Онда «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллиннің атап өткеніндей, Ғ.Қараштың Бөкей ордасы мен өңір тарихында атқарған қайраткерлік, ағартушылық және ұстаздық қызметінің мәні ерекше. Халықты ел болуға үндеген ақын баспасөз ісінің де басында тұрды. 1911 жылы Ордада Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қараш, Елеусін Бұйрин, Бақытжан Қаратаевтардың қолдауымен «Қазақстан» газеті жарық көрсе, таяуда 1917 жылы Алаштың ұраны болған, Ғабдолғазиз Мұсағалиев редакторлық еткен «Ұран» басылымының шыққаны да белгілі болып отыр.
Басқосуда филология ғылымдарының кандидаттары, М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Серікқали Шарабасов, қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі Зейнолла Мүтитегі, тарих ғылымдарының кандидаттары, Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясының ұстаздары Бақтылы Боранбаева, Дәметкен Сүлейменова, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің оқытушысы Есқайрат Хайдаров Ғ.Қараштың өмірі мен шығармашылығын әлі де зерттей түсу қажеттігі туралы ой-пікірлерін білдірді. Бұл ретте көршілес Ресей қалаларындағы мұрағаттарды қайта қарап, елеп-екшеу, ақын әрі ағартушы мұрасын барша қазаққа насихаттау керектігі туралы айтылды. Өкінішке қарай, кезінде «Абайдан кейінгі ірі ақын» ретінде мойындалған Ғұмар Қараштың туындылары мектеп оқулықтарына да енгізілмеген. Ғұмар Қараш сынды Алаш қайраткерлерінің елге жасаған қызметін, Батыс Қазақстандағы баспа, газеттер тарихын зерттеу нысанасына айналдырса, нұр үстіне нұр болар еді. Міне, осындай олқылықтардың орнын толтыру күн тәртібінде тұр.
Дөңгелек үстел отырысына қатысқан белгілі жазушы, драматург Роллан Сейсенбаев елімізде әр өңірдің өз тарихы түзілуі керектігі туралы ой түйді. Ұлт қайраткерлерінің жүрек соғысын, жасаған ісін жеткіншек ұрпақ сезінуі үшін олар туралы деректер молынан жинақталып, жарыққа шығуы керек.