Қазір қойылымның соңғы әзірлігі пысықталуда. Өнер ұжымына бағыт сілтеп, жол көрсететін Ресейден арнайы шақыртылған мына режиссер. Дайындыққа туындының авторы Төлеген Мұхамеджановтың өзі де қалт жібермей қатысады.
Енді қойылымның қысқаша мазмұнына тоқталсақ. Халқының өмір сүруіне жайлы жер іздеген Асан қайғы. Жайық, Ертіс, Іле батырлар арасындағы айқас. Екі халықтың арасында дәнекер болған Дудар мен Мәриямның махаббаты. Қашан да адамдар арасындағы араздықты көксеген әзәзілдің әрекеті суреттеледі.
Жалпы, рок жанрындағы опера қазақ жерінде тұңғыш рет қойылмақ. Алайда, композицияны автор әйгілі Дос-Мұхасан ансамблінің ұсынысымен 34 жыл бұрын жазған екен. Жылдар өте ұмыт қалған шығарманы өнерлі топ 8 жыл бұрын қайта жаңғыртуды ойластырыпты.
Төлеген Мұхамеджанов, «Жерұйық» рок-операсының авторы, композитор:
— Менің көңілімнен асыра шығып тұр. Бұл 79 жылы жазылған шығарма. 80 жылы алғаш рет жарық көрген. Қазақ халқымыздың рухы, бұл арада Қадір мырзалиевтің өлеңдер. Қандай жазып кеткен өлеңдері, халқымызға, бірлігімізге арналған. Ол кісінің арманы бүгін іске асырылып жатыр.
Спектакльдің қоюшы ресейлік Юрий Александров. Ал, актерлер отандық эстрада жұлдыздардың арасынан таңдалыпты. Басты рөлді, яғни Асан қайғыны Нұрлан Өнербаев сомдайды.
Қоюшы режиссерлер әсіресе сахнаға ерекше көңіл бөліпті. Опера барысында көбіне Асан қайғының кезеңі суреттелетіндіктен әртістердің алаңы көне заманды көз алдыңа елестетіндей етіп жасалған. Мәселен, мына айнала орналасқан балбал тастан жасалған адам мүсіндері қойылымдағы Ертіс, Жайық, Іле батырларға тұрақ болады екен.
Авторлардың айтуынша әртістер де сәтті таңдалыпты. Әсіресе, елдің арасына іріткі салып, халықты араздыққа жетелеген әзәзілдің шеберлігі көрерменнің көңілінен шығатынына сенімді.
Алайда, қойылымда шарқ ұрған шайтан емес, жер бетіндегі жәннат жерді іздеген Асанқайғы жеңеді. Жыраудың Сарыарқаның төрінен таңдап, тоқтаған дала еркін еліміздің астанасына айналады.