Айсұлу Күткеева, Алматы облысының тұрғыны:
– Өлмей, қан төгіспей, ол жерде ешкім бермейді. Барлығымызды трактормен таптап кетпесе, менің отбасымдағы 18 адамның біреуі де шықпайды. Оның 9- балалар. Қасымда тұрған үйлердің барлығының да кішкентай балалары бар.
Алматы облысындағы бірден үш ауданның жерінен өтетін үлкен айналма жолды салу үшін жалпы 724 жер телімі қажет көрінеді. Соның 379-ы ғана ың-шыңсыз мемлекет меншігіне алынған. Ал өзгелерінің ісі сотта қаралып, енді әрқайсысы 1 сотық жер үшін ең көп дегенде 1000 теңгеден алуы тиіс болып отыр. Бұндай шешімнің басты себебі 2011 жылы «Жер туралы заңға» өзгертудің енгізілуі. Сол жерде мемлекет қажетіне байланысты азаматтардан сату-сатып алу жөніндегі келісім-шартта көрсетілген сомма немесе мемлекет сатқан баға ғана қайтарылатыны айтылған. Бұндай жер дауы Алматының өзінде де жетерлік. Мәселен қаланы үлкейту мақсатында жүргізілген жұмыстар барысында тәркіленген жер телімдері тіпті су тегінге кетіпті.
Анастасия Рязанова, Алматы қаласының тұрғыны:
– Бұл жерде менің бағым болған. Қазір асфальт төселіп, жол жүргізілді. «Алматы жер» мекемесінің қызметкерлері келіп ескертпеді де. Қарсыласпай-ақ жерді берсек, біздің 42 сотық жерімізге небәрі 42 мың теңге ұсынды. Бұл сомма мүлдем күлкілі ғой.