Үкімет тұрғын үй немесе басқа да құрылыс нысандарын салуға беріліп, белгілі бір уақыт ішінде пайдаланылмаған жер телімдеріне салықты 10 есе арттыруды көздеп отыр. Бұл туралы еліміздің Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев мәлім етті.
«Бұл жер телімдерін тиімді пайдалану қажеттілігінен туындап отырған шара», — деді ол бейсенбі күні мәжіліс депутаттарын салық заңдарына енгізіліп жатқан түзетулермен таныстыру барысында.
Сонымен қатар, үкімет мүлік салық өсірмекке бел буған. Мысалы, тұрғын үйдің шаршы метрінің базалық құнын Астана мен Алматы қалаларында екі есеге арттырып, 60 мың теңгеге, ал облыс орталықтарында 36 мыңға дейін жеткізбек. Қазір еліміздің бас шаһарларында 1 шаршы метр тұрғын үйдің базалық құны 30 мың теңге, облыс орталықтарында 18 мың теңге.
Басқа елді мекендерде баспананың базалық құны өзгермейді, сөйтіп, мүлік салығын арттыру шарасы аудандық деңгейдегі қалалар мен ауыл тұрғындарын қамтымайды.
«Жалпы аумағы 150 шаршы метрден асатын пәтерлер мен 300 шаршы метрден асатын жер үйлердің салығы үш есе артады», — деп қосты министр.