Жалақы өскенімен, неге қазақстандықтар өзін бай сезінбейді? Осы сұраққа статистика және сарапшылар жауап берді. Сaravan.kz медиа порталының тілшісі жалғастырады.
Жұмыс іздеуге арналған ірі платформалардың бірі сауалнама жүргізген екен. Оған мыңнан астам жұмыс іздеуші мен жұмыс беруші қатысқан. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, респонденттердің 79%-ы кемінде бір рет қазіргі жұмысынан жоғары жалақы ұсынылған жұмысқа шақырту алған. Соған қарамастан олардың көпшілік бөлігі үйреншікті қызметінде қалуды жөн көрген.
Мұның басты себебі – жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтау. Бұл факторды сауалнамаға қатысқандардың 44%-ы ең маңызды себеп ретінде атаған.
Сонымен қатар, қызметкерлер үшін жалақыдан бөлек ұжымдағы ахуал мен жұмыс берушінің қызметкерлерге деген көзқарасы да ерекше маңызға ие. Сауалнама нәтижесі бойынша:
- 65% жұмыс берушіні таңдағанда ең алдымен қызметкерлерге көрсетілетін құрметке назар аударады;
- қызметкерлердің жұмыстан кетуінің ең жиі себебі – ұжымдағы жайсыз, токсикалық атмосфера.
Еңбек нарығында құндылықтар өзгеріп жатыр
Сарапшылардың пікірінше, бүгінгі таңда жалақы қызметкерді ұстап қалатын немесе жаңа жұмысқа тартатын жалғыз фактор емес. Жұмыс іздеушілер үшін маңызды көрсеткіштердің қатарында:
- кәсіби білім алу және мансаптық даму мүмкіндігі;
- басшылық пен әріптестердің кері байланысы;
- икемді еңбек шарттары;
- компанияның корпоративтік мәдениеті мен құндылықтары.
Мамандар мұны еңбек нарығына Z буынының (зумерлердің) көптеп келуімен байланыстырады. Жас мамандар үшін жұмыс берушінің ұстанымы мен корпоративтік мәдениеті еңбекақыдан кем түспейтін маңызды факторға айналып келеді.
Қазақстан ең жоғары жалақы төлейтін елдердің қатарында
CO World Magazine журналының рейтингіне сәйкес, Қазақстандағы салық төленгеннен кейінгі орташа айлық табыс 780 АҚШ долларын құрайды. Бұл көрсеткіш елге әлемдік рейтингте 77-орын берді.
Орталық Азия мемлекеттері арасында Қазақстан көш бастап тұр:
- Қазақстандағы орташа табыс Өзбекстанмен салыстырғанда шамамен 70%-ға жоғары;
- Қырғызстандағы көрсеткіштен екі еседен астам көп;
- Тәжікстандағы деңгейден үш есеге жуық жоғары.
Сарапшы: Жалақы көлемінен бұрын сатып алу қабілеті маңызды
Экономист Бекнұр Қисықовтың айтуынша, халықтың тұрмыс деңгейін бағалауда жалақының мөлшерінен бұрын оның нақты мүмкіндігін, яғни сатып алу қабілетін ескеру қажет. Оның сөзінше, жоғары жалақы алған адамның кірісінің басым бөлігі азық-түлікке, пәтер ақысына, коммуналдық қызметтерге, білім мен медицинаға жұмсалса, оның өмір сүру деңгейі айтарлықтай жоғары деп айту қиын.
Сондықтан елдегі әл-ауқатты бағалау кезінде сатып алу қабілетінің паритеті негізгі өлшемдердің бірі болуы тиіс.
Жалақының баяу өсуіне не әсер етеді?
Экономистің пікірінше, жалақының қарқынды өспеуіне бірнеше фактор ықпал етіп отыр. Олар:
- инфляцияның жоғары деңгейі;
- бизнеске түсетін салық жүктемесінің артуы;
- экономикалық тұрақсыздық;
- жоғары жалақы төленетін сапалы жұмыс орындарының жеткіліксіздігі.
Осының салдарынан көптеген жұмыс берушілер қызметкерлердің жалақысын айтарлықтай көтеруге қауқарсыз.
Үкімет: Экономика мен халық табысы арасындағы алшақтық қысқарып келеді
Үкіметтің мәліметінше, пандемиядан кейін жалпы ішкі өнімнің өсімі мен халықтың нақты табысы арасында елеулі айырмашылық қалыптасқан. Өткен жылы ЖІӨ шамамен 6,5%-ға өссе, нақты халық табысы 2–2,3%-ға артқан. Биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 4,1%, ал халықтың нақты табысы 0,1%-ға ұлғайған.
Оқи отырыңыз: Халықтың табысы үш жылдан кейін алғаш рет өсті: 0,1% өсім нені білдіреді?
Орташа жалақы – 461 мың теңге
Ұлттық статистика деректеріне сәйкес, 2026 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстандағы орташа айлық номиналды жалақы 461 мың теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9%-ға жоғары.
Ал ең төменгі жалақы мөлшері – 85 мың теңге.
Үкімет алдағы жылдары ең төменгі жалақыны кезең-кезеңімен арттыру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Билік халықтың табысын көбейтуді экономикалық өсімді жеделдету және инфляцияны төмендету арқылы қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.