Оқ-дәрі мен жарылғыш заттардың көзін жоюмен айналысатын Жамбыл облысындағы Отар станциясында орналасқан арнайы нысанда кеше кешкі сағат бестер шамасында жарылыс орын алып, жеті адам зардап шексе, оның екеуі көз жұмған. Себебі алған жарақаттары тым ауыр. Зардап шеккендердің денесінің 90 пайызын күйік шалған.
Анықталғандай «ҚазақЖарылысӨндіріс» акционерлік қоғамының аумағында әскерилер емес, жергілікті тұрғындардан құралған жұмысшылар қызмет етеді екен. Оқыс жағдай болған цехта 122 мм снарядтардан порох алынып тасталуы тиіс болған. Осы кезде бөлме ішінде өрт шығып, арты жойқын жарылысқа ұласыпты. Салдарынан жұмысшылардың бірі сол жерде көз жұмса, 36 жастағы азаматша ауруханада ес жимастан бақилық болған. Тағы 5 адам қазір ауруханадар жатыр. Оның біреуі хал үстінде.
Ақбар Әбділдин, ҚР Бас Әскери прокуратурасының баспасөз хатшысы:
— Бұл абайсызда кісі өліміне немесе ауыр зардаптарға әкеп соққан жарылыс қаупі бар нысандарда қауіпсіз ережелерін бұзу боп саналады. Қазіргі кезде ІІМ Оңтүстік аймақтық тергеу басқармасы мен Гвардия бөлімі, акционерлік қоғам қызметкерлерінен жауап алынып, 75265 әскери бөлімінің және облыстық Төтенше жағдайлар Департаментінінің қатысуымен оқиға болған жерді қарау жалғасуда.
Ал осы күнге дейін бір миллионнан астам қауіпті заттың көзін жойдық деген «ҚазақЖарылысӨндіріс» мекемесінің басшылығы техникалық қауіпсіздік сақталмады және техниканың сыр беруі мүмкін емес дегенді алға тартуда. Дегенмен жауапкершіліктен жалтармай, жапа шеккендерге көмек көрсетуге уәде етті.
Арман Рамазанов, «ҚазақЖарылысӨндіріс» АҚ төрағасы:
— Біздің қарамағымыздағы нысандарда соңғы үш жыл ішінде бірде бір төтенше жағдай болған емес. Құрылғының барлығы жаңа. Ал бұл жолғы жарылыс себептерін анықтаймыз. Ал жұмысшыларға толық көлемде өтемақы берілетін болады.
Қазіргі уақытта жарылыс болған модуль әскери полиция күшімен оқшауланған. Тергеу амалдары жүргізілуде. Бірнеше адамның жараланып, екеуінің көз жұмуына байланысты еліміздің Бас әскери прокуратурасы қылмыстық іс қозғады.