Ақмола облысында үйлері өртенген 8 отбасы 2 айдан бері баспанасыз жүр - kaz.caravan.kz
  • $ 469.83
  • 536.83
+41 °C
Алматы
2026 Жыл
18 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ақмола облысында үйлері өртенген 8 отбасы 2 айдан бері баспанасыз жүр

Ақмола облысында үйлері өртенген 8 отбасы 2 айдан бері баспанасыз жүр

Ақмола облысында үйлері өртеніп, далада қалған 8 отбасы 2 айдан бері баспанасыз жүр. Олардың дені зейнеткерлер. Түн ішінде келген тілсіз жаудан көйлекшең қашып шығып аман қалған тұрғындар жаңбырлы жазды есік алдындағы сарайларында өткізген. Күлге айналған пәтерлерінің  есік-терезелері үңірейіп, іші сол күйі өртенген қоқысқа толы. Ешқандай   көмек болмайтынын естіген олар күн суытса қайда барарларын білмей отыр.  

  • 10 Қыркүйек 2013
  • 392
Фото - Caravan.kz

Зейнеткер Галина Гончарова өмір бойы жетімді жебеп, қарттарға қамқор болған кешегі әлеуметтік қызметкер. Енді оның өзі көмекке мұқтаж. Маусым айында өрт өмір бойы тірнектеп жинаған дүние-мүлкін, тұрмысқа қажетті дүниенің бәрін жалмап кеткен. Дәл осындай жағдайда басқа 7 отбасы қалып отыр. Олар биылғы жазда мына сарайларды паналаған.

Галина Гончерова, Щучье қаласының тұрғыны:

— Қыс келе жатыр. Үстімде не бар сонымен қалдым. Қалай қыстаймын. Ешкім де көмектеспейді. Шатырды жауып қойғанмен, басқасы қаңырап тұр. Енді қайда барамыз.

Жұрт зейнетақылары жеткенінше жұмысшы жалдап, пәтерлерін жөндеп көрген. Бірақ, онымен іс бітпепті. Бұл үйлер әлі паналауға жарамсыз. Сырттан да келер көмек жоқ. Тек 6 зейнеткердің отбасына мекемелерден 20 мың теңге әлеуметтік көмек көрсетілген. Ал жергілікті әкімдік күл қоқысытарын шығарып бергеннен басқа қолымыздан келер қайран жоқ дейді.


Александр Пальчак, Щучье қаласы әкімінің орынбасары:

— Заң бойынша, біз оларға бюджеттен алып ақша бере алмаймыз. Әлеуметтік көмек қана көрсеттік. Енді өздері әрекеттенуі керек. Осылай отыра берсе, әрине қысқа дейін үлгермейді.

Тұрғындардың да қазіргі уайымы алдағы -Арқаның қысы. Зейнетақыдан басқа кірісі жоқ қариялар енді қайырымды жандардан көмек күтіп жүр.