Жарты ғасыр бұрын қабырғасы қаланып қазір құлағалы тұрған үйдің тұрғындары қатты ашынды бүгін. Жұрт әкімдіктің сылбырлығына анышып отыр. 24 пәтері бар қаусаған қара шаңырақтың бүгін-ертең төбесі ортасына түскелі тұр. Алайда тұруға жарамсыз деп танылған бұл үйдегі қарашаны атқамінерлер менсінбей ме әйтеуір мәрттіктері жетпепті мұнда. Құрғақ уәдеден жалығып, ақыры ашуға бой алдырған тұрғындар бүгін көшелердің бірін жауып тастады.
Замира Жанбаева, Қызылорда қаласының тұрғыны:
— Біз мысалы иманымызды оқып ұйықтаймыз шыны керек, ұйықтай алмаймыз. Жұрт күледі, інілеріміз мектепке барса, не анау үйлерің деп. Біз не істей аламыз? Зейнеткерлер де бар. Мына төбе құлайын деп тұр, осы бір кішкентай баланың басына құласын өледі де қалады. Сол кезде қырғынның көкесі болады.
Қорқытқаны емес, бұл қарашаның қорыққаны. Айтпақшы су жаңа үйдің жобасы ескі үйдің қабырғасына қағылыпты. Ал құрылыс алаңында тірі жан жоқ. Жаңа тамға ат шаптырым жер бөлінген, бірақ уәде етілген көз тартар көпқабатты үйдің іргетасы да құйылмаған.
Болатбек Абрайымов, Қызылорда қаласының тұрғыны:
— Қайта-қайта облыстың әкімі де келді қаланың әкімі де келді. Үй беруге жоқ уәде беруге бар. Уәдені беріп жатыр Құдайға шүкір.
Шенеуніктер мұнда түсауа келді. Ашынған елге қатал қарап қатты сөйледі. Шыдаңдар жаңа жылға дейін жасаймыз деп кезекті уәдесін берді. Алайда басу айтады деген басшы бәрін басына көтеріп кетті.
Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда қаласының әкімі:
— Бітеді үй ешқандай әңгіме болмайды. 1 қаңтарға бітеді. Бұл жерде сіздердің жанайқайларыңызды ешкім түсінбей жатырған жоқ. Сіз қарындасым шамалы байқап сөйлеңіз.
– Беріліп жатқам жоқ мен қорқып жүрмін өртеніп кетемінбе деп.
— Өрте, өртен бар, сізге ешкім өртенбе демейді.
Сөзіне құлақ аспағанды жан алқымнан алуға дағдыланған қала әкімін жұрттың жағдайынан гөрі мансабы қатты мазалады ма, артынша жұмыс орнына тартты. Ал әкіммен сөз естіген ел құлағалы тұрған баспаналарына қайта қайтты амалдың жоқтығынан.