Отқа салса жанбаған, суға салса батпаған, өзін Ұлттық банктің «мәңгілік» төрағасындай сезініп келген Григорий Марченко бүгін күтпеген жерден жұмысынан босатылды. Қадірі кете бастағанын сезді ме, әйтеуір отставкаға кету туралы өтінішті өз қолымен жазыпты. Себебін «отбасылық жағдайыма байланысты» деп қысқа қайырған. Ал ұлттық банк төрағасының өтінішіне президент қарсылық танытқан жоқ.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
— Мен Марченко Григорий Александровичті өзінің жеке өтініші бойынша Ұлттық Банк төрағасы қызметінен босаттым. Ал басшысы ауысқанымен банктің жалпы саясаты өзгермейтін болады
Негізі «атышулы» банкирдің өз еркімен отставкаға кетуін қоғам белсенділері мен депутаттар бірнеше жыл қатарынан көтеріп келді. Әйелдердің зейнет жасын 63-ке ұзартамын деп бұрынғы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов үлкен жанжалмен қызметінен алынғанда Марченко орынтағынан мызғыған жоқ. Айта кетейік, соңында құрдымға кеткен даулы заң жобасының негізгі авторларының бірі дәл осы Марченко болатын. Тіпті ол зейнетақы реформасын талқылау барысында нәзік жандылардың ұзақ өмір сүретініне ешкім кінәлі емес деп таңғалдырған еді.
Григорий Марченко, ҚР Ұлттық банктің төрағасы, 16 мамыр, 2013:
— Әйелдердің ұзақ жасайтынына ешкім кінәлі емес. Ешкім де кінәлі емес, тағы да қайталаймын.
54 жастағы Марченконың қылық шығарғаны жалғыз бұл емес. 1999 жылыбанктегі халық салымдарының көлемі 1 млрд-қа жетсе, сақалын қыратынын айтқаны бар. Уәдесінде тұрды да. Бірақ кейін қайта өсіріп алды. Негізі оның мемлекетпен бекіткен келісім-шарты, 2015 жылдың 1 қаңтарында аяқталуы тиіс екен. Осыны жиі алға тартып шалқайып жүрген Марченко 4 жылға жетпей атынан ауды. Сенат отырысына қасақана келмей, жиі дауға қалатын банкирдің қызметінен өз еркімен кетуін бірқатар депутаттар құптап отыр.
Азат Перуашев, Мәжіліс депутаты:
— Марченко ұлттық банкті басқарған кезінде сенімді ақтаған жоқ. Мысалы, зейнетақы реформасы бойынша қанша сын айтылды. Оның жұмысына жақсы баға бере алмаймыз.
Григорий Марченконың орынтағы ұзақ уақытқа бос қалған жоқ. Енді еліміздің қаржы жүйесіне вице-премьер Қайрат Келімбетов жетекшілік етпек. Осылайша, білікті экономист тәжірбиелі қаржыгер жылы жымиып қана жүретін Қайрат Келімбетов Үкімет үйінен тура Алматыға жол тартады. Өйткені Ұлттық банктің бас кеңсесі оңтүстік астанада орналасқан. Ал зейнетақы қорымда 28 млн теңге бар деп жиі мақтанатын Марченко осымен біржола кетті ме, әлде көлеңкеде қала тұрып жауапты қызмет күте ме бұл жағы әзірше белгісіз.