Бүгінгі қылмыс бұрынғылардан өзгерек емес, құдды бір көшірмесі іспетті. Қашанғыдай жалаң қол жігіттерге түрлі компаниялар бір дорба ақша беріп далаға қоя береді. Қарақшылардың да көздегені осы. Қарулы қырғын болады. Ал санаулы сәттен соң қаскөйлер тақымдаған темір тұлпар жақын маңнан табылады. Алматы қаржыға құныққан қарақшылар туралы алғаш 2001 жылы құлақтанды. “Тұран Әлем” банкінің қаржысын тасыған жігіттерге қарулы шабуыл жасалып, бір адам өлген еді. Миллион доллардан астам көк қағаз қарақшылардың қолында кетті. Іздерін суыту үшін өз көліктерін өртеген қылмыскерлердің Мадан Мұхлисов атты баскесердің қолшоқпарлары екенін анықталған. Оларға қарсы 27 том қылмыстық іс қозғалды. Жер жастанған жолдастарын жерлеуге келген кезінде құрықталды олар. Ал 2005 жылы наурызда Абай мен Байзақов көшелерінің қиылысында орналасқан ақша айырбастау бекетінің алдында 3 инкассаторға шабуыл жасалып, екеуі қаза тапқан. 150 мың АҚШ долларын алып кеткен қылмыскерлер сол күйі табылмады.
Бұл 2011 жылдың наурызында қаланың қақ ортасында болған қылмысты көзімен көрген куәгердің сөзі. Қаржы әкетуге келген инкассаторлар далада арқаны кеңге салып тұрған, ал күзетші оларға бір қап қаржыны өзі апарып бермек болыпты. Алайда қарулы қарақшылар бас салып күзетшіні өлтіріп ақшаны алып кеткен. Қаржы тасымалдау ережесін өрескел бұзылғандығынан 40 миллион теңге қолды болды. Қара көлікпен қашқандар сол күйі жоқ.
Бұл қылмыстың қарекеті тіптен бөлек. Ақша айырбастау бөлімінің қызметкерлері 250 мың АҚШ долларын теңгеге айырбастап аламын деген азаматтың үйіне аттанған. Қыруар қаржыны көшеде алып жүруге тұтынушы қорыққан-мыс. Алайда инкассаторлар зәулім үйдің ауласына кірген бетте оларға бетперде киген біреулер бас салады. Жалпы бүгінгіні қоспағандажыл басынан бері Алматыда инкассаторларға 2 рет шабуыл жасалыпты. Бірінде 6 миллион теңге, екіншісінде 50 мың АҚШ доллары қолды болған.