Назгүл Сәрсенбаева есімді мына азаматша Астанадағы №1-ші перзентхана дәрігерлерін сотқа беру үшін құжат жинап жүр. 3 күн бұрын осы жерде туған апасы Айгүл екінші баласын дүниеге әкелген. Алайда, аман-есен өмірге келген баланы дәрігерлер өздері өлтіріп алды дейді келіншек.
Назгүл Сәрсенбаева, шетінеген баланың туысы:
— Түнгі 2 жарымда бала туған. Туған да бала өзі тебініп шыққан. Баланы апамның ішіне жатқызған, бала қозғалып жатқан. Содан баланы көтеріп алып, мына жақтағы столдарына апарып екпе салған балаға, әпкеме наркоз салған.
Туыстары осы екпенің не үшін жасалғанын түсіне алмай отыр. Дәрігерлер бәрін нақтылаған соң хабарлаймыз деген екен. Тіпті баланың неден өлгенін анықтау үшін жүргізілетін тексеру жұмыстарына әкесін де қатыстырмақ болған. Тек соңында ол ойларынан айнып қалса керек.
Елдос Ғайнаншин, шетінеген баланың әкесі:
— Баланың неден өлгенін тексереміз, сол жерге сізді 20 минут бұрын шақырамыз деді. Бірақ кіргізген жоқ. Баланың саламағы да үлкен, 4 келі 800 грамм.
Ал перзентхана басшылығы бұл айыптың бәрін жоққа шығарды. Бала өлі туылған, бұл қызметкерлердің кінәсінен емес дейді Бас дәрігер.
Елена Тихомирова, Астана қаласы №1 перзентхананың бас дәрігері:
— Босандырған кезекші 2 дәрігер. Істің ақ-қарасын көздерімен көрді. Әдетте алдымен баланың басы аман шыққан соң, соңынан иығы да өзі ілесіп шығады. Алайда, шақалақтың иығы бұрылып қалған. Иығын жасанды жолмен бұрып, суырып алу үшін 10-13 минут уақыт кеткен. Осы аралықта шамасы балаға ауа жетпей қалса керек.
Оқиға орын алған перзентхана жылына 7 жарым мың ананы босандырады екен. Мұндай жәйтке бірінші рет тап келуіміз дейді. Нәрестенің неден өлгені 10 күннің ішінде анықталмақ. Зерттеу қортындысынан соң кінәлі дәрігерлерді жазалау жағы белгілі болады. Ал, сәбидің туыстары жерлеу рәсімінен соң сотқа шағымдарын жолдамақ.