Петропавл атқамінерлері тегін деп үлестірген үйлердің ақысын сұрауда - kaz.caravan.kz
  • $ 469.83
  • 536.83
+29 °C
Алматы
2026 Жыл
17 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Петропавл атқамінерлері тегін деп үлестірген үйлердің ақысын сұрауда

Петропавл атқамінерлері тегін деп үлестірген үйлердің ақысын сұрауда

Петропавл атқамінерлері талай жыл баспана кезегінде тұрып, пәтерге әрең қол жеткізген көп балалы отбасыларды әбігерге түсірді. Шенеуніктер халықты жалға берілетін коммуналдық үйлерге жайғастырып, ақылы екенін ескертуді ұмытып кетіпті. Былық енді араға бірнеше жыл салып ашылып отыр. Ұмытшақ шенділердің кесірінен бюджеттің қыруар қаржыдан қағылғаны былай тұрсын, үйді тегін алдық деп ойлаған тұрғындар да жалға алу ақысын төлемейміз деп наразылық білдіруде. 

  • 17 Қыркүйек 2013
  • 380
Фото - Caravan.kz

Бес баланың анасы Мәриям Мусина 24 жыл бойы пәтер кезегінде тұрыпты. 2004 жылы облыс әкімінің қабылдауында болып, ақыры мына үш бөлмелі пәтерге қол жеткізген. Қазір немерелерін қосқанда бұл үйде он адам тұрады. Жылдар бойы жайбарақат өмір сүрген оларға енді шенділер жалға алу ақысын төлеңдер, не үйді босатыңдар деп қиғылық салып жатыр.

Нығметжан Мусин, Петропавл қаласының тұрғыны:

— Енді міне келіп төлеңдер дейді, 40 мыңдай ақша, ал мен оны қайдан аламын. Сосын тағы төле дейді. Ол қашан, бір 15 жылда кім біледі қанша, ылғи төлеу, біз оны қайдан аламыз.

Ал мына үйге тұрмысы төмен, көпбалалы, Ауған және Ұлы Отан соғыстарының ардагерлері қоныстаныпты. Бәрі талай жыл пәтер кезегін күткендер.

Әнел Калина, Петропавл қаласының тұрғыны:

— Басында ештеңе айтқан жоқ, кілт бергенге қуанып, әлгі кетік қой, сосын бір жыл жарым жылдан соң келіп айтты ғой, төлейсіңдер деп.

Шенділердің айтуынша, бұл үйлер о бастан-ақ жалға берілетін коммуналдық баспана ретінде салынған. Бірақ мұны кейін өздері ұмытып кеткен сыңайлы. Тек прокуратураның тексеруінен кейін әкімдіктегілер қосымша келісім-шарттарын ұстап, пәтер жағалауға шыққан. 


Алма Құдабаева, Петропавл қалалық әкімдігінің бөлім меңгерушісі: 

— Жалға берілетін коммуналдық үйлерде тұру ақысы міндетті түрде төленуі тиіс. Қазір халықпен қосымша келісім-шарт жасасып жатырмыз. Осы құжатқа қол қойған соң  тұрғындар жалға алу ақысын төлейтін болады. Бұған дейінгі тегін тұрған жылдары қордаланған қарызды өз еріктерімен өтемесе, сот арқылы өндіреміз. 

Тұрғындар бұған дейін 20 шақты жалға берілетін коммуналдық үйде тегін тұрып келген. Ендеше ұмытшақ шенділердің кесірінен бюджеттің қанша қаржыдан қағылғанын есептей беріңіз. Енді әр пәтер ондаған жыл бойы айына орташа есеппен екі мың теңге айналасында төлеуі тиіс. Бұл ақыдан баспанасын жекешелендіріп алғандар ғана босатылды. Мұндай құқық тек Ұлы Отан соғысының ардагерлері, бірінші, екінші топтағы мүгедектерде ғана бар.