Темекі мен арақ-шарап өнімдеріне салынатын салық көбеймек - kaz.caravan.kz
  • $ 469.83
  • 536.83
+36 °C
Алматы
2026 Жыл
18 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Темекі мен арақ-шарап өнімдеріне салынатын салық көбеймек

Темекі мен арақ-шарап өнімдеріне салынатын салық көбеймек

Қозғалтқыш көлемі үлкен көліктерге қатысты енді барлық жеңілдіктер алынып тасталады. Яғни қымбат машиналарын мүгедек немесе ардагер туыстарының атына жаздырып қойып, салықтан жалтару деген болмайды. Ал жаңа жылдан бастап мұндай көліктермен қатар темекі мен арақ-шарап өнімдеріне салынатын салық көбеймек. Тиісті заң жобасын бүгін Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Ерболат Досаев Мәжіліске әкелді. Алайда құжат бірден қолдау таба қойған жоқ. Депутаттардың қарсылығын тудырған әсіресе көлікке қатысты салық.  

  • 13 Қыркүйек 2013
  • 444
Фото - Caravan.kz

Бірнеше айдан бері көптің талқысына түскен салыққа қатысты дау-дамай бүгін қайта жалғасты Мәжіліс қабырғасында. Депутаттар министрдің темекі мен арақ-шарап өнімдерінің салығын көтереміз дегенін қолдап отыр. Пікірталас тек автокөлік пен баспана салығы талқыға түскенде қызды.

Мұхтар Тінікеев, Мәжіліс депутаты:

— Былтыр кестеге сызып тұрып көрсетіп бердім: көлік салығын алып тастап, керісінше, оны жанармай бағасына қосайық деп. Адам көлікпен жүре  ме — онда төлейді, жүрген жоқ па – төлемейді. Ұсыныс ескерілген жоқ. Өйткені, артық қимылдағыларыңыз келмейді.

Ал Ерболат Досаев қосымша салықтың бюджет жыртығын жамайтынына сенімді. Қаржы сарапшылары мүлік салығынан қазынаға 10 млрд. теңге түсетінін есептеген екен. Әрине, мұны министр Досаев ашық айтпаса да, жаңа заң жобасын барынша ақтауға тырысты. Тіпті ол өзінің қымбат «Лексус» көлігі үшін үздік салық төлеуші екенін де мысалға келтірді.

Ерболат Досаев, ҚР Экономика және бюджетті жоспарлау министрі:

– Жеке көлігім қымбаттардың санатына жатады. Қозғалтқыш көлемі 4,3, сондықтан жылына 212 мың теңге салық төлеймін.

Бүгінде елімізде 3 млн. 600 мың автокөлік бар екен. Оның 112 мыңының  қозғалтқыш көлемі 4 литрден асады. Мәжілістегі айқай-шуға себепшілері де осылар болды. Мұндай қымбат көліктердің иелері салықтан жалтару үшін әдетте ардагер немесе мүгедек туыстарының атына жазады екен. Министр енді ондай жеңілдіктердің болмайтынын айтып отыр.


Ерболат Досаев, ҚР Экономика және бюджетті жоспарлау министрі:

– 4 литр деген ол далада жүрген машина емес. Бәріміз де білеміз. Машинаның бағасын білеміз. Соның ішінде 25 пайызға дейінгілері соғыс ардагерлеріне жазылған. Соның ішіндегі жеңілдіктерді алдыртып тастаймыз деп жатырмыз.

Үкімет бюджет бүйірін баспана салығымен де қампайтпақ.Яғни, үйі үлкен азаматтар салықты да көп төлейді. Бұдан былай Алматы мен Астана қалаларында жылына баспанаға салынатын салық бағасы 30 мыңнан бірден 60 мың теңгенің үстіне шығады. Мұның ауыл-аймаққа еш қатысы жоқ деп сендірді министр.

Сонымен, жаңа жылдан бастап елімізде жаңа салық кодексі пайда болады. Оған дейін комитет 15 отырысын өткізеді. Үкіметтің ұсыныстары алдағы үш жарым ай ішінде талқыланбақ.