Сегіз жыл бойы әлем елдерінің экономикалық жағдайын жүйелі талқылап жүрген топтың енді біздің нарыққа назары ауып отыр. Бұл жолы елімізге екі жүзге жуық маман келіпті. Қонақтардың қатарында әлемге танымал саясаткерлер, экс-президенттер мен ірі халықаралық ұйымдардың жетекшілері бар. Ел әлеуеті сөз болатын басқосуға президент Нұрсұлтан Назарбаев та қатысты.
Бұл жиынның дәстүрі бойынша қатысушылар қызу пікірталасқа кіріспес бұрын естелікке суретке түседі екен. Форум әдетінен Астанада да жаңылмады. Ал, үлкен жиында әңгіме әлем назары ауып отырған Қазақстанның 2050 жылға дейінгі экономикалық жағдайы, басты байлығымыз – жер қойнауындағы қара алтыннан басталды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
— Біз ең алдымен мұнайды өңдеудің жолдарын қарап шығуымыз керек. Егер, қара алтынды игерудің тиімді тәсілін тапсақ, өңдеу мен экспорт тұрақты дамитын болады. Ал, Қазақстан халқына жылына 2 млн. баррель мұнай жетеді. Сондықтан дәл осы деңгейден ауытқымауға тырысамыз.
Сондай-ақ, Елбасы әлемнің дамыған мемлекеттерінің қатарына жетелейтін тағы бір мүмкіндігіміз – ауыл шаруашылығы екенін алға тартты. Әзірге Қазақстанды жұрт бидай мен ұн экспорттаушы ел ретінде таниды. Үкімет болашақта мал шаруашылығын, яғни ет өнімдерін де сыртқа тасымалдауды қолға алмақшы.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
— Қазір 32 млн. гектар жерді жайлымдыққа қосуға мүмкіндігіміз бар. 40 млн.гектар жерімізге егін егіледі. Әрине, бізге су көзінің тапшылығы аздап кедергі келтіруде, бірақ бұл мәселені де шешеміз. Ал, Ақмола облысындағы фермерлік шаруашылықтардың негізінде инновациялық кластерді құру керек.
Жиын бұдан да өзге жаңалыққа толы болды. Жақында елімізде Астана мен Алматы қалаларына пара-пар екі мегаполис және әлемдік деңгейдегі кәсіби-техникалық қос колледж салу жоспарда бар.
Дамушы нарықтардың Еуразиялық форумы қазақ жерінде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Сондықтан жинынның көздегені де қайтсек Қазақстанды әлемнің алпауыт мемлекеттерінің қатарынан көреміз деген мәселе болмақ. Біз үшін аса маңызды сауалға Америка, Еуропа, Азия, Африка және ТМД мемлекеттерінен келген «тіс қаққан» сарапшылар екі күн бойы жауап іздейді. Елімізге күнде келе бермейтін шетелдік ғалымдар мен экономистердің аузынан шыққан тиімді ұсыныстар ел үкіметінің 2050 жылға дейін дайындап жатқан басты жоспарында ескерілмек.