Сәрсенбі күні NCOC консорциумы Қашаған кенішінде мұнай өндіру жұмыстарының басталғанын мәлім етті.
«Норт Каспиан Оперейтинг Компани Б.В.» (NCOC) консорциумы бүгін Қашаған кенішіндегі алғашқы ұңғыманың ісаке қосылып, бастапқы мұнай партиясы алынғанын мәлімдейді», — делінген компания хабарламасында.
Солтүстік Каспийде орналасқан Қашаған кенішіндегі мұнай қоры 35 млрд баррельге жуықтайды. Алда жүзеге асырылатын жобалар мұнай өндіру көлемін едәуір арттырып, Қашағанды әлемдік энергоресурстар нарығындағы маңызды компания қатарына шығарады, делінген хабарламада.
Бұған дейін «ҚазМұнайГаз» басшысы Сауат Мыңбаев коммерциялық өндіру бастапқы мұнай өндірілгеннен кейін үш апта ішінде басталатынын атап өткен болатын. Яғни, оның айтуынша, коммерциялық мұнай өндіру процесі 1-қазанға дейін басталуы тиіс.
Солтүстік Каспий жобасы шеңберінде Қашаған кенішін NCOC консорциумы игеріп жатыр. Оның акционерлері: AgipCaspian Sea B.V. (16,81%), KMG Kashagan B.V. (16,81%),ConocoPhillips North Caspian Ltd. (8,4%), ExxonMobil Kazakhstan Inc. (16,81%), Inpex NorthCaspian Sea Ltd. (7,56%), Shell Kazakhstan Development B.V. (16,81%) және Total EP Kazakhstan (16,81%). Сонымен қатар, ConocoPhillips жобадан шығатынын мәлімдеді. Компания үлесін сатып алатын ҚазМұнайГаз кейін оны Қытайдың CNPC компаниясына сатпақ.
Қашағандағы мұнай қоры 11 млрд баррельге, жалпы геологиялық шикізат қоры 35 млрд баррельге бағаланған. Ол қойнауында жатқан ресурстары жағынан Аляскадағы Прудо Бэй кенішінен кейін екінші орында.