Білім саласы тағы реформаланбақ - kaz.caravan.kz
  • $ 477.11
  • 545.58
+32 °C
Алматы
2026 Жыл
14 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Білім саласы тағы реформаланбақ

Білім саласы тағы реформаланбақ

Басынан дау арылмаған білім саласын тағы да ауқымды өзгерістер күтіп тұр. Енді сынақ алаңына айналып әбден қожыраған ведомстваны екі ай бұрын тағайындалған жаңа министр Аслан Сәрінжіпов сара жолға салмақшы. Бүгін еліміздің бас ұстазы реформаны мектеп бағдарламасынан бастайтынын мәлімдеді. Ұлттық біріңғай тесттің ережесі жаңартып, ал мемлекеттік жоғарғы оқу орындары жаппай жекенің қолына берілмекші.

  • 30 Қазан 2013
  • 299
Фото - Caravan.kz

Білім министрі Аслан Сәрінжіповтың қызметке кіріскеніне 2 айдан асқанына қарамастан, кезекті реформаға білек сыбана кірісіп кетті. Ауқымды өзгерістің басын мектеп бағдарламасынан бастамақ. Яғни  онсызда түрлі сынақтан көз ашпаған оқушыларды бұрын-соңды адам баласы естімеген әрі  әлемде жоқ мамандықтарға үйретпек.

Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі:

— Қандай мамандық екенін әлі өзім де айта алмаймын. Бірақ, бәрібір өзгерту керек. Жаңа бағдарлама оқушылардың өзбетінше ақпарат іздеп, болашақта дұрыс шешім қабылдауына баулы тиіс.

Бірер жылда ұстаздардың да жүгі жеңілдеп балаларға тек жол сілтеуші ретінде қалмақ. Ал жуырда ғана бюджеттің миллиардтарын желге шашты, тиімсіз деп депутаттар сынаған е-лёнинг бағдарламасы ауыл-аймақтардағы мектептерге ақыры жететін болды.

Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі:

— Қазір бағдарлама жұмыс істеп тұр. Өткен жылы 500 мектепті қамтыды, жыл соңына дейін тағы 500 мектеп қосылады.

Ал жылда үлкен жандалмен аяқталатын ұлттық біріңғай тестілеу де жаңарады. Енді оған оқушының ойын толық жеткізуге мүмкіндік беретін және эссе жазуға міндеттейтін сұрақтар қосылады. Аслан Сәрінжіповтың бұл бастамасына Үкімет басшысы қарсылық танытпады. Алайда, білімге еш қатысы болмаса да бұл салаға «Қазғарыш» басшысының көңілі толмайды екен. Үкімет отырысында Талғат Мұсабаев «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелден білім алып келген мамандардың қолынан түк келмейді деп салды.


Талғат Мұсабаев, «Қазғарыш» агенттігінің төрағасы:

— Соңғы кезде бізге «Болашақ» бағдарламасының түлектері  жұмысқа тұрғысы келеді. Бәрін қабылдай алмаймыз. Әсіресе, шұбырып жүрген бакалаварлардың білімі төмен. Олар сыраханада отырып ағылшын тілін үйренгендеріне мәз.

Түк оқымай сыра ішіп жүреді деген сөзге білім министрі кәдімгідей шамданып қалды. Бірақ камера алдында онысын білдірмеді.

Үкімет отырысында Мұсабаевтан өзгесі Аслан Сәрінжіповты көп тоқпақтаған жоқ. Ал білім саласын басқаруға келген осымен 13-ші  министрдің жоспары көп. Ол еліміздегі жоғарғы оқу орындарын жаппай жекенің қолына өткізбек. Сондай-ақ қазақ тілінде білім беретін мектептердің санын көбейтемін ағынан жарылды. Ал әріптесі Бақытжан Жұмағұловтан қалған былықпен күресіп жемқорлармен аты шыққан ведомстваны  сұғанақтардан аластатуға уәде берді.