2 апта бойы комада жатқан спортшы есін бүгін жиды. Бірақ, құлағы естімей қалған. Тілі де бұратылып, сөйлей алмай жатыр. Басынан ауыр жарақат алған спортшы көп нәрсені ұмытып қалыпты. Өзінің ауруханаға қалай түскенін дәрігерлерден сұрап білген.
Ерлан Рахаділов, дәрігер-нейрохирург:
— Жарақаттарына байланысты сөзінің бұзылуы немесе есте сақтау қабілетінің бұзылуы мүмкін. Бірақ, бұл қазіргі таңда уақытша деп есептеледі. Әлі бұл науқасқа емделу керек. Жағдайы түзеледі деген ниеттеміз.
Науқас тіпті, бұзақылар ұрған түні караоке барда көңіл көтергенін де білмейтін болып шықты. Такси жалдап, жарты жолда қалып қойғаны да есінде жоқ. Ал Кенжесариевке жұдырық сілтеп, осындай халге түсірді деген күдікпен мейрамхана күзетшісі қамауға алынған болатын. Бірақ 20 жастағы жігіт дастархан ақысын төлемеген футболшыны жағадан алғаным рас, бірақ өлімші етіп сабаған мен емес деп отыр. Енді тергеушілерге Кенжесариевтің жауабын күтуден басқа амал жоқ. Ал оның ұзаққа созылатын түрі бар.
Ерлан Рахаділов, дәрігер-нейрохирург:
— Мейрамханада болған нәрсені әлі өзі толық жауап бермейді. Мүмкін есінде болуы да мүмкін. Бірақ науқастың өзі жаңағы ниеті болмауы мүмкін. Айтқысы келмейтін шығар.
Дәрігерлердің болжамынша,Эмиль тек бірнеше айдан соң тергеушілермен тілдесе алуы мүмкін. Жақында футболшының басына тағы операция жасалмақшы. Сынған бассүйегі бүтінделмек. Тек бәрі сәтті өтті дегеннің өзінде Кенжесариевтің үлкен футболға жақын уақытта келе қоюы екіталай.