалымжан Сәңкібаев

Өте сәнді киінген жастар, көптеген дорама түсірілген жерлер және әрине әдемі табиғат. Бұл жерде мен әйгілі «Сон Чжэні ұста да қаш» дорамасындағы үйді іздеп келгенмін. Оны тауып, әдемі фотосессия болды. Қаланың өзі өте бір әдемі, сәнді әрі ерекше. Осы қалада жарты күндей болып Сеулге қайта оралып 1 күн ел астанасын тағы бір тамашаладық.

Чеджу аралы

Сеулден Чеджу аралына таңғы 6-да ұшатын болғандықтан әуежайға ертерек бардық. Гимпо әуежайына түнделетіп барсақ әуежайдың есігі тас жабық. Бұл әуежай таңғы 4 жарымнан бастап жұмысын бастайды екен.

1 сағаттан сәл аса ұшып Чеджу аралына жеттік. Бұл жердің табиғатын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, өте әдемі, өте сұлу. Әуежайдан түскеннен кейін әуежайға жақын жердегі қонақ үйге орналастық. Сол жерден әдемі табиғатты көру үшін автобуспен 3-4 сағаттай жол жүрдік. Бұл жақта бір жақсысы қоғамдық көліктері apple pay де, төлем карталарын да, alipay-ді де қабылдай екен.

Фото — Ғалымжан Сәңкібаев

Әдемі табиғатты да көрдік, дәл «Тағдыр мандарин сыйлаған кезде» дорамасындағыдай мандариннің де дәмін көріп, міндетті түрде бір фотосессия жасап алдық.

Фото — Ғалымжан Сәңкібаев

Келесі күні әйгілі «Нартәуекел» дорамасының локациясына бардық. Бұл 2003 жылы шыққан, кейін біздегі белгілі телеарналарда көрсетіліп, үлкен танымалдылыққа ие болған еді. Бұл да әрине таудың бөктерінде. Мұнда жету үшін 2 сағаттай автобуспен жүріп, кейін таксиге отырдық. Таксиді де әрине төлем карталарымен төлеуге әбден болады.

Осындағы табиғатқа әрине тамсандық, тамашаладық. Чеджу аралында 2 күн болып Оңтүстік Кореяның келесі қаласына жол тарттық.

Пусан қаласы

Чеджу аралынан Пусанға дейін де ұшақпен ұштық. Ұшақ шамамен 1 сағаттай ұшып, дәл осы қалаға келіп қонды. Мұнда теңіз жағалауы бар, нағыз жаздың ыстық кезінде қарсы алуға болатын жер.

Әдемі болған үйлерін көрдік, арнайы пойыздарына міндік. Пойыздары екіге бөлінеді. Біріне көптеген адамдар отырса, ал екіншісіне тек 2-4 адам ғана отырса болады. Екіншісі әрине әдемірек болады әрі жоғарыда жүреді. Бірақ оны алдын ала алмасаң билет болмайды екен.

Пусан қаласындағы зәулім ғимараттарды көріп Дубайда жүргендей сезімде боласың. Мүмкін Дубайдағы әйгілі ғимаратты кәрістер салғаннан кейін болар. Осы қалада түрлі тәттілерді де, дәмділерді де, тіпті соджудың да дәмін көріп алдық, бұл әйгілі кәрістердің ішімдігі. Сонымен осы қалада 10 күнге созылған демалысымыз аяқталды.

Не арзан, не қымбат?!

Байқағаным бойынша көптеген тағамдары, тәттілері қолжетімді бағада, біздің бағамен бірдей десек болады. Бірақ сүт өнімдері және жұмыртқаның бағасы бұл жақтан қымбатырақ екен. Мысалы, 10 жұмыртқаны 5980 вонға аласың, теңгеге шаққанда – 1900 теңге. Жеміс-жидектердің бағасы аса арзан емес. Дегенмен қатты бір қымбатшылықты байқай қоймадым.

Бұл елде қазақтарға ең қиыны әрине тағам жағы. Өйткені, көптеген тағамдары шошқа етінен тұрады. Сондықтан да бізге көбінесе тауықтан жасалған тағамдарды жеуге тура келді. Дорамаларда сиыр етінің қымбат екені көп айтылып жатады, расында да солай екен. Сондай бір мейрамхананы көрген кезде 100 грамм сиыр еті теңгеге шаққанда шамамен 19 мың теңгедей екенін көргенде әрине таң қалдық. Одан кейін сүтсіз шайды табу қиынның қиыны болды, табылмады. Кәрістердің басым көпшілігі мұздай айс американо ішеді екен, ыстық шай ішеді деген бірде бір кәрісті көрмедім. Мұздай демекші автобустардың барлығы сап-салқын болып тұрады, тіпті жаурап та кетесің.

Caravan.kz медиа порталы тілшісінің Оңтүстік Кореядағы 10 күндік демалысы дәл осылай өтті.