"Азат" оппозициялық партиясының лидері Болат Әбілов уақытша саясатты қалдырып, шығармашылықпен айналысу туралы шешім қабылдады.
«Менің саясаттан кетуімнің себебі, менде бұрын, 90-шы жылдары да, 2000 жылдары да біз кімбіз, қайда барамыз, нені ойлаймыз, қазақ әлемін қалай құрудамыз, осыдан не шығатыны туралы еліміз жайлы үнемі кітап жазғым келіп жүретін. Бұл маңызды мәселе. Кітап менің ішімде отыр, кейде сыртқа талпынады», — деп Б.Әбілов бүгін «Интерфакс-Қазақстан» агенттігімен болған сұхбатында атап көрсетті.
Ол телевизиялық және деректі киножобалармен де айналыспақ екенін айтады.
«Мен өмірде жаңа кезең басталатыны, әйтеуір бір кезде жаңа нәрсемен айналысу керектігін біліп, өзіме есеп беріп отыратынмын. Мен он жыл бизнесте, он бір жыл саясатта болдым. Өмірді түрліше және қызықты өткеру керек. Үнемі өзгерісте болып, өмірде жаңа кезең бастау керек. Менің шешімім осыған саяды», — дейді ол.
Б.Әбілов саясатты біразға дейін қоя тұратынын, алайда қайта оралмақ екенін атап көрсетті.
Ол саясаттан кеткенде Қазақстаннан кетпейтінін, Алматыда тұрып, жұмыс істейтінін айтты.
Партияның болашағы туралы сұраққа берген жауабында ол «Азат» іс жүзінде ОСДП-мен біріккен кез 2009 жылдың қазанында әрекет етуін тоқтатқанын айтты.
«Біз ОСДП-мен бірігу үшін филиалдарымызды жаптық, заң бойынша қажеттінің бәрін жасадық, бірақ билік бізді тіркемеудің барлық амалын істеп бақты. Сондықтан да партия болмайтындай жағдай қалыптасты», — дейді ол.