17 тұл жетім үшін 1-ші маусым бақытты күн еді. Төбелері көкке бір елі жетпеген олар облыс әкімінің қолынан пәтер кілттерін алып жатыр.
Оң мен солын балалар үйінде таныған Виктория Ким баспананы 9 жыл бойы сарыла күткен. Пәтерден пәтерде жүргенде тұрмысқа да шығып, екі баланы дүниеге әкелді. Қала шетінен аядай бөлме бұйырғанын естігенде қуаныштан талып қала жаздап едім дейді. Есін жиғанша болмады құжаттың сергелдеңі мен шенеуніктердің күнде ертеңі басталған. Қыр көрсете келетін коммуналдық қызмет те жарықты бірнеше рет сөндірген. Енді билік бүйректен сирақ шығарды.
Виктория Ким, Қарағанды қаласының тұрғыны:
— Ондай ақша болса 9 жыл күтем ба ол үйді? Баяғыда үй сатып алмаймын ба? Өйткені маған 9 жыл ішінде ешкім ешқандай сөз айтқан жоқ қой. Кім біледі, мен ол үйді 20 жылдай күтем ба. Егер де ақша болғанда мен күтпей-ақ сатып алушы едім.
Шенеуніктер құжат рәсімдеудің сағызша созылуына Өңірлік даму минситрілігінен түсініктеме күтуіміз себеп болды дейді. Онда жетімдерге баспана тегін берілмейді деп кесіп айтылған.
Дәурен Әбішев, Қарағанды қаласы тұрғын үй қатынастары бөлімінің бастығы:
— Жетім балалар баспананы тегін алуға құқықтары жоқ, болмаған да. Ал коммуналдық түйткілдер болмас үшін бүгін олар қолдарына жалға алу келісім-шарттарын береміз. Оның негізінде енді жетімдер айына 1500 теңге жалдау ақысын төлеп, баспанада тұра беруге құқылы. Жекешелендіріп алам десе 400 ден 600 мың теңгеге дейін төлеуі тиіс.
3 ай бойы қабырғасымен кеңесіп, жетімдерді сергелдеңге салған қала билігі бүгін ғана құжаттарды реттеуге кірісті. Түсініктеме де берді. Айтуларынша елімізде Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, полигон құрбандарына және қызығы, ғарышкерлерге ғана баспана тегін беріледі екен. Ал Қарағандының өзінде ғана әлі 1500-ге тарта жетім кезегін күтіп қаңғырып жүр.