Учаскелік инспектор кісі өлтірді деп айыпталуда - kaz.caravan.kz
  • $ 469.83
  • 536.83
+30 °C
Алматы
2026 Жыл
17 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Учаскелік инспектор кісі өлтірді деп айыпталуда

Учаскелік инспектор кісі өлтірді деп айыпталуда

Шығыс Қазақстанда учаскелік инспекторды ауылдастары кісі өлтірді деп айыптап отыр. Марқұм болған 44 жастағы азаматтың жақындары тәртіп сақшысы еш себепсіз бес баланың әкесін тепкінің астына алып, буындырғанын айтады. Ал жүргізілген сараптама өлімнің соққыдан емес, жүрек талмасынан болғанын анықтапты. Мұнымен келіспеген туыстар тергеудің атүсті жүргізілгеніне сенімді.

  • 19 Қыркүйек 2013
  • 296
Фото - Caravan.kz

Біраз күн бұрын қыздарын ұзатып, той тойлаған Бауединовтар әулеті енді «құтты болсын» емес, көңіл айтып келушілерді күтіп жүр. Бес бала тәрбиелеген шаңырақ иесі Асанды Глуховка ауылында бірнеше адам жабылып ұрып, өлтірген дейді жақындары. Арасында жергілікті учаскелік инспектордың болғанын айтады.

Қанша Бауединова, Марқұмның анасы:

— Жатты ұйықтаған құсап! Не екенін білмеймін. Сап-сау баламды ойнақтап жүрген ұрып өлтірді, қылқындырып өлтірді. Үкімет оқытқан полиция халықты қорғамай ма?! Кісі өлтіре ме?!

Жаға ұстатар жайт 7 жасар ұлы Ералының көзінше болған. Сол күні бала әкесімен бірге жүрген екен. Қанды оқиғаның куәсі болған бүлдіршін қатты шошынып қалыпты.

Ералы Бауединов, Марқұмның ұлы:

—  Папаң не деп айтты?

— Өліп барам, — деді. Сосын ана кісі «Бүгін сен зираттың басына жатасың»,- деді.

— Айтқан кісі полиция киімін киіп тұрды ма?

— Иә, Ерлан!

Жүргізілген сараптама қорытындысы азаматтың өлімі соққыдан емес, жүрек талмасынан болғанын көрсеткен. Алайда, марқұмның жақындары көп жыл спортпен шұғылданған азаматтың жүрегінде ақау болған жоқ деп отыр.

Серікқазы Бауединов, Марқұмның інісі:

— Бәленбай кісі көрді учасковыйдың қылқындырғанын, өлтіргенін. Бірақ ешкім айтпайды. Өйткені қорқытып қойған. Ойына келгенін істеп, қолынан келгенін қонышынан басып жүрген адам. Қазір қарасаң, бос еркіндікте жүр! Қалай түсінсе болады?!

Дауға қалған учаскелік инспектор Ерлан Тілеуқабылов қазір еңбек демалысыда екен. Ал оның туыстарының айтуынша, марқұм болған азамат қызының тойынан кейін ішімдікке салынған. Көлік тізгініне мас күйде отырғаны үшін оны тәртіп сақшысы тоқтатыпты. Бұған ашуланған жүргізуші полицейге жұдырық ала жүгіріпті-мыс.

Жұмағали Байбол, Инспектордың атасы:

— Қызмет киімінің быт-шыт қып жыртады. Оның бәрі сақтаулы, РОВД-да жатыр. Ештеңе тапқан жоқ. Менің баламның істегені дұрыс деді, терістігі жоқ деді.

Облыстық ішкі істер департаменті мамандары болған жағдайға қатысты кең көлемде тексеріс жүргіздік деп отыр. Оның қорытындысына сай, кісі өліміне жүрек талмасы себеп болған. Ал учаскелік инспектор сүттен ақ, судан таза шыққан. Қазірде бұл оқиға қрсымша қаржы полициясының қызметкерлерімен тергелуде.