Алматының Түркісіб аудандық соты Ан-24РВ ұшағының командирін бір жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды.
Бас көлік прокуратурасы хабарлағандай, ұшқыш Қылмыстық кодекстің 4-бөлімі 295-ші бабы бойынша әуе кемесін пайдалану барысында қауіпсіздік талаптарын бұзды деп танылды.
Сонымен қатар, сот оны бір жылға әуе көлігі саласында белгілі бір қызмет атқару құқығынан айырды.
Бұрын хабарланғандай, 2013 жылы 6-ақпан күні Тараз-Алматы бағытына қатынайтын Ан-24РВ ұшағы қону кезінде қапталдағы қауіпсіздік жолағына шығып кетіп, салдарынан ұшақ 60 градусқа бұрылып тоқтаған.
Мамандар төтенше жағдайға кеме командирінің ұшақты қондыру жылдамдығы мен басқа да талаптарды сақтамағаны түрткі болды деген қорытындыға келген болатын.
Сол арқылы ұшқыш адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірді.
Оқиға кезінде бортта 20 жолаушы мен экипаждың төрт мүшесі болған.