Ә дегенде Ресейдің атақты дзюдошысы Әлім Гадановтан мерейін асырған жерлесіміз, келесі белдесуде сингапурлік Джоэл Тсенгтен басым түсті. Ағылшын Колин Ойтис пен жапониялық жампоз Масаки Фукуока да Азаматтың адымына төтеп бере алмады. Жоғары да аталған қарсыластарын иппон әдісімен таза жеңген Азамат, жартылай сында 2009- жылғы әлем чемпионы Георгий Зантарияны ұтты. Украйналық дзюдошыны вазари әдісімен жеңген Азаматты финалда жапон жігіті Эбимуа Масаши күтіп тұрды. Жерлесіміз үшін ақтық сын жап жақсы басталған. Сылбырлық танытқан қарсыласы төрешіден ескерту де алып үлгерген. Бірақ бәсеке аяқталуға тура бір минут қалғанда жапонның әдісіне түсіп қалған Азамат күміс жүлдені місе қылды. Осы салмақта күрескен ұлттық құраманың тағы бір балуаны Сергей Лим алғашқы белдесуде мүлт кетті.
Жылдың соңғы супервелододасы «Вуэльтада» лидердің қызыл жейдесі қолдан –қолға өтуде. Алғашқы екі кезеңде қызыл жейдені жарыс жолына астаналық велошабандоздар Янец Брайкович пен Винченцо Нибали киіп шықса, үшінші кезеңде көш тізгіні америкалық Кристофер Хорнерге тиді.
Бірақ лидердің жейдесін «РадиШактың» өкілі де ұзақ киген жоқ. Лейн мен Фистерраның арасында өткен төртінші күннің нәтижесі бойынша біздің капитан жалпы есепте қайта алға шықты. Бұл күні «Катюшаның» намысын жыртып жүрген испаниялық велошабандоз Даниэль Морено топ жарды. Швейцариялық Фабиан Канчеллара екінші, ал аустралиялық Михаэль Мэттьюс мәреге үшінші жетті. Үстіндегі қызыл жейдені «Астананың» капитанына қайта табыстаған Хорнер генералдық тізімде екінші орынға сырғыды. Ол лидерден бары-жоғы 0,03 секунд қалып келеді. Екі күннен бері үшінші орыннан жылжымаған Николас Роч пен Нибали арасындағы уақыт айырмашылығы болар болмас. Ирландиялық велошабандоз 0,08секунд кешігуде.
Әлемнің үздік теннисшілері АҚШ тың ашық чемпионатындағы алғашқы қарсыластарын айқын жеңді. Кәсіпқой теннисшілер қауымдастығының көш басшысы Новак Джокович литвалық Ричардас Беракистің адымын аштырмады.
1 сағат 22 минутқа жалғасқан үш сеттегі бәске 6:1, 6:2, 6:2 есебімен сербиялық теннисшінің пайдасына шешілді. Әлемнің бірінші ракеткасы келесі раундта германиялық Бенджамин Беккермен күш сынасады. Осы күні швейцариялық шебер Роджер Федерер 6:3, 6:2 және 7:5 есебімен словениялық Грег Землейден мерейін асырды. Беларусь теннисінің мақтанышы Виктория Азаренконың да екпіні күшті. Виктория 1 сағат 5 минуттың ішінде неміс қызы Дина Пфиценмайерді тас талқан етті. Екі сетті де 6:0 есебімен таза ұтқан Азаренко келесі матчты канадалық теннисші Александра Вознякпен өткізеді.