Әлемдегі ең қымбат кен орындарының бірі саналатын Қашағанның мұнай өндіре бастағанына екі аптаға енді толған болатын. Қысқа уақыт ішінде сыр берген құбырларды қазір төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тексеріп жатыр. Кен орнындағы жағдай әлі де қауіпті көрінеді. Өйткені құбыр жарылған кезде газ бен күкірт сутегі ауаға таралған. Апат салдарынан зауыт жұмысы уақытша тоқтатылды. Ал бүгін құбыр маңы қазылып, төтенше оқиғаның себептері анықталуда.
Қабылбек Қыстаубаев, Атырау облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
— Жарылыс болған жерді эксковатормен қазып, дәл қай жерден болғанын анықтап, содан кейін жою жұмыстарына кірісеміз. Қазіргі кезде аралдағы және зауыттағы жұмыстардың бәрі тоқтап тұр. Қазып болғаннан кейін белгілі болады. Шамамен екі күн ішінде бітуі мүмкін.