Алматы облысында ауызсудан тарыққан тұрғындар наразылық білдірді - kaz.caravan.kz
  • $ 472.34
  • 541.25
+26 °C
Алматы
2026 Жыл
16 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматы облысында ауызсудан тарыққан тұрғындар наразылық білдірді

Алматы облысында ауызсудан тарыққан тұрғындар наразылық білдірді

Алматы облысында ауызсудан тарыққан тұрғындар наразылық білдірді. Талғарға ауданындағы Айсұлу елді-мекенінде бұл 10 жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселе. Суға деп бұған дейін екі рет миллиондап қаржы бөлінгенімен, құмға сіңгендей жоқ. Жұрт жағдай айтып талай есікті қаққанымен одан ештеңе өнбей тұр. Ал жергілікті шенділер тағы ақша бөлінуін күтіп отыр екен.

  • 1 Қазан 2013
  • 326
Фото - Caravan.kz

Айсұлу ауылының іргетасы 2003 жылы қаланған. Содан бері шешімін таппаған мәселе мұнда жетерлік. Жұрттың алдымен айтатыны ауызсу тапшылығы.

Шәкен Нұрғазықызы, Айсұлу ауылының тұрғыны:

— Әкім осында 6 рет келді. Халық соңғы жиналыстан кейін ашынды. Әкімшілік жағынан бұдан былай су болмайды деп ашық айтылса. Алға қарай үміттенбесек. Болса соған қарай тіршілік жасасақ.

Сырттан тасымалданатын суды ауылдықтар сатып ішеді. Литрі бір теңгеден. Жалпы су жүргізу жұмыстары Айсұлу ауылында екі рет қолға алынған екен. Екі ретінде де бюджеттен қыруар қаржы бөлінген. Бірақ іс сол күйі аяқсыз қалыпты. Ал миллиондар құмға сіңгендей жоқ. Есебін де ешкім білмейді. Жергілікті шенділер енді үшінші рет қаржы бөлінуін күтіп отыр.

Еркебұлан Османбаев, Талғар аудандық Тұрғынүй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы:

— 2014-2016 жылдың бюджеті бекітілгеннен кейін ақша бөлінуі керек. Ақша бөлінсе, 2014 жылдан құрылыс жұмыстары басталады.

Бел ауырып, балтыр сыздай қалса жедел жәрдем де төбе көрсетпейді. Біріншіден мұндағы үйлерде ресми мекен жай жоқ. Яғни не көше, не үй нөмірленбеген. Екіншіден ойқы-шойқы жол. Тұрғындар мұны да өз күштерімен кеңейтіп алыпты. Десе де көрші ауылдарға қатынап оқитын балалар жаңбыр жауса тобықтан балшық кешуге мәжбүр.  


Халық үшін ешнәрсе істегісі келмейді. Жолдың түрі мынау. Ең болмаса жылына бір рет тазалап тұрсын. Бұл басынғандық қой.

Халық қанша талап еткенімен, ауыл әкімі төбе көрсетуге де жараған жоқ. Ал оның сәлемін жеткізген орынбасары жұртты сабырға шақырып, тағы да күте тұруларын сұрады.

Берікгүл Сейітова, Тұздыбастау ауылдық аймағы әкімінің орынбасары:

— Жергілікті әкімдік өзінің құзіретінде ауданға судың, жарықтың, жолдың мәселесі бойынша ұсыныс енгізген. Суға да, светке де жарыққа да жобалық-сметалық жоба жасалған. Тек қана қаражат күтіп отырмыз.

Жұрт жағдай айтып, әр есікті қағудан шаршаған. Берілген уәдеге де күмәнмен қарайды. Дегенмен, билік ең алдымен су мәселесін шешіп бермесе әкімдікпен соттасуға бел буып отыр.