Алматыда мемлекеттік бағдарламамен салынуы тиіс үйлер сол күйі аяқсыз қалды - kaz.caravan.kz
  • $ 469.83
  • 536.83
+41 °C
Алматы
2026 Жыл
18 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыда мемлекеттік бағдарламамен салынуы тиіс үйлер сол күйі аяқсыз қалды

Алматыда мемлекеттік бағдарламамен салынуы тиіс үйлер сол күйі аяқсыз қалды

Алматыда мемлекеттік бағдарламамен баспана аламыз деген ел сол күйі пәтерлеріне қол жеткізе алмай жүр. «Мамыр» ықшамауданында салынып жатқан 5 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы былтырдан бері тоқтап тұрғанын айтқанбыз. Соның ертеңінде қалалық құрылыс басқармасы мен мердігер компания жұмысты жандандырған. Алайда жарнамаға жасалған әрекет тілшілер кетісімен тоқтап қалыпты. Амалы таусылған ел бүгін тағы да шу көтерді.

  • 11 Қыркүйек 2013
  • 368
Фото - Caravan.kz

Көргеннің көзіне күйік болып 4 жылға жуық көлбеңдеген 16 қабатты зәулім үйлер биыл мамырда 375 салымшыға теңдей бөліп берілуі керек еді. Алайда түлкі бұлғаңға салынған сақалды құрылысқа жауапты мердігер компанияның ісі олақ, оны қадағалайтын қалалық құрылыс басқармасының ісі шолақ шықты. Сырты да іші де түтін, обалы не керек уәдені үйіп-төгуден алдына жан салмайтын жауаптылардың ғана уәдесі бүп-бүтін.

Мәруа Юсупжанова, салымшы:

— Біз өзі шаршадық, кімге сенетінімізді білмейміз. Менің ұлым осыған салым жасағалы мемлекеттік банкке 8 жыл болды. 8 жыл күтіп келеміз енді қанша күтеміз?!

Бұл 5 үйдің жырын өткен айда ғана көрсеткен едік. Айқайдан кейін ғана алға адымдауға дағдыланған құрылыс басқармасы мен мердігер артынша істі қолға алған. Уәдені үйіп төккенін көпшілік көрді. Бірақ бос сөз екен бәрі.

Жұмазия Тусилова, салымшы:

Жиналыс болды сол кезде біздің алдымызда камералардың алдында АГС Пласттың директоры бізге уәде берді жылдың аяғына дейін құрылыс бітеді деп. Біз сол камераның алдында уәде бергесін сенгенбіз.

Абдолкерім Аршамов, “АГС Пласт” компаниясының бас директоры:


Қазір жұмыс жүріп жатыр, 200 құрылысшыны қостық. Аз-маз қиыншылықтар болған , шешілді. Жұмыс тоқтатылмайды. Осындай қарқынның арқасында жылдың соңына дейін құрылысты аяқтаймыз деп уәде етемін.

Ағайынның ашынатын да жөні бар. Мердігер жұрт кетісімен құрылыс алаңын тастай қашқан. Мұны қалалық құрылыс басқармасы әдеттегідей көрмей қалыпты. Шенділер бүгін де жауап беруге жарамады. Әуел баста мердігер мен құрылыс басқармасы соттасқан. “АГС Пласт” құрылыс басқармасы жарты миллиард теңгені жымқырып қалды десе, шенеуніктер керісінше мердігер ұжым мемлекеттік бағдарламамен үй салатынына келісім-шартқа қол қоярда қарамаған өзі айыпты деп қайтарған.

Бес үйге басымен жауапты мердігер компания “АГС Пласт” пен қалалық құрылыс басқармасы өзара кім мықтыны анықтап бір-біріне азу көрсетіп арамтер боп жүргенінде мұндағы құрылыс алаңы қаңырап жұмысы тоқырап тұр. Тамыздың соңын ала шыққан сот шешімі де қос тараптың сауырына қамшы боп тимесе керек. Ал  жиып-терген қаржыларын бастарына баспана алу үшін үйіп берген 400-ге жуық салымшы қоныс тойын осы жылдың соңында тойлайтындарына күмәнмен қарайды.